32 жастағы Гүлдана Жекенова қалалық перзентханада құрсақтағы шаранасымен бірге көз жұмған, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Марқұмның туыстарының сөзінше, 4-ші баласын ауылда емес, Атыраудағы білікті дәрігерлердің қолында босанамын деп келген оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмепті. Қайғылы оқиғадан кейін кешірім сұрап келген дәрігерлерді қара жамылған отбасы енді сотқа сүйрейміз деп отыр.
Осы оқиғадан соң аты аталған дәрігерлер келіншектің артында қалған жұбайы мен 3 баласынан кешірім сұрап келіпті. Мына кадрларда олар өз кінәларын мойындауда. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы мәлімет бойынша, қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Келіншектің өлімі жазатайым жағдайдан болған дейді ондағылар.
“100 пайыз дәрігер кінәлі деп айта алмаймын. Бірақ жатыр жыртылған, қан кеткен. Алматыдан келген сарапшы аяқ асты болғанын айтады”, – дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова.
Енді жаңа жылдан кейін Астанадан, Алматыдан сарапшылар келеді. Гүлдана Жекенова көз жұмған мына перзентхана қызметкерлерінен оқиғаға қатысты қандай да бір түсінік алу мүмкін болмады. Қазір оқыс оқиғаның мән-жайын тиісті орындар тексеріп жатыр. Ал марқұмның туыстарының арызы бойынша, қалалық прокуротура бүгін сотқа дейінгі тергеуді бастады.