Құтқарушылар мен полицейлер петардаларды пайдалану қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Мерекеде, әрине, отшашу болады. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері базарларды тексеріп жатыр.
«Пиротехникалық бұйымдар ғимараттар мен құрылыстардан 50 метрден жақын емес қашықтықта атылуы тиіс. Көбінесе отшашу, петардалар атылмай қалады, сол кезде адам жанына барып, «неге?», «қалай?» деп қарай бастайды. Сол кезде ол атылып, нәтижесінде жарақат пайда болады», – деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Канин.
Жаңа жыл түні апатпен аяқталмауы үшін петардаларды күмәнді сауда нүктелерінен емес, сенімді дүкендерден сатып алу керек. Петардалар мен отшашуларды сатып алғанда, өнімнің сертификатына, қаптамасына да назар аудару керек. Ең бастысы – жарамдылық мерзімі. Дәрігер Жаңа жылдан кейін көбінесе адамдар осы петардадан жарақат алып, күйіп қалатынын айтады.
«Петардадан аралас жарақаттар пайда болады. Жарақаттар күйікке байланысты. Кейде травматикалық та болады. Негізінен қолдары, беті және көзі зардап шегеді. Өйткені жарылыс толқыны негізінен бет пен кеуде деңгейінде жарылады», – деді балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматологы Әділжан Нұров.