Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Рухани жаңғыру”: қазақ қалай амандасады?

730

 Елбасының өзі осы бүгінгі мақаланың өзегін ашып тұрғандай көрінеді. Неге? 

Себебі, қазақ халқы рухани құндылықтарға өте бай халық. Әдет-ғұрыптар қазақ халқының рухани байлығының айқын көрінісі.  Бұлай болуының өзінің себептері де баршылық. Қазақтардың байырғы өмірі жиі көшіп-қонуды талап ететін мал шаруашылығымен байланысты. Сондықтан өмірдің, тұрмыс-салттың ыңғайымен  өмір сүрген. Бұл жағдай көптеген әдет-ғұрыптардың еркін қалыптасуының пайда болуына жағдай тудырды.

 Осындай әдет-ғұрыптардың ең бастысы амандасу. «Амандасу» деген сөздің өзі айтып тұрғандай адамның аман-есендігін, денінің саулығын білу әрі тілеу.

Қазақтың ғасырлар бойы сайын далада еркін өмір сүруі амандасуға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Байырғы заманнан бері өзгеріске ұшырамай келе жатқан амандасу көбінесе сұрақ-жауап, және тілек түрінде көрініс табады.

Амандасудағы көңіл аударатын маңызды мәселе адамның жасына байланысты. Адамның жасы үлкен ақсақалдармен, әжелермен, аналармен, құрдастарымен, өзінен жасы кішілермен амандасудың өзіндік нақыштары мен бояулары болады. Мысалы: «Амансыз ба? Амансың ба? Аман ба? Аман-есенсіз бе? Есенсіз бе? Есенсің бе? Аман-есенсіз бе? Аман-есенсің бе?» сынды амандасуға: «Аманбыз, өздеріңіз аман-саумысыз?» деп жауаппен амандасып жатады.

«Қайырлы таң! Қайырлы күн! Қайырлы кеш!» деп амандасуларға сол күйінде жауап беріп амандасады. Ал «Кеш жарық!» деп амандасуға «Ешкің арық!» деп сұрақ түріндегі амандасуға ұйқастыра жауап берілген. Бұл ауыл арасындағы бір үйден бір басқа отауға барғандағы, немесе алыс жолдан келе жатып қонуға келген жолаушының, қазақ түсінігінде құдайы қонақпен амандасудың түрі. Бұндағы «Ешкің арық» деген жауап, үйге келген қонақтың да жағдайын білу үшін айтылатын жауап. Бұл амандасудан қазақ даласында мал шаруашылығы басты кәсіп екені байқалады.

Жасы үлкен ер адамдар өздерімен қатарлас әйел адамдарға: «Қалайсыз, бәйбіше, отағасы, бала-шаға аман-есен бе?», бойжеткен қыздарға: «Аналайын, амансың  ба?», сәлем салып амандасқан келіншектерге,  «Жақсымысың келін бала, бақытты бол, ұл тап» деп жылы тілек тілей отырып амандасқан.

Лауазымы биік қоғам мүшелерімен аман-саулық сұрасу бір бөлек болғаны белгілі. Бұрынғы кезде қазақ халқы ақсүйек, қарасүйек деп екі топқа бөлінген. Шыңғыс ханның ұрпағы төрелер мен Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары саналатын қожалар ақсүйек санатында қабылданған. Ал қарапайым халық қарасүйек деп аталған.

Қарапайым қазақтар хан, төре-сұлтандармен амандасқанда оларды «Алдияр» деп атап, екі қолын кеудесіне, немесе тізерлеп тұрғанда оқ қолын оң тізесіне қоюы шарт болған.  Төремен жол үстінде кездесіп қалған жағдайда қарапайым қазақ атынан түсіп бір тізесін бүгіп амандасуы керек болған.  Ал төре оң қолын оның иығына қойып: «Аман ба?» деп жауап беретін.

Хандар елшілердің иығына да қолын қойған. 1756 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың ордасында болған елші Джон Кестль былай деп естелік қалдырған:  «Тез өткен үш сағаттай уақыт алған қабылдау барысында хан менің иығыма қолын қойды. Кейін білуімше бұл адамды силаудың ең үлкен көрінісі екен».

Жалпы қазақта амандасудың тағы бір түрі ақындардың амандасуы. Жыр сүлейлері көпшіліктің алдына шыққанда оң қолын кеудесіне қойып басын иетін болған. Бұндай амандасуға халық көбінесе: «Бар бол!, Өркенің өссін!» деп жауап қайтарған. Себебі қай ақынға болса да халықтың қолдауы керек-ақ. Әсіресе жас ақындарға халықпен осылай амандасу үлкен рухани қуат беретіні сөзсіз. Атақты ақын Кенен Әзірбайұлы дүйім жұрттың алдына алғаш шыққаны туралы өзінің айтуынан белгілі.

Болыс Еркебай Бұғыбазарұлы жас әнші Кененді ертіп көрші қырғыз еліндегі Шабдан Жанбайұлының асына барады. Кезегі келгенде жиналған халыққа амандасып болған соң аруақ шақыра айқайлап алып енді өлең айтайын дегенде Кененнің аузына сөз түспей қалады. Екінші ретінде де дәл солай болады. Сонда көпті көрген бір ақсақал жас ақынға дем бере сөйлеп: – Ер кезегі үшке дейін деген, шырағым, қайта айт, – дейді. Сонда Кененнің аузына мына сөздер түседі:

Мен өзім Дулат деген елден келдім,

Көл Қопа, Қордай деген жерден келдім.

Жас бала жаңа талап мен бір қойшы,

Туғалы мұндай жиын көрмеп едім.

Осылайша бастаған Кенен қызынғаны сонша тоқтамай ұзақ өлең айтады. Жиналған көпшілік дән риза болып, ақындарға сыйлық үлестіргенде Кененге кемер белдік тиеді. Сондағы белдік ақынның қазіргі мұражай-үйінде сақтаулы тұр. Осыдан кейін Кененнің аты кең жайылады.

Бүгінгі күнгі білімді жастар халқымыздың осы ең басты әдет-ғұрпы жөнінде «Ассалаумағалейкүм! –  деп амандасу араб халқының дәстүрі, ал қазақтар исламға дейін қалай амандасқан, деп жиі сұрақ қояды.

Әрине, тарихы сонау біздің дәуірімізге дейінгі сақтар кезінен алатын қазақ ұлтында өзіндік амандасу әдет-ғұрпы болған. Қазақ ұлтының өзіндік төл амандасу әдет-ғұрпында үлкен кісімен “Армысыз”, жасы кішімен “Армысың” деп амандасуы тиіс. “Армысыз” деп амандасқан адамға “Бармысыз”, “Бармысың” деп жауап қайтарылады.

Бұлай амандасудың түп-төркіні он бірінші ғасырда өмір сүрген ғалым Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігінде» жазылған. Қазақ түсінігінде “АР” ұғымының “Адам” және “Ар, ұят” деген мағыналары бар. Сондықтан да байырғы заманнан бері “Армысыз”, “Армысың” деп амандасудың арғы жағында “Арың таза ма ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба” деген сұрақ тұр. Оған “Бармысыз”, “Бармысың” деп, “Өзіңнің де арың таза ма, ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың ба” деп сұрақпен жауап қайтарылып отырған.

Осылайша біздің дана бабаларымыз осылай амандасу арқылы әр қоғам мүшесіне өзін дұрыс ұстауға міндеттеп, ары таза адамдар ғана дамыған өркениеттің биігіне жете алады” деген түсінікті өсиет ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. «Армысыз», «Армысың» деп амандасу жоғарыда келтірілген амандасу үлгілерінің ең бастысы.

 

Бердалы ОСПАН, 

мәдениеттанушы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз