ҚР Энергетика министрлігі АҚШ-тың Ресейге салған соңғы санкциясы Каспий құбыр консорциумын кеңейту жоспарына кері әсер етуі ықтималдылығын мәлімдеп еді.
Осылайша Үкімет Ресей арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайының санкцияға ілініп кету қаупін болжап, өзіндік басқа жоспар жасап жатқандарын да жария еткен.
Әрине, мұндайда бюджеті мұнай табысына байланған Қазақстан экономикасы қиналып қалады. Алайда Үкіметтің бұл пессимистік болжамы орындайлмайтын секілді.
Иә, халықаралық беделді заңгерлік ұйымы осындай бір сүйінші хабарды жеткізіпті.
Қайыргелді Қабылдин
Бұл туралы консорциумның ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі бас директордың орынбасары Қайыргелді Қабылдин айтты деп хабарлады LS басылымы. Оның айтуынша,
АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы Каспий құбыр консорциумына әсер етпейді. Оған халықаралық беделді заңгерлік ұйым кепілдік беріпті. Өйткені мұндай шектеу барлық тарап үшін өте тиімсіз көрінеді.
„Санкция бойынша әр тарап қаржы министрліктерімен қарастырылып, соңғы шешімді АҚШ шығарады. Каспий құбыры консорциумына келетін болсақ, санкция бізді шарпымайды, өйткені ол негізінен қазақстандық мұнайды тасымалдау үшін қолданылады. Бұл құбыр желісінің акционерлері америкалық пен еуропалықтар екендігі белгілі ғой. Сондықтан жаңа санкцияның бұл құбыр желісін қамту ықтималдылығы жоққа шығарылуда„
Егер Каспий құбыр консорциумына шектеу енгізілді деп алатын болсақ, ол үлкен проблема туғызады. Қазақстан үшін де, басқалар үшін де. Мұндайда 50 млн тонна шикізат халықаралық мұнай нарығына жетпей қалады. Ал ол өз кезегінде ірі кен орындарын барлау бағасына ықпал етері сөзсіз. Бұл ешкімге тиімсіз„ – деді ол.
Маманның айтуынша, 25 жылдың ішінде Қазақстаннан жөнелтілетін мұнайдың көлемі 5 есеге өскен.
Қазан айының ортасында құбыр желісінің қазақстандық тарапын жөндеу аяқталады, ал Ресейде жатқанын жаңғырту жұмыстарын тәмамдау желтоқсан айына белгіленіпті. Ал бұдан кейін құбырмен айдалатын мұнай көлемі 67 млн тоннаға көбеймек, оның 52 млн қазақстандық шикізат болады.
Консорциум келтірген дерекке сүйенсек, 1-қазанда Қазақстан 40 млн тонна мұнай жөнелтті, былтыр бұл көрсеткіш 30 млн тонна еді. Ал жыл соңына дейін оны 50 млн тонаға жеткізу көзделіп отыр екен.
Айта кетелік, Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайды Қазақстан – Ресей аумағы арқылы транзитпен экспорттау үшін құрылған. Каспий құбыр желісі консорциумы құрамына әлемнің ірі мұнай-газ саласымен айналысатын 11 акционері кіреді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company, LUKARCO B.V., Mobil Caspian Pipeline Company, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited, BG Overseas Holding Limited , Eni International N.A. N.V. – және Oryx Caspian Pipeline LLC.
Құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асады, Теңіз – Новороссийскіні басып өтеді, ол Қазақстанның батысындағы кен орындарын Қара теңіздің ресейлік жағалауымен байланыстырады.
https://kaz.365info.kz/benzin-nege-tapshy-283305