2017 жылдың наурыз айында Қазақстанда қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасы аздап төмендегенімен, жаңа үйлердің бағасы өзгеріссіз қалды.
Homesters.kz сарапшыларының пікірінше, сәуір айында да қайталама нарықтағы үй бағасы арзандай түспек.
Жалпы, наурыз айында республика бойынша үй бағасы орта есеппен 1 пайызға төмендеді, ал қалалар бойынша, Алматыда 1,3 пайыз, Астанада 0,2 пайыз, Шымкентте 0,7 пайыз, Қарағандыда 1,7 пайыз арзандаушылық байқалған.
Әр қаладағы арзандау көрсеткішінің әртүрлі болуы, сарапшылардың пікірінше, сол аймақтағы сұранысқа байланысты. Мәселен, Астанадағы сұраныстың жоғарылығынан баға бар болғаны 0,2 пайызға ғана арзандаған.
Ал жаңа үйлердің бағасының өзгермеуі, оған сұраныстың жоғары сақталуымен қатар, құрылыс компанияларының бағаны қолдан ұстап тұруы. Компаниялар нарықтағы кішігірім өзгерістерге мән бермей, бастапқы бағасынан түспей тұр.
Сарапшылардың пікірінше, сәуір айында жаңа үйлердегі баға баяғыша тұрақты сақталып, қайталама нарықтағы баспана құны 0,6-0,8 пайызға төмендейді. Ал жыл соңына дейін баға 7-10 пайыз арзандауы тиіс.
Дереккөз: naryk.kz