Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамптың жеңіл жүрісті қыздарымен кездесу үшін Мәскеуге келетін себебі жоқ екенін, өйткені сұлулық сайысын ұйымдастырушы ретінде ол әлемнің ең сұлу қыздарымен араласқан деді.
“Трамптың Мәскеуге қашан келгені есімде жоқ, бірнеше жылдар бұрын болу керек. Ол кезде Трамп ешқандай саяси қайраткер болмаған. Біз оның тіпті саяси амбициясы барын да білмедік. Ол жәй бизнесмен әрі Америкадағы ең бай адамдардың бірі болды. Арнайы қызмет әрбір америкалық миллиардердің ізіне түседі деп ойлайды ма? Әрине жоқ, бұл барып тұрған сандырақ”, – деді Путин баспасөз мәслихаты кезінде.
Путин Трамп жайында “компроматқа” түсініктеме бере келіп, 11 қаңтарда CNN бұл жайында бірінші рет ақпарат бергенін, ал BuzzFeed интернет-ресурсы 35 беттен тұратын құжатты жариялағанын айтты.
Осыдан кейін америкалық БАҚ-та Путин үкіметі Мәскеуге бірнеше рет келіп-кеткен Трампқа ықпал ететін жолдарды ұзақ жылдар бойы ойластырған деген пікірталас болды.