Ақтөбедегі президент саябағында жол апатын жасаған 19 жастағы студент қызға сот үкімі шықты.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жол апатын жасаған Жұбанов атындағы университетте оқитын 19 жастағы Сезім Самұрат 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Айыпталушы соңғы сөзінде қайтыс болған қыздың туыстарынан кезекті рет кешірім сұрады.
Еске салсақ, 7 шілдеде “Сузуки” маркалы көлікті тізгіндеген қыз саябақтың металл қоршауын бұзып өтіп, екі адамды қаққан еді. 18 жастағы Сюзанна Гамидова сол жерде көз жұмды. Қостанайдан келген оның жігіті көптеген жарақаттар алған. Сонымен қатар, апаттан айыпталушының өзі де зардап шеккен. Сот-медициналық сараптамасы көрсеткендей қыз сағатына 91 шақырым жылдамдықпен жүрген.
Мемлекеттік айыптаушы Сезім Самұратты кінәлі деп танып, оның көлік жүргізу құқын 5 жылға шектей отыра, 2 жыл 6 ай жаза кесуді сұрады. Ал қайтыс болған қыздың отбасы айыпталушыны кешіргендерін мәлімдеді.