Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-6
USD
494
+1.68
EUR
520
-3.35
RUB
4.97
-0.03

Пірлерге сыйыну – қазақтың байырғы әдет-ғұрыптарының бірі

1142

Бізді қорғайды, ойлану керек, – деген сөз бар.

Ғалым Рабиға Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты кітабында «пір» сөзі қазақ тіліне Қожа Ахмет Ясауи мен Бақырғанидің хикметтерінің таралуымен енген деп жазады.

Қазақтар пірлерді кейде «ата», «әмірші», «дос», «жаратушы», «ие», «патша», «сәуегей ата» деп атаған. Бұл сөздердің бәрі пір – желеп-жебеуші тылсым күш иелері дегенді білдірген.

Қазақтар ежелден әр нәрсенің өз пірі болады деп білген. Жалпы жұртшылық білетін, есімдері кең тараған төрт түлік малдың пірлері: Ойсылқара, Қамбар ата, Шопан ата, Шекшек ата. Ал сиыр малының пірі Зеңгі баба туралы Әбубәкір Диваев: «Зеңгі атаның шын есімі Әмин баба еді, өте қара кісі (қара нәсілді – Б.О.)  болғандықтан «Зеңгі баба» атанып кеткенін, әкесінің аты Төзқожа, туған, өлген жері Шаш (Ташкент – Б.О.), Зеңгі ата Қожа Ахмет Яссауидің бесінші мұрагері, мүриді болғанын айтады. Зеңгі бабаға Өзбекістанның Янгиюл ауданының жерінде ертеректе ескерткіш орнатылған.

Жазушы Сәбит Мұқанұлы «Халық мұрасы» тарихи-этнографиялық еңбегінде мынадай мәлімет келтірген: «Үстірт жайлауының солтүстігіндегі терең сайдың жағасында «Шопан-ата» дейтін мыңдаған адамдардың қабірі бар». Жазушы осыкітабында: «Қазақ Атымтайды жомарттықтың атасы көргенімен, Қасымды олай көрмейді. Өйткені қазақ ұғымында Қасым Атымтайдай пейіл жомарты емес, байлықтың жомарты» деп жазған.

Халық кейбірде бір құбылыстың бірнеше пірі бар деп сенген. Мысалы, Шегірбаян – құс атасы болса, Қызылқан – құс  әміршісі әрі қаздың жаратушысы деп қабылданған. Қазақ сахарасында талай жыл ғұмыр кешкен поляк революционері Адольф Янушкевич жыландардың әміршісі болатынын, «Айдағыр, немесе падшадай жылан» деп аталатынын, түсінің сүттей аппақ болатынын жазып кеткен.

Ғалым Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар» атты еңбегінде мынадай өлең жолдарын келтірген:

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

Бата алған тамам бақсы асқан ата.

Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,

Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.

Бұдан жыраулардың да, бақсылардың да пірі Қорқыт болғанын білуге болады. Бақсылар зікір салғанда қолдайтын пірі Жирентай болса, кейбір бақсылар өздерінің пірі Қараман деп білген.

Беделді түрколог ғалым Алтай Сәрсенұлы Аманжолов қазақ бақсыларының жебеушілерінің бірі Ақмарал болған деген дерек келтіреді.

Ал, жазушы Сәбит Мұқанұлы ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан туралы зерттеу еңбегінде: «…Шоқан Ұлытаудағы Бағаналы елінен шыққан Қойлыбай бақсы туралы ертегілерді баяндай кеп, оны «барлық бақсылардың пірі болған» деп дәріптейді» деп жазады. 

Досмырза бақсы өз сарынында:

Жын атасы Бөрлібай,

Шақырғанда келдің бе-ай  –

дегені  жындардың да пірі болғанын дәлелдейді.

Егіншілер жер жыртып болған соң, дән егетін кезде «Уа, Дихан баба, құрт-құмырсқа, жан-жануарлардан қалғаның менікі, ауадан жаудыр, жерден өндір, бала-шағаның ризығын өэің жеткір» деп Дихан бабаға сыйынатын болған.

Ұлбике Жанкелдіқызы батыр-ақын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлымен айтысқанда:

Айта ғой білгіш болса, ей Мәделі,

Сұраймын: құс атасы не болады? –

деп сұрақ қояды. Сонда Мәделіқожа іркілмей былай деп жауап берген:

Кем ақыл сен білмесең мен айтайын,

Болады құс атасы Шегірбаян.

Кең далада ғұмыр кешкендіктен тұрмысында жолаушылап жүру де кеңінен орын алғандықтан қазақтар жолаушының да желеп-жебеушісі бар деп сенген. Шоқан Уәлихан жазып алған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында:

Құлдан өлген болар ма мұндай ғайып,

Үндемеді ол бастан бабам Қайып, –

деген өлең жолдарына «Баба Қайып, Қайып-ерен – халық жырында қамыққан жолаушыға көмек беретін досы» деп түсініктеме берілген. Бұдан пірлерді кейде дос деп атағанының рас екенін білуге болады. «Қыз Жібек» эпосында ғашықтардың пірінің есімі Зылиха-Жүсіп деп жырланады.

Ел билеуші тұлғалардың да пірлері, мысалы Тәуке ханның пірі – Мүсірәлі, Абылай ханның пірі – Жалаңаяқ Әздер болғаны тарихтан белгілі.

Абылай ханның пірі туралы аңыз-жырлардан білуге болады. Хан пірінің шын есімі Қалмұһаммед Бақмұхаммедұлы, ел арасында Әз Жалаңаяқ – Жалаңаяқ Әздер – Жалаңаш баба есімімен белгілі болған әулие.  Жалаңаяқ Әздер туралы Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» дастанында:

Қолдаушың жалаңаяқ пірім болсын,

 Бар! – деді Абылай сонда бетін басып, –

деген өлең сөздері бар. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәліметі бойынша жалаңаяқ Әздердің жатқан жері Созақ қорғанының күнбатысы, әулие Бабай түкті Шашты Әзіздің қасы.

Сүйімбай ақын Тезек төреге айтқан бір сөзінде:

Хан Тезек, төремін деп дүрілдейсің,

Қожаны ақ сәлделі пірім дейсің. –

дегені төрелердің қожаларды пір тұтынғанын білдіреді.

Адамдар өнердің де пірі бар деп сенген. Ілияс Жансүгірұлының 1934 жылы жазылған «Күйші» поэмасында күйшілердің пірі Күй атаның есімі келтірілген:

Бұл сорлы күйді неге үйренді екен?

Күйата бұған дарып жүрген бе екен? – деген жолдар бар.

Қазақ ақындары да пірлерге арқа сүйеген. Құлыншақ Кемелұлы бір өлеңін:

Бісміллә деп бастайын

Медет тілеп пірлерден. –

деп бастайды.

Кейбірде өнер иелері өздерінің ұстаздарын пір санаған. Ақын Бақтыбай Жолбарысұлы өзінің түсіне кіріп, бойына ақындық шарапат дарытқан ел арасында Қабан аталып кеткен Қабылиса Асанұлын аузынантастамаған:

Қабан атам дейтұғын,

Менің пірім болады.

Жамбыл ақын жиырма жасында бата алған ұстазы туралы:

                            Менің пірім – Сүйінбай,

                            Сөз сөйлемен сыйынбай, –

деп жырлағаны белгілі. Жамбылдың 1874 жылы Талдықорған жағындағы атақты ақын Бақтыбаймен айтысқанда:

Қаздай қалқып ерінбей,

Өлең тердім жасымнан.

Майлықожа, Құлыншақ –

Пірім еді бас ұрған, –

деп айтқаны өнер адамының бірнеше тұлғаны пір санайтынының дәлелі.

Қазақтың ұлы биші қызы Шара Жиенқұлқызы киімнің пірі болатынын өзінің Египет елінде өткізілген шығыс билерінің дәстүрлі сайысына қатысқанын еске ала отырып былайша баяндайды: «Бір кезде қазақ күйінің күмбірлеген үні құлағыма келді. Қалайша ортаға жұлқынып шыққанымды білмедім! Басымдағы үкілі кәмшат бөркім, желбіршегі мол төгілген көйлегім – менің қанатым секілді, көтеріп кетті. Қос бұрымдағы шолпы сыңғыры саз беріп, би екпінін ширата түскендей. Жылдар бойына байқағаным: қазақтың ұлт киімінің өзіндік «пірі» бар, билегенде қолтығыңнан демеп шалқытып жіберетін тәрізді».

Түрлі маман иелерінің де пірлері болады. Қазалы мен Торғай аймағында дихандар мен көшпенді малшылардың құралы шығырдың, және оны жасаушылардың пірі туралы мынадай өлең сақталған:

Шығырдың шын атасы Әлі-Шынар,

Шынарға сиғызбаса шығыр сынар.

Әліге шынар менен хуп сыйынан,

Қашан да тәңір оңғарып ісің тынар.

Орақ пен орушының қасиетті жарылқаушысы, пірі әзірет Жалман болса, кейбір деректерде пайғамбар Салық делінеді. Бастырылған бидайды ұшыруға дауыстап желдің иесін: «Мірхайдар, кел, Мірхайдар» – деп шақыратын болған. Төменгі Сырдария қазақтары желдің пірі Жалаңаш ата деп білген.

Пірлердің ерте заманнан келе жатқанын, бес ғасыр бұрын жасаған ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» атты еңбегі де растайды. Осы еңбегінде ол пірлерді деректі ата деп «үш жүзге ортақ деректі 92 ата» пірлердің аттарын келтірген. Бұдан басқа жетімдердің, елді мекендердің, өз пірлері бар. Бүгінге дейін Шымкент қаласының пірі Дәруіш атаның және басқа пірлердің басына зиярат етушілер баршылық.

Бұл рухани үрдіс, бүгінгі күнде де өз жалғастығын табуда. Дарынды биші Шұғыла Сапарғалиқызы бірде журналистің: «Әлемдегі ұлы бишілерден кімді пір тұтасыз?» деген сұрағына: – Дүние жүзінің би әлемінде көрнекті тұлға аз емес. Бірақ мен үшін ес білгеннен қазақ бишісі Шара Жиенқұловадан асқан шебер жоқ. – деп жауап берген.

 Қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің пірі – атақты қаз дауысты Қазыбек би екені белгілі.  

Бердалы ОСПАН,

Мәдениеттанушы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз