Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
13
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Перуашев : Жер телімдерін шетелдіктерге жалға беруіміз керек

Ауыл шаруашылығына арналған телімдерді шетелдіктерге сатамыз деп, жұрттың жаппай ашуын келтірген шенеуніктер қазақ үшін жердің қаншалықты қымбат екенін жақсы ұққан сынды. Үкімет бұл жолы Жер туралы заң жобасына енгізілген әр өзгеріске аса мұқият қарапты.

Сонымен, егін егіп, мал асыраймын деген кез-келген адамға жер жалға беріледі. Ақысыз, пайдаланушы мемлекетке тек жер салығын төлейді. Алайда, фермер міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс. Шетелдіктерге  жапырақтай да жер жоқ.

«Жалға берілетін жер ең бірінші кезекте бизнес жоспары бар адамға  беріледі. Айталық,  мен осындай өндіріспен айналысамын десе, оның есеп-қисабын көрсетуі тиіс»,-дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Сондай-ақ, шенеуніктер әр 5 жылда фермердің жұмысының нәтижесін тексермек. Министр топырақтың құнарлығын құртқандардан жерді қайта тартып аламыз деп отыр.

Ал латифундистердің меншігіндегі жерге Үкіметтің тісі сол күйі батпаған екен. Десе де, ірі компаниялардың да не егіп, жерді қалай пайдаланып жатқаны тексерілмек. Алдағы уақытта дәл осылай бір адам мыңдаған гектарды жалғыз иеленіп алмауы үшін, жалға берілетін жердің аумағына шектеу қойылмақшы.

«Өздеріңіз білесіздер, ірі, әсіресе, мына солтүстік өңірде бидай өндіретін немесе дәнді-дақылмен айналысатын компанияларда жүздеген мың гектар жердің бір қолда екені белгілі. Осыны ескеріп, жалға бергенде де шектік мөлшерді енгізу осы заң жобасында қаралып отыр»,-дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Ал кімге қанша жер берілетінін жергілікті әкімдер шешеді. Жалпы, қазір елімізде ауыл шаруашылығына арналған 102 миллион гектар жер бар. Оның 1 жарым миллионға жуығын жеке компаниялар сатып алған.

Қалғаны бос жатыр. Айта кету керек, негізі, бұл заңда шетелдіктерге жерді жалға беру қарастырылған. Бірақ, ол бапқа Президент уақытша 5 жылға мораторий жариялан болатын. Бұл мерзім аяқталған соң жағдай өзгеруі мүмкін. Сондықтан, депутаттар шетелдіктерге телімдерді жалға беру мәселесін тағы  көтерді.

« Мысалы, Голландия, Германияның компаниялары келсе, жаңа агротехнология әкелсе, инвестиция құйса. Біз неліктен олардан бас тартуымыз керек? Меніңше, керісінше біз оларды шақыруымыз керек, үйретсін»,-дейді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Ал Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды Қазақстанмен шекаралас елдердің азаматтары мен компанияларын жерге жолатпау қажет дейді депутат. Былтыр Үкімет ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктерге сатпақ болған.

Сөйтіп, Жер кодексіне өзгеріс енгізген еді. Жұрттың жаппай наразылығынан кейін Парламент өзі қабылдаған құжатты кері қайтарып алды. Ал президент өзге елдің азаматтарына жерді жалға беру мен сатуға 2021 жылға дейін мораторий жариялады.

Жер кодексін әзірлеген сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков  отставкаға кеткен болатын.

Ал Жер қатынастары туралы жаңа заң жобасын Мәжіліс әлі екінші оқылымда қарайды. Құжат күшіне енсе, қазақтар келесі жылдан бастап телімдерді жалға алады.

Шетелдікпен некеге тұрған ел азаматтары да жерді тегін пайдалануға құқылы. Оларға тек шекараға жақын орналасқан учаскелерді беруге тыйым салынған. Бүгін төменгі палатада жайылымдар жайлы да сөз болды. Үкімет мемлекетке қажет деп, 28 миллион гектарды жеке адамдардың қолынан сатып алмақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз