Павлодар қаласының тұрғыны Елизавета Калиева дәрігерлердің салғырттығына наразы. Жас ана қызының қолының шынтақтан төмен бөлігінің жоқтығына ақ халаттыларды кінәлап жатыр.
Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
Елизавета Калиева жүкті болған кезде ультрадыбыстық зерттеуден үш рет өтіпті. Десе де, ұрықтың денсаулығында ешқандай ауытқулар анықталмаған. Дәрігерлер жүктілік мерзімі ұлғайған кезде ғана баланың қолдары жоқ екенін байқаған. Жас отбасы нәрестеден бас тартқан жоқ. Бүгінде олар бес айлық Интисарды тәрбиелеп жатыр.
«Дәрігерлердің барлығы қала тұрғындарына жақсы таныс. Олар осындай жағдайдың орын алуына сапасы нашар медициналық құрал-жабдық себеп дегенге келтіріп отыр. Ультрадыбыстық зерттеуден үш рет әртүрлі жабдықта өттім. Сонда емханалардағы УДЗ аппараттарының барлығы сапасыз деген сөз бе?» – дейді жас ана.
Ана қызының болашағына алаңдаулы.
«Балам балабақшаға, мектепке қалай барады? Қолым жоқ деп айтқанда, қалай түсіндіремін? Дәрігерлер жазасын тартса деймін. Сол себепті ішкі істер органдарына шағымдандық. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – дейді Елизавета.
Осы жағдайға байланысты Павлодар облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің өкілдері тәуелсіз сараптама жүргізген.
«Сараптама қорытындысы бойынша ультрадыбыстық зерттеу жұмыстарының толыққанды жүргізілмегені анықталды. Яғни, жүктілік мерзімі 23 апта болған кезде ұрықтың патологияларын нақты анықтамаған. Сараптама нәтижелері облыстық ішкі істер органдарына жолданды. Енді процессуалдық шешім қабылданады», – дейді департамент басшысы Ирина Сорокина.
Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары әзірге қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Істің нүктесін сот қояды.