Павлодар қаласындағы мейрамханалардың бірінде өткен үйлену тойынан кейін 20 адам сальмонеллез жұқтырып, ауруханаға жеткізілді. Тағы 14 адам үй жағдайында емделуде. 7 маусым күні өткен тойдан кейін тұрғындар іштің өтуі, қызу көтерілуі сынды белгілермен дәрігерге жүгінген. Келесі күні дәл сол мейрамханада басқа той қонақтары да ұқсас шағыммен ауруханаға түскен.
Тексеру кезінде мекеменің санитарлық талаптарды бұзып жұмыс істегені анықталды: рұқсат құжаттары болмаған, ал қызметкерлер медициналық тексерістен өтпеген.8 маусымда тойхана жұмысына тыйым салынғанымен, сол күні тағы бір той өткізілген. Сараптама нәтижелері құқық қорғау органдарына тапсырылмақ.
«Сальмонеллез – тағам арқылы жұғатын бактериялық инфекция. Ол көбіне дұрыс термиялық өңделмеген ет, сүт, тауық өнімдерінен тарайды», – дейді инфекция бөлімінің меңгерушісі Қымбат Қарамолдина.