Павлодарда мектепке тәжірибеден өтуге келген төрт студент қыз 8-сыныпта оқитын оқушы қызды ұрып тастаған.
«Мұнан кейін қыздардың бірі менің шашымнан ұстап, басымды тізесіне соққысы келді. Қалған үш қыз маған арт жақымнан жабылып, шашымнан сүйреп, киінетін бөлмеде сүйреледі.
Олар мені лақтырып жібергенде, орындықтың шетіне қабырғаммен қатты соғылдым»,
– дейді зардап шеккен оқушы.
8-сынып оқушысының әкесі студент қыздардың қатігездігіне қайран қалып отыр. Ол қызын дәрігерге алып барған. Оның бүкіл денесі көгеріп қалыпты. Ендігі олар сот-медициналық сараптаманың нәтижесін күтіп отыр.
«Сыныптастарының бірі оларға жүгіріп барып, қызыма тап бергендердің біріне тосқауыл болмақ болыпты. Алайда олардың бірі бұрылып: «Саған не керек? Қазір сен де таяқ жейсің», -деген. Мен кінәлілерді жазалағанын қалаймын», – дейді оқушының әкесі.
Белгілі болғандай, мектепте тәжірибеден өтіп жатқан 4 қыз қаладағы колледждердің бірінде 2-курста оқиды екен. Олардың бәрі кәмелет жасқа толмаған. Үш жылдан кейін дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің дипломын алуы тиіс еді. Алайда ендігі олар оқудан шығып қалуы мүмкін.
«Қыздар жақында жарысқа барып келген. Олар осы семестрді тәмамдайды, содан кейін оқудан шығарамыз. Себебі олар болашақта мұғалім болып жұмыс істей алмайды. Мұғалімнің бойынша мейірім, тәртіп болуы тиіс», – дейді колледждің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директоры Күнсұлу Елубаева.
Төбелеске не себеп болғаны сотта анықталатын болады. Белгілісі, оқушы қызды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі арашалап қалған.
Ал студент қыздар әкімшілік айыппұл төлеуі мүмкін. Десе де оқушының қорғаушысы олардың «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылуын талап етіп отыр.