Павлодар облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында екібастұздық кәсіпкерден 100 млн теңге бопсалаған алты ресейлік пен бір Қазақстан азаматына үкім шықты, деп жазады pavlodarnews.kz.
Оларға ҚР ҚК 194-бабы 4-бөлігі (қорқытып алу) және ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігі (қаруды заңсыз иемдену немесе сақтау) бойынша айып тағылуда. Сот үкімі шығарылған кезде күдіктілер тергеу изоляторында болды, олар үкімді веб-байланыспен тыңдады. Сот қазақстандықты екі бап бойынша айыпты деп танып, тоғыз жылға, ал ресейліктерді ірі көлемде ақша бопсалағандары үшін сегіз жылға соттады.
«Жетеуі де қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтейтін болады», – деп үкімді оқыды судья Құдабай Сұлтанов.
Еске салайық, алғашқы сот ісі биыл ақпанда басталды. Ресей Федерациясының – Кавказ тумалары мен Қазақстан азаматы екібастұздық бизнесменнен 100 млн теңге бопсалады деген күдікке ілінген.