Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Павлодарда апалы-сіңілі қыздарды басып кеткен жүргізуші қамауға алынды

“Жол апатынан зардап шеккен қыз бала бірден жан сақтау бөліміне жатқызылды. Бас сүйегі қатты жарақат алған. Қазір жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Тиісті ем-дом жасалып жатыр”, – дейді Павлодар облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсара Тәмпішева.

Ал трамвайды тізгіндеген жүргізушіні қазір полицейлер тергеуде. Тәртіп сақшыларына жеткіншектерді аңғармай қалғанын жеткізген 30 жастағы азаматша кінәсін толық мойындап отыр.

“Осы жол апатына қатысты «Көлік тізгіндеген азаматтың жол қозғалысы ережесін бұзуы салдарынан адам өлімінің орын алуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар да тағайындалған. Күдікті әйел үш тәулікке уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды”, – дейді Павлодар облысы ІІД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Руслан Аспанов.

Оқыс оқиға жеткіншектер білім алып келген мектеп мұғалімдерін де есеңгіретіп жіберген.Үлгілі оқушысынан айрылғандарына ұстаздар әлі де сене алмай отыр.

“Екі қыз да өте жақсы оқиды. Сынып жетекшілері жылап еңіреп айтып жатыр. Міндетті түрде жерлеуіне көмек көрсетеміз. Екіншіден, баланы қойғаннан кейін мектепте, әрине аза тұту болады”, – дейді №4 мектеп директоры Нұржиан Бәтесова.

Жеткіншектерді таңертең мектепке аттандырған қыздардың анасы оларды жалғыз тәрбиелеп келген. Үш баласымен жатақхананы паналаған оның күйеуі де екі жыл бұрын қайғылы жағдайда қаза тапқан екен. Ал трамвайды тізгіндеген азаматша бұл қызметте бес жылдан бері жұмыс істейді. Әзірге уақытша ұстау абақтысына қамалған әйелдің 6 жасар қызының барын айта кетейік. Десе де, кінәсі дәлелденген жағдайда ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал трамвай басқармасындағылар қаза тапқан қыздың отбасына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеп отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз