Павлодарда 200-ге жуық жер үйді су басып қалды

Бұл жолы қала жұртын жер астынан шығатын тіршілік нәрі әбігерге салуда. Тұрғындардың айтуынша, оған бұрынғы су сорғыш станцияны бұздыртып тастаған жергілікті атқамінерлер кінәлі. Соның кесірінен кейбір баспаналардың жертөлесі сөгіліп, қабырғалары жарылып жатыр. Ал жергілікті биліктен еш қайыр көрмеген тұрғындар енді Ақордаға хат жазбақшы.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Екінші Павлодар аталып кеткен ықшамаудан тұрғындарының айтуынша, жерасты сулары оларды үш жылдан бері әбігерге салумен келеді. Бастапқыда көшелерде жайылған су кейін аулаларды түгел басыпты.

Тұрғындардың айтуынша, Кеңес одағы кезінде бұл ауданда су сорғыш станция болған. Бірақ ол 9 жыл бұрын алынып тасталыпты.Содан бері жер асты суы көтеріліп, көшелерді су басады екен.Соңғы екі жылда су тіпті үйлерге де кіре бастаған. Кесірінен баспаналардың жертөлесі сөгіліп, қабырғалары жарылған.

Ал жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр болған Сағындық Сарбасов әбден сыз тартқан бөлмелерде тұру мүмкін болмай кетті дейді. Жертөледен күнде шелек-шелек су шығаратын зейнеткер бұлай жалғаса берсе, үйім мүлде құлап қала ма деп үрейленіп отыр. —

«Су ортан белден келді. Ал басында 20 мыңға сорған, енді қазір күнара машинамен сорғыздыртып отырамыз.  Дәл осындай күйге түскен 200-ге жуық үйдің иелері бұған жергілікті атқамінерлерді кінәлауда. Айтуларынша, олар ескі болса да істеп тұрған су сорғыш станцияны бекер бұздыртып тастаған. Ал жаңасынан пайда жоқ»,-дейді Сағындық.