Танымал ғалым Қанағат Жүкешев қазақ тіліне қатысты өзекті мәселелердің ұшығын тарқатыпты. Ол не дейді?
Қазақ тілін неге үйренбейді?
Қазақ тілінде басқалар оқуға татитын әдебиет болу керек. «Ауылым», «ауылдағы туған бауырым», «құда балам» деген тақырыптардың оларға керегі шамалы.
Смартфонды басып қалсаң, туысқандар туралы 99 ән шығады. Шетелге барып, «сват мой» деп, әндетіп көр – қалай болар екен: жатып алып күледі.
Мысалы, оларға «балдызым» деген сөзді жеткізіп көр – «сестра моей жены» деп…
Енді корпустық лингвистикаға келейік.
Ең жиі кездесетін үш мың сөзді білген адам кез келген мәтіннің 85 пайызын түсінетін болады.
25 жылдың ішінде қазақ тілін аптасына 4-5 рет оқытып, осы үш мың сөзді қолдандық па? Біздің оқытып отырған сөздеріміз жиілік принципінен алынған жоқ.
Тіл үйренушілерге «жиеннің ішіндегі жиеншар», «немеренің неменесі» деген сөздерді оқыту қажет пе?
Олардың орнына балаларға күнделікті өмірде, тұрмыста қолданылатын, қызметке қатысты жиіліктегі сөздерді үйрету керек еді.
Оқулықтағы текстің барлығы сол сөздерден құрылуы тиіс болатын. Сөйтіп, үш мың сөзден тұратын әдеби корпус жасап алып, содан кейін, оны 10 мыңға, одан 12 мыңға жеткізуге болар еді.
Осыны жасап алғаннан кейін, қазақ тілінің сөздігіндегі 98 мыңын емес, 50 мың сөзін толық нормаға түсірген кезде, тіл үйренушінің бәрі тез арада қазақ тілінде сайрап кетеді.
Нормаланған 10 мың сөздің өзі қазақ тілінде іс жүргізуге мүмкіндік берер еді. Ал осы 10-12 мың сөздің сыртындағы сөздер – жалпы халықтық тіл болар еді.
Әрине, осы бағытта ғылыми істер жасалып жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Диссертациялар, монографиялар жазылып жатыр.
Бірақ солардың ішіндегі терминология да түсініксіз. Ғылыми терминология қатып қалған, ешкім бұза алмайтын, басқа мағынада қолдана алмайтындай болу керек.
Мен қаншама оқулықтарды қарап шықтым – түгел қате. Оқулықтардың авторлары терминологияны ажырата алмайды.
Мысалы, «стиль» деген сөздің материалын зерттейді дейді. Сөздің материалы деген –сөздің өзі. Ол –лексика!
Тіліміздің дамымауының түпкілікті себептерінің қатарына өркениеттер жатады. Қазақтың 45%-ы ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысады. Демек, қазақ тілінің ауылда тұратын қазақпен байланысы бар.
Ғылымда «стадиальная теория развития» деген ұғым бар. Ол – қоғамдардың бөлінуін білдіретін ұғым. Бұндай жағдай тарихта талай рет болған.
Қоғамда индустрия пайда болғаннан кейін, «цивилизационный разлом», «өркениеттік жарылыс», «өркениетті екіұдайлық» дейтін түсінік орын алды.
Ол халықтардың ішкі рухани екіұдайлылығына алып келді. Мысалы, Ресейде халық батысшылдар және славянофилдер болып бөлінеді.
Батысшылдарға –І Петр, Екатериналар жатады, ал Ленин, Сталин, Путин – славянофилдер.
Қазақтарда да осы жағдай қалыптасып отыр.
Қазақтардың екіұдайлылығының ерекшелігі – біріншілері ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысады, екіншілері – қалада тұрып, өндіріспен айналысады.
Әуелден ауылда тұрғандар – қазақ тілді болады да, қалада тұрып, өндіріспен айналысқандар – орыс тілді.
Осы түйсіктердің орнығуы «өркениеттің екіұдайлығына» алып келді. Әрине, бұл жерде Кеңес Одағы саясатының сарқынында жатыр.
Фото: nur.kz