Гүлжан Қарағұсова көп қазақ отбасына ортақ жалақыға қатысты ащы шындықты Үкіметке жеткізіп, Мәжілісте цифрларды сөйлетті. Бұл цифрларға қарап-ақ кез келген қазақ басын шұлғып, көзіне жас алып, жүрегі ауырады. Өйткені бүгінгінің нақты шындығы осы…
„Коммуналдық төлем – 15-20 мың теңге. Оның үстіне, көп қазақ пәтер жалдап тұрады. Жолақыға кететін шығыны да көп. Баласын балабақшаға берсе, ол да ақша. Сонда халық қалай күн көріп жатыр мына жалақыға? Осыны ойлап көрдіңіздер ме? Өзі білесіздер ме, бізде 25 мың теңге алатын адамдар бар? Иә, біздің елімізде мардымсыз жалақыға өмір сүріп отырғандар аз емес, көп олар. Мысалы…
Міне, осы Астанада. 18 жастан асқан мүгедектермен жұмыс істейтін “Нұрлы жүрек” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деген бар.
Жұмыстары ауыр. Физикалық, моральдық, тіпті психологиялық жағынан да. Ал алатындары түкке тұрғысыз.
Мұндағы санитар қолына 30 924 теңге, тәрбиешінің көмекшісі 28 247 теңге, ас үй жұмысшысы 27 390 теңге алады. Бұл осы Астанадағы жалақы. Өмір сүру қалпы қымбат қаладағы.
Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес, әлеуметтік қызметкерлер деген бар бізде. Жұмыстары ауыр. Жалқысы 26 мыңнан 40 мың теңгеге дейін„ – деді Қарағұсова мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлер жалақысының аздығына ашуланып.
Тағы бір ащы шындық.
Мұндай аз жалақымен олар мемлекеттік бағдарламамен пәтер де ала алмайды екен. Өйткені несие қайтаруда олар төлем қабілеті төмен топқа жатқызылатын болып шықты.
Өстіп белгілі бір әлеуметтік топтың қаржылық мүшкіл халін суреттеген депутат оның себебін іздеп, нақты фактілер келтірді. Осы арада Қарағұсова ханым баз біреулердің қылмысын әшкерелей де салды.
https://kaz.365info.kz/khajdagy-sharua-deputat-ykimet-bolgen-arzan-nesieni-shynynda-kimder-alatynyn-ajtty-293895
„2016 жылдан бастап елімізде республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілген. Бұл рас нәрсе.
Жаңа жүйеге көшу арқылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын 28 процентке, білім және ғылым қызметкерлерінің жалақысын 29 процентке дейін көтеру жоспарланған. Солай емес пе еді?.. Ал нақтысында не болды? Білмесеңіздер айтып берейін, 2016 жылы білім қызметкерлерінің жалақысы одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,4 процентке, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі бар-жоғы 0,7 процентке ғана көтерілген.
Ол ол ма, 2017 жылы білім қызметкерлерінің нақты орташа жалақысы 4,4 процентке, ал әлеуметтік қызметтер және денсаулық сақтау қызметкерлерінікі 4,3 процентке азайған.
Ал бұл не деген сөз?
https://kaz.365info.kz/kelesi-zhyly-zejnetakhy-osedi-osylaj-degen-ministr-dyjsenova-khandaj-khulykhkha-bardy-286649
Бұл іс жүзінде білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің жалақысы көбеюдің орнына азайған деген сөз”, — деп депутат айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Бұдан соң Қарағұсова ханым бар гәптің қайда жатқанын да нұсқап берді.
Сөйтсек, біздегі базалық лауазымды жалақы көлемі тіпті ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтін боп шықты. Бұл логикаға сыймайтын нәрсе ғой.
Бірақ шындық осы. Сонда жалақыны белгілейтіндер қайда қарап отыр?.. Еңбек министрлігі дегендей. Мүмкін әдейі көрмеген боп отырған шығар. Бюджеттің ақшасын қарпып үйренгендер оны халыққа қимай отыр ма, қалай?..
“Жалақысының осыншалық аз болуына лауазымдық жалақыны есептеу кезінде қолданылатын базалық лауазымдық жалақы деңгейінің төмендігі басты себептердің бірі болып отыр. 17 697 теңге көлеміндегі базалық лауазымдық жалақы 2011 жылы бекітілген.
Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40 проценттей аз және жеті жыл бойы өзгермеген.
Сондықтан бұл арада базалық лауазымдық жалақыны заңмен бекітілген айлық жалақының ең төменгі көлемімен алмастыру керек”, – дейді Үкіметке жолдаған өзінің депутаттық сауалында Гүлжан Қарағұсова ханым.
Әрине, Гүлжан Қарағұсова ханымның цифрға жүйрік екенін жақсы білеміз. Кезінде ол Еңбек министр боп тұрғанда: „Бір сиыр, 5-6 тауығы бар адам кедейге жатпайды„ деп халықтың қытығына тиіп еді. Енді ортақ қазаннан ауыз кеткен соң қара халыққа беті бері қарайын дегені ме? Онда шаруамыз жоқ, ал мына айтып тұрғаны таза шындық. Бұл арада осындай сауатты сөз жарыс керек. Мүмкін расымен де енді төменгі жалақымыздың өзі де көбейіп қалар. Ендеше, осы депутаттық сауалыңыздың жауабын қадағаларсыз деп көп өзіңізге үміт артады.
https://kaz.365info.kz/kylkili-bolsa-da-ashhy-shyndykh-ykimet-12-zhyl-tamakhtyn-bagasyn-ozgertpej-esep-berip-keledi-256069
Айта кетелік, кеше ғана Статистика комитеті елімізде орташа жалақы көлемі 160 мың теңге деп ақпарат таратты. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға жоғары көрсеткіш.