Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Отбасын ажырасудан сақтап қалудың негізгі жолы

123

Иә, дұрыс қой. Бірақ, оны кім тыңдайды?.. Біздің қоғамда көптеген мәселенің маңыздылығын түсіну үшін «ауырып алып» қимылдайтынымыз қынжылтады. Басымызға таяқ тимейінше ойланбаймыз. Бұл тек қана жеке адамдардың ауруы емес, жалпы қоғамымыздың ауруы. Атап айтар болсақ, бір мекемеде басшылық проблема шыққаннан кейін ғана қимылдап, айналасына көңіл бөліп, пікірлеріне құлақ сала бастайды. Жалпы халық та сол…

Отбасы иниститутында да жағдай осының айналасында. Көптеген отбасылық проблеманы болып қойғаннан кейін ғана ойлана бастаймыз. Мысалы, жастар үйленер алдында отбасы құрудың маңыздылығы, жар таңдау, ер немесе әйел адамның психологиясы, бала тәрбиесі секілді мәселелерді ойланбайды, арнайы өзін дайындамайды. Көзді жұмып, «бірнәрсесі болар», «көппен көрген ұлы той» деген сөздерге сүйеніп, үйлене салады. Өкінішке қарай, көп ұзамай ұйқыдан оянады. «Бірнәрсесі болар» дегенмен де көп нәрсенің бола салмайтындығына көзі жетеді. Өкініші өзегін өртеп бара жатса да, қолдан келер ешнәрсе жоқ. Өйткені, пойыз өтіп кетті. Ажырасушылардың 40 пайызы алғашқы төрт жылда ажырасатындығын ескерсек, отбасылық өмірге саналы түрде дайындықтың қажеттілігі айтпай-ақ түсінікті болады деп ойлаймын.

Отбасы құрған жұбайлар да ауруы асқынып, иммунитеті әлсірегенше шара қолдануға асықпайды. Араларындағы ұрыс-керіс үлкейіп, сезімдері әлсірегенде ғана дабыл қағып, шешім іздей бастайды. Көптеген жұбайлар ажырасудың табалдырығына жеткенде ғана мамандардың көмегіне сүйенеді. Кейбіреулері бірден соттың алдынан бір-ақ шығады. Ерлеріміз әйелі бала-шағаны алып, төркініне кетіп қалған кезде ғана отбасысының қадірін түсіне бастайды. Бірақ осы кісілердің бәрі жоғарыдағы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана сөзді ең кемінде бірнеше рет естіген адамдар. Естіген, бірақ сезіне алмаған. Егер сезінгенінде отбасы құра салған күнінен бастап, сезімдерін суытпаудың жолын қарастырып, жұбайын бағалап, шаңырағын шайқалтпаудың жолын іздер еді.

Бала тәрбиесі де ауырғаннан кейін ем ізделетін мәселелердің қатарында. Баламыз бізге қарсы сөйлеп немесе мектебіне шақырып, ескерту жасағанға дейін алаңсыз жүре береміз. Баламыздың мазамызды алмай, үнсіз ғана жүргеніне алданамыз. Бірақ, оның ішкі жан дүниесінде қандай дауылдар болып жатқанын елемейміз де. Баламызға көңіл бөліп, бірге уақыт өткізуге «уақытымыз жоқ». Телефонды шұқылап, әлеуметтік желі парақшаларын шарлауға немесе теледидардан әртүрлі бағдарламаларды көруге табылатын уақыт, неге екенін, баламызға келгенде жоқ болып, табылмай қалады. Баламызға уақыт арнап, көңіл бөлуіміз үшін баламыз бұзықтық жасауы тиіс.

Міне, осы қате түсінік балаларымыздың тәрбиесіне айтарлықтай кері әсер етуде.

Кейде осы мәселелерді айтып, арнайы семианарларға шақырсаң немесе кітап оқуды ұсынсаң, «бізде бәрі жақсы», «семинарға барсақ, проблемасы бар екен деп қалады» деп жатады. Сол кезде «бұл кісілер отбасылық мәселелерге атүсті қарамай, өзін дамытып отыруы үшін, міндетті түрде, проблема шығуы керек пе?» деп ойланып қалады екенсің.

Қысқа қайырар болсам, отбасылық құндылықтарымызды құнсыздандырып алмай тұрғанда саналы әрекетке көшуіміз керек деп ойлаймын. Дана халқымыздың даналыққа толы сөздерін түсініп, өзіміздің ажырамас қағидаларымызға айналдыруға шақырамын!

Дереккөзislam.kz

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз