Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Отандық авиация және ғарыш зерттеулеріне АҚШ-тан инвестиция келмек

Форум жұмысына екі елден 100-ден астам компания қатысты.

«АҚШ – Қазақстанның жетекші инвесторларының бірі. Бұл мемлекеттен біздің ел экономикасына 40 млрд доллардан астам қаржы салынған», деген Асқар Мамин Chevron, Exxon Mobil, General Electric, Halliburton-ді қоса алғанда, энергетика, машина жасау, өңдеу саласы, өндіру секторын дамытуда ірі америкалық компаниялармен бірге табысты өзара іс-қимылдың жолға қойылғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы АҚШ-қа ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне айналды. Сапар барысында 7 млрд долларға жуық сомаға бағаланған сауда және инвестициялық келісімдерге қол қойылды.

Уағдаластықтар авиация және ғарыш зерттеулері, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымдық даму саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.

– Мемлекеттер басшылары қабылдаған бірлескен мәлімдеме мен жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар өзара іс-қимылдың барлық негізгі бағыттарында стратегиялық серіктестікті едәуір кеңейтуге және тереңдетуге жол ашады, – деді Асқар Мамин.

Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы нарыққа барынша бағдарланған ел. Қазақстанға өңірдегі барлық Жалпы ішкі өнімнің 70 пайызы және аймаққа салынатын тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының 80 пайызы тиесілі. 2018 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша еліміздің Жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызға өсті және орташа мерзімді перспективада оның өсуі жалғасады деп күтілуде. 2018 жылдың 8 айында сыртқы сауда 22 пайызға өсті. Биыл сыртқы сауда көлемі 100 млрд долларға жуық болады деп күтілуде, ал экспорт жалпы сауда айналымының 65 пайызын құрайды.

– 2017 жылғы шілдеде құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы инвесторларды қорғау жөніндегі негізгі мекеме. АХҚО Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубайдағы жетекші қаржы орталықтарының үздік тәжірибелерін негізге алуда. Платформаның серіктестері – NASDAQ америкалық биржасы, Morgan Stanley және Goldman Sachs ірі америкалық қаржы ұйымдары, – дей келе Асқар Мамин шетелдік капиталдың қатысуымен 24 мыңнан астам компания Қазақстанда табысты бизнес жүргізіп жатқанын мәлім етті.

Олардың 700-ден астамы америкалық компаниялармен бірге құрылған. Бұлар Қазақстанға халықаралық капитал мен үздік тәжірибелерді тартуда, аймақта, сондай-ақ халықаралық деңгейде қазақстандық экспортқа артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруда маңызды рөл атқарады.

«Қазақстан Үкіметі америкалық сауда миссиясының сапарын екі мемлекет лидерлерінің келісімдерін жүзеге асырудың ажырамас бөлігі ретінде қарастырады», – деді Асқар Мамин.

Өз кезегінде АҚШ Сауда министрі өз елінің Қазақстанмен ынтымақтастық бағыттарын әртараптандыруды жалғастыруға ниетті екенін хабарлады.

«Егер бұған дейін америкалық капиталдың негізгі бағыттары Қазақстанның өндіруші және энергетикалық секторы болса, бүгінде біз инфрақұрылымды дамытуға, өңдеу, машина жасау, агроөнеркәсіп кешенін және бірқатар басқа да жоғары технологиялық салаларды дамытуға қаржы салуға ниеттіміз», деді ол.

Мәртебелі мейман жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды, соның ішінде «ашық аспан» қағидаты бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ары қарай іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Құжат Қазақстан мен АҚШ қалалары арасындағы ұшып-қону шектеулерін алып тастауды көздейді. Бұл жақын арада екі ел арасындағы жолаушылар мен жүк тасымалының көлемін едәуір арттырады.

  • Форум аясында бірінші вице-премьер А.Маминнің және АҚШ-тың Сауда министрі У.Росстың қатысуымен 8 құжатқа қол қойылды.

Фото: nationalgeographic.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз