Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Өрлеу дәуірі»: қазақ ауылының тыныс-тіршілігі қалай өзгерді

244
Маған ең алдымен ұнағаны – күнбағыс алқабы. Ол сондай әдемілігімен көз тартады. Екінші ұнағаны – адамдар. Олар сондай қарапайым, мейірімді, асып-саспайды және, бастысы, өз ісінің шеберлері.
Біз Жарма ауданына бардық. Жол бойында бізді Әуезов кентінің әкімі Ержан Сәрсенов қарсы алды. Өзі қарапайым жігіт. Осы өңірдің тумасы. Көп сөйлемейді екен. Бірден іске кірісіп, бізге кентті аралатайын деді. Мұнда аралап көруге тұрарлық жерлер баршылық екен. Олар – салынып жатқан мәдениет үйі, жөндеуден өткізілген мектеп, балабақша, жаңа хоккей алаңқайы және тағы басқа көптеген орындар. Енді бәрін ретімен айтайық.

Біріншіден, мұнда алтын өндіріледі. Бақыршық кен орнынан соңғы өнімдер 1997 жылы алынған дейді Ержан Аманбайұлы. Тау-кен өндіру кәсіпорыны тұралағаннан кейін кент тұрғындарының жағдайы да нашарлай бастады. Көп адам жақсы өмір іздеп, үйлерін тастап кетіп жатты. Ал 2014 жылы кен орнын ресейлік компания қолға алды. Қазір мұнда үш мыңға жуық адам тұрады. Тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқандар әлі бар.

— Бізде жергілікті тұрғындардан бөлек, вахтамен жұмыс істейтіндер де көп. Жас отбасылар келіп жатыр. Яғни миграция жағынан түйткіл жоқ. Демографиялық өсім де жақсарып келеді. Ұзаққа созылған карантинге байланысты бізде де беби-бум болып жатыр, – дейді әкім күліп.

Біз ең алдымен кенттегі саябаққа бардық. Ол жерде су жаңа «хоккей қорабы» деген бар. Үлкен алаң, жаңа көгал және алаңда ойнап жүрген балалар… Мұнда жұрт жазда мини-футбол, ал қыста хоккей ойнайды екен. Жақында ғана Металлург күні құрметіне турнир өткен. Жарысқа бүкіл ауданнан адамдар келіпті.

Сосын Бақыршық орта мектебіне бардық. Ол 1973 жылы салынған. Ал бір жыл бұрын мұнда «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында 300 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Мектепке жақын жерде мәдениет үйі салынып жатыр. Ол шамамен 400-450 адамға шақталған. Ашылу салтанатын еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластыру жоспарланып отыр. Мәдениет үйі ашылса, кентте тағы 8 жұмыс орны пайда болмақ.

Алтын өндіру компаниясы бірнеше жыл бұрын Әуезовтегі 180 орындық «Аққу» балабақшасын қалпына келтірген еді. Бұл екі қабатты ғимарат 20 жылдай қаңырап тұрған. Енді ол тұрғындардың мақтанышына айналды. Осы балабақшаның арқасында кенттегі мектепке дейінгі білім мәселесі толық шешіліп, қырықтан астам жұмыс орны ашылды.

 «Бұл ғимаратқа неге шетелдік компания жөндеу жүргізді?» деген сұраққа әкім:

«БГП ЖШС мен Жарма ауданының әкімі арасында жыл сайын өзара әлеуметтік- экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумқа қол қойылады. Онда кәсіпорынның біздің инфрақұрылымды дамытуға көмектесу жайы қаралған», – деп жауап берді Ержан Сәрсенов.

Мұндағылар кент тұрғындарының жағдайын да ұмытпайды. Әуезовте Елеусіз Жаңғыбекова басқаратын әйелдер альянсы бар екен. Бұл әйел осы кентте туып өскен. Осында тұрмысқа шығып, балалы болған. Елеусіз апайдың ұлдары мегаполиске кетіп қалмай, Әуезовтегі өндіріс орнында жұмыс істеп жүр. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін үйде отырудан іші пысқанын айтады. Сөйтіп Елеусіз Жаңғыбекова кентте ең белсенді адамға айналды.

– Мысалы, зейнеткерлерді, ардагерлерді құттықтау керек болса, сондай шаруалармен Ержан Аманбайұлы екеуміз бірге айналысамыз. Немесе жас жұбайлар бір-бірімен ұрсысып қалып жатса, оларды міндетті түрде татуластыруға тырысамыз. Тіпті керек болса, әкімнің алдына алып барамын, – дейді Елеусіз Жаңғыбекова.

 Әуезовтің тұрғындарымен сөйлесіп болған соң Шалабай ауылына жол тарттық. Онда да көретін нәрселер бар екен.

ШҚО-дағы 77 ауыл әкімінің 8-і әйел. Солардың бірі – Шалабайдың басшысы. Жанар Есембаева мұнда 30 жылдан бері тұрады. Ол әкім болудың қиын екенін айтады. Бірақ осы қызметті 12 жылдан бері атқарып келеді. Сол уақыт аралығында талай нәрсе жасалды.

«Мен ауылдың барлық тұрғынына ауыз су тартқызып бергенімді мақтан тұтамын. Мектепті жөндеуден өткіздік. Жолдарды жөндедік. Бастысы, мектеп ғимаратына әжетхана орнаттық», – дейді Жанар Есембаева.

 Ауылды аралай жүріп, «Жаттығу залы» деген жазуды байқадық. Бұл мұндағы ең танымал орындардың бірі екен. Оны кәсіпкерлермен бірлесіп салған. Бірақ ішіне кіре алмадық. Өйткені карантинге байланысты жабық тұр.

Шалабайдың қақ ортасында үлкен әрі әдемі балалар алаңқайы тұр. Негізі, ол Алматы немесе Нұр-Сұлтандағы балалар алаңқайларынан еш кем емес. Бірақ оған кіру ережесі қатаң екен. Ойнап жүрген балаларды алаңқайға аяқ киіммен өткізбей қойды. Жақында оған жаңа көгал төселген. Сондықтан кроссовкамен кіруге қатаң тыйым салынған екен.

Қысқасы, 2020 жылы инфрақұрылым мәселелерін кешенді шешу аясында осы тектес жобалар болашағы бар 20 ауылда жүзеге асырылған. Ал әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 52 жобаны іске асыруға 8,1 миллиард теңге бөлініпті.

2021 жылы 44 ауылда 93 жобаны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінген. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 847 жұмыс орнын (30-ы тұрақты, 817-сі уақытша) ашу жоспарланған. Ал салық төлемдері 1 359,3 миллион теңге болады делініп отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз