Орал қаласында отбасында шу шығарып, бала-шағасын зарлатқан ер адам қоғамдық жұмыстарға жегілді. Бұл Қазақстанда алғаш рет қолданылып отырған жаңа жаза түрі. Бұған дейін мұндай құқықбұзушылықтар үшін тек әкімшілік қамау шарасы қарастырылған болатын.
Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, Орал тұрғыны мас күйінде жанжал шығарып, әйеліне балағат сөздер айтып, қорқытқан. Бұл әрекет отбасылық тыныштықты бұзу және сыйламаушылық ретінде бағаланған.
1 қыркүйектен бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұған дейін «отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қайшы әрекеттер» (ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы) үшін тек әкімшілік қамау қарастырылған болатын. Енді соттың балама құқығы бар – қоғамдық жұмыстарға тарту.
4 қыркүйекте БҚО соты алғаш рет осы норманы қолданып, құқықбұзушыға 40 сағат қоғамдық жұмыс жазасын бекітті. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін атқарылатын болады. Осылайша, Орал жаңа заң нормасы іс жүзінде алғаш қолданылған қалаға айналды.