Оңтүстік Қазақстан облысы Қарабұлақ ауруханасында анасы өлімші етіп сабап, комаға түскен бала есін жиды, деп хабарлайды “Отырар” жергілікті басылымы.
Неге екені белгісіз анасы баласын өткен демалыста соққыға жыққан. Бала ауыр хәлде Қарабұлақ ауруханасының жансақтау бөліміне түскен.
Бөлім меңгерушісі Еркін Сармановтың сөзіне сүйенсек, жәбірленуші бассүйек-ми жарақатын алған, бүйрегіне зақым келген, денесінде көптеген жарақаттар, үшінші дәрежелі тыныс жеткіліксіздігі, үшінші дәрежелі травмалық шок болған.
Күдіктінің ағасының айтуынша, әйел адам ата-анасынан ерте айырылып, туған-туыстары мен достарының үйінде тәрбиеленіпті. Жақындарының пайымдауынша, бала күнгі жан күйзелісі әйелдің жүйкесінің сыр беруіне әкеп соққан.
Дәрігерлердің мәліметінше, жәбірленуші есін жиып, жасанды тыныс алу құрылғысынан ажыратылды, дегенмен жағдайы аса ауыр.
Баланың анасы Сайрам уақытша ұстау изоляторында отыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.