Талғар полициясы үйінен қашып кеткен оқушыны іздеп тауып, ата-анасына қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство хабарлағандай, 15 қарашада Талғар АІІБ-ге Бесағаш ауылының ерлі-зайыпты тұрғыны өздерінің кәмелетке толмаған қызының жоғалғаны туралы шағым түсірген. Жергілікті мектепте жоғары сыныпта оқитын оқушының бір тәулік бұрын із-түзсіз жоғалғаны анықталды. Ата-анасы қыздың бұдан бұрын үйінен ұзақ уақытқа хабарсыз кетпегенін мәлімдеген. Аудандық полиция жоғалған оқушы қызды іздеу шараларын жүргізді.
«Іздеу шаралары барысында 15 жастағы оқушы қыз Алматыдағы ойын-сауық парктерінің бірінен табылды. Ол дін аман туыстарына қайтарылды. Оқушы қыз өзінің бұл әрекетін туған ауылындағы өміріне көңілі толмай, ата-анасының үйі қызықсыз болғандықтан деп түсіндірді», – деді облыстық полицияның баспасөз қызметінде.