Ақпарат және коммуникациялар министрлігі XXIII қысқы Олимпиада ойындарының көрсетілімін жүзеге асыратын құқыққа ие компаниямен келіссөздерді аяқтады.
Бұл туралы ведомство басшысы Дәурен Абаев Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
«Біздің министрлік XXIII қысқы Олимпиада ойындарының көрсетілімін жүзеге асыратын құқыққа ие компаниямен келіссөздерді аяқтады. Ел тұрғындары Олимпиада ойындарын ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында отандық арналардың тікелей эфирінен тамашалай алады.
Дүниежүзі назар аударатын дүбірлі доданы «Хабар», «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары тікелей трансляциялау құқығына ие болды.
Мәселен, «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары 150 тікелей трансляцияға шығуды жоспарлап отыр», – деп жазды министр желідегі өз парақшасына.
Абаевтың айтуынша, «Хабар» арнасы барлығы 100 рет тікелей эфирге шығады. Сонымен қатар, Олимпиада күнделігін көрермен назарына қазақ және орыс тілдерінде ұсыну жоспарланған.
Демек, Пхёнчханға арнайы барған тілшілер тобы соңғы ақпараттармен күнделікті бөлісіп отыратын болады.
«Оңтүстік Кореяның алаңдарында ел намысын қорғайтын жерлестерімізге тек қана жеңіс тілейміз! Алға, Қазақстан!», – деп жазды министр.