Ерлан Сағадиев бүгін үкімет отырысында мұғалімдердің жұмысын қалай жеңілдетпек екенін айтып берді.
Білім министрлігі бірыңғай ақпараттық жүйе құрмақ. Бұл жүйе министрлік үшін де тиімді, әрі мұғалімдердің жұмысын да айтарлықтай жеңілдетпек. Министр Ерлан Сағадиев жоспарымен бүгін үкімет отырысында бөлісті.
“Біз ақпараттық жүйелерді біріктіріп, тәртіпке келтіріп жатырмыз. 73 ақпараттық базамыз бар. Олар деректерді 4 негізгі платформаға, атап айтқанда, ұлттық білім беру деректер базасы, электронды күнделік, бұлтты бухгалтерия және жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесіне жеткізетін болады. Бұл төрт платформа өзара және өзге мемлдекеттік органдармен ақпарат алмасатын болады”,
— деді Сағадиев.
Ал мұғалімдер не ұтады?
Ең алдымен, сыныптарды онлайн бақылауға, толығымен қағазсыз есепке көшуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге аттестациядан өту үшін қажет мұғалімнің бүкіл жылдардағы барлық еңбектері өзінің “жеке кабинетінде” болады. Осылайша мұғалімдердің жұмысын айтарлықтай жеңілдету көзделіп отыр.
“Әділет, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің деректер базасын кіріктірсек, бүгіннен бастап мұғалімдердің үй-үйді аралауын тоқтатуға дайынбыз. 100 мыңнан астам мұғалім жылына екі рет барлық үйлерді аралап, оқушылардың деректерін жинайды. Бұл жұмысты енді істемей- ақ қоюға болады. Өйткені бұл мәліметтер деректер базасында бар”, — деді Сағадиев.
“Мұғалімдер жылына екі рет бір ай бойы жүздеген үйді аралайды. Әрбір үйдің есігін қағып, санақ жүргізетін. Оларды иттер де тістейтін, түрлі қауіптен де қашып жүретін. Енді мұны жасаудың қажеті жоқ. Бірінші кезең наурызда басталуы керек. Біз мұғалімдерді осындай жұмыстан босатуды көздеп отырмыз”, — деп атап өтті министр.
Дереккөз: sputniknews.kz