Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

“Олар мойындамайды”. Танымал жазушы шалақазақтардың қорқынышын ашып айтты

122

Билік буындарындағы шенеуніктерді іс-әрекеттерінде ұлтшылдық сезім билейді деп айта алмаймыз, олар тіпті ұлтшыл атанудан қорқады. Ұлт мәселесінің дұрыс шешімін табуын, негізінен, қоғам белсенділері ғана көтеруде. Бірақ үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетілмегендіктен, ұлт мүддесін көздейтін ұсыныстардың көпшілігі баяғы тіленшілік деңгейде қалып қойды ма деймін.

Менің ұғымымда

Өткеннің кертартпа тұстары советтік заманда қанға сіңірілген ұғымдар тұтқынынан шыға алмауымызда жатыр. Айталық, большевизмнің солақай билігі салдарынан қазақ халқы үш дүркін ашаршылықты бастан кешіп, айтып жеткізгісіз ұлттық апатқа ұшырады. Ал билеуші партия мен Кеңес өкіметі қазақ халқына жасаған қылмыстарын реформаторлық әдемі ұрандармен бүркемелеп, қалың жұртты соған сендірді.

Сырттан келіп босап қалған кеңістікке, көшпенділер сүйегі үстіне қоныстанғандар шындықты білген жоқ.

Дүрілдетіп, социализм көрігін қыздырумен жүрді де, жанама түрде болса да, қазақтың ұлттық мүдделерінің шектелуіне әсер етті. Өз елінде ұлттық азшылық деңгейіне түсірілген қазақ халқын орыстандыру үдерісі патшалық тұсындағыдан да қарыштап, екпіндей қанат жайды. Әрі оның идеологиялық тұрғыдан қамсыздандырылып, сәтті жүргізілгені соншалық –

ана тілін ұмытқан және сонысын мақтаныш көретін қазақтың үлкен бөлігі тұтас бір халыққа айналып кетті.

Олар өзгермейді

Тіпті тәуелсіздік дәуірінде де олардың көбі ана тіліне қайырыла қоймады, ең бастысы, олар әдемі ұран жамылған орыстандыру саясатының құрбаны болғандарын әлі күнге дейін мойындаған емес. Қайта соларын, ана тілін тәрк етіп, тілі түгіл, ділі де тонын айналдырып, орыстанып кеткендерін мақтаныш тұтады.

Қазіргі түрі қазақ, тілі мен ділі орыс болып кеткендердің өз тегіне деген кісі шошырлық көзқарасын көргенде еске түседі: самодержавие қамытынан құтылып, жаңа империя туын көтерген шағымызда төңкеріс көсемі, нөмірі бірінші большевик Ленин орыстанған өзге тұқымдының орыстан өткен шовинист екенін ескертіп, ұлттар теңдігін күйттеушілерді сақтандырған еді.

Тәуелсіздік дәуірінде ұлттық мүдделердің толығымен қорғалмай, ұлт мәселесінің іс жүзінде жаңаша қордалануына, ең түсініктісі болып табылатын тіл тағдырының өзінің ойдағыдай шешіліп болмауына солардың қарсы әрекеттері себеп болып келеді.

 Менің ойымша, барша жұртты қазақ төңірегіне тығыз топтастырып, қазақ мүддесін жалпыұлттық мүдде ретінде қорғауға жұмылдыратын, тиісінше ел бірлігін арттыра түсетін шарт – халықты тарихпен тәрбиелеуде, қазақтың кеңес тұсында жабық болған қаралы тарихы арқылы тәрбиелеуде жатыр.

Қазақ ұлтшылдығының алдағы міндеті қандай?

1917-1933 жылдары үш дүркін орын алған жасанды ашаршылықтар кезінде тікелей – 4 жарым миллион, жоғалтқан ықтимал табиғи өсімді қосқанда – 10 миллиондай жаннан айырылдық. Аштан қырылғандар көмілген жер-жердегі қорымдарды анықтап, басын қарайту, елді мекендерде ескерткіштер қою, өлкетану мұражайларында арнайы бұрыштар, бөлімдер ашу, еврейлердің қоңыр індет құрбандарына арналған «Яд ва Шем» («Жад және Есім») музейі іспетті арнайы зерттеу орталығы, танымды экспозициялары бар көрнекі ғылыми орда жасақтау арқылы осы қаралы кезеңдер шындығын жұртшылыққа әсерлі жеткізу жайын ойланған жөн. Мешіттер мен шіркеулердің 31 мамыр қарсаңындағы жұмада жамиғаттарына ашаршылық құрбандары жайында арнайы уағыз айтуын дәстүрге айналдыруы қажет.

Қазақ ұлтшылдығының алда тұрған аса зор міндеті, шынында да, ұлттық мемлекет құру болуға тиіс. Ұлттық мемлекеттің көзге ұратын бірінші белгісі – мемлекеттік тіл екені мәлім, рас, бізде ол бар, тек қағаз жүзінде ғана.

Егер мемлекеттік тілді өз мәртебесінің деңгейіне көтеру, яғни қоғамдық-саяси функциясын күрт арттырып, қолданыс аясын мейлінше кеңейту мәселесін бұдан әрі де жүзеге асырмай сөзбұйдаға сала беретін болсақ, осы күндері жұртшылықты тәп-тәуір сергіткен жаңа науқан – қолданыстағы реформаланған кирилл графикасын латын графикасына ауыстыру шарасы оң нәтиже бермейді. Шындап келгенде, ұлттық мемлекетте барлық оқу орындарында оқыту тілі – мемлекеттік тіл болуға тиіс.

Қаршадайынан үш тілге баулынған балада, академик Рабиға Сыздықова апайымыз атап айтқандай, ана тілі деген ұғым болмайды, ал мұндай жағдайдың қазақ ұлтшылдығын алаңдатпауы мүмкін емес.

Меніңше, ресми билікте жүргендер, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардағы белсенді ұлтшыл азаматтар күллі қоғами және саяси жұмыстарын қазақтың осы уақытқа дейін шектеліп келе жатқан құқықтарын қалпына келтіру жағына бағыттауы керек.
https://kaz.365info.kz/shala-aza-tar-bilip-zh-ri-der-na-yz-aza-tar-bizge-bauyr-emes-orystildi-aza-233647

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз