Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
2
USD
446
-0.83
EUR
475
-0.80
RUB
4.78
-0.01

«Олар ертең не істейді?» Қазақ журналисі орысша оқығандардың болашағына алаңдауда

145

Сонымен, мұндай алаңдаушылыққа негіз бар ма, шынымен, орысша білім алғандар ма болшақта Қазақстанға керек болмай қала ма?

Статистика не дейді?

«Азат ел болғалы ширек ғасыры өтіп, екінші ширегін де бастадық.

Қазір Қазақ Елінде қазақ тілінің тағдырына алаңдаудан гөрі, қазақ тілін білмейтіндердің ертеңіне алаңдайтын кез келді.

Қазақ тілін қолданушылар күн санап артып келеді. Оған бірден бір себеп – қазақ халықының табиғи өсімі. 2003 жылдан бастап елімізде табиғи өсім көрсеткіші үдемелі өсуде. Қазақстан халқының саны 18 миллионға жетсе, оның 30 пайызға жуығын жасөспірімдер, 60 пайызын жастар мен ересектер, 10 пайызын егде кісілер құрайды.

Тәуелсіздік алған жылдары қазақтың саны 50 пайызға жетпесе, қазір 70 пайыздан асты.

2016/2017 оқу жылында 1-сыныпқа 380 мың бала барса, мектеп бітірушілер 136 мың болып, оның 90 мыңы қазақ мектептерін бітірген түлектер.

Кешенді емтихан тапсырып оқуға түскендерді қосқанда, жоғарғы оқу орындары студенттерінің 80 пайызы қазақ топтарында білім алады.

Ал 1- сыныпқа кірген 380 мың баланың да басым бөлігі де қазақ мекетебіне кіріп отыр.

Бір мектепте жиырмаға жуық қазақ сыныбының ашылғанына таңданбайтын болдық.

Міне, мұның бәрі ана тіліміздің болашағы жарқын, мәңгі жасайтының айғағы. Десе де, әлі осы беталысты түсінбей, қазақ тілін үйренуге құлықсыздық танытып жүргендер де жоқ емес.

Реформа тек қазақтілділерге тиімді

Жыл сайын мектеп бітірушілердің 30 пайыздан астамын орыс және өзге тілді мектептерді бітірген түлектер құрайды. Алайда олардың арасында болашағын Қазақ Елімен байланыстырғысы келмейтіндер де жоқ емес.

Бүгінгі таңда еліміздегі жоғарғы оқу орындарында студенттердің тек 20 пайызы ғана орыс тілінде білім алуда. Осы студенттердің арасында қазақ, орыс және басқа ұлт өкілдері бар.

Бір қарағанда, 20 пайыз мардымсыз көрсеткіш көрінгенмен, бұл дегеніңіз болашақта орыс тілді мамандарға елімізде сұраныс болмай, олар жұмыссыз қалмай ма деген қауіп тудырады.

Бірнеше жылдан бері білім беру саласындағы үш тілділік реформасы жоғарғы оқу орындарында жүре бастады.

Бірақ, жүзеге асырылып жатқан осы реформа қазақ топтарына ғана тиімді болып отыр.

Мәселен, университеттерде ағылшын тілі тек қазақ топтраына оқытылып, студенттеріміздің арасынан үш тілді толық меңгерген мамандар жоқ емес. Алайда орыс топтарына ағылшын және қазақ тілінде сабақтар берілмегендіктен, бітірушілер тек бір тілді – орыс тілін ғана игеруде.

Негізінде, еліміздегі үш тілділік ұғымы Қазақстандағы тұрып жатқан әр азаматтың бірінші кезекте мемлекеттік тілді білуге міндеттелетінін, өзінің ана тілін білуді және шетел тілін игеру құқықығын білдіреді.

Кім кінәлі?

Елбасының биылғы жылғы  «Болашаққа бағдар – рухани жаңару» атты мақаласында да үш тілділік білім беру жүйесінде де басымдылық мемлекеттік тіл – қазақ тіліне берілетіндігі баса жазылған. Қазіргі кезде елімізде тілдік қысым болмағанымен, Қазақ Елінде қазақ тілі бірте-бірте басымдыққа ие болары сөзсіз.

Елбасымыз барша халықтан мемлекеттік тілді міндетті түрде білуді талап етпей, кеңшілік жасап отырғанымен,

болашақта мұндай талаптың күшейетіні дау тудырмас.

Сол кезде бүгін тек бір тілді ғана білім алып жатқан орыс топтарының түлектері жұмыссыз қалуы әбден мүмкін.

Сол кезде олардың обалы кімде болмақ?

Қазіргі білім беру жүйесінде ме? Әлде елімізді, оның мемлекеттік тілін сыйламағанымен қоймай, ұрпағынның болашағын осы мемлекеттің ертеңімен ұштастыруға көрегендігі жетпеген ата-анада ма? Жоқ, бар кінә әр азаматының мемлекеттік тілді білуін талап етуді ерте бастан жолға қоя алмаған мемлекетте ме?

Менің ойымша, жауапкершіліктің негізгі салмағы үкіметке түсетін сияқты.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі мен қолданушылары көбейгенімен, басшылық орындар мен өндіріс басшылары ғана емес,

қазақ ғылымында бір ауыз қазақ тілін білмейтін ғылым докторлары да аз емес.

Ол аз болғандай тағы да бір ауыз қазақ тілін білмейтін магистрлер мен PhD докторларды дайындап жатырмыз. Сонда бұның бәрі болашақ жұмыссыз мамандардың үстіне жұмыссыздарды қосу емес пе?!.

Сондықтан, балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап, докторанттарымызға дейін қазақ тілін білуін талап етуіміз керек. Балабақшаға келген әр балаға мемлекеттік тілі үйрете бастаумен бірге, білім берудің әр дәрежелі орнында мемекеттік тілді талап еткен жөн. Балабақша мен мектепте әр баланы ұлтына қарамай, оның мемлекеттік тілді білуге мүмкіндік жасап, жоғарғы оқу орнына түсетін әр азаматтан мемлекеттік тілді білуді талап ету керек.

Сөзден іске көшейік

Қорыта айтқанда, ертең қазақ тілін білмейтін мамандар жұмыссыз қалмау үшін келесі дүниелерді жүзеге асырған жөн.

Біріншіден, мектеп бітірушілер жоғарғы оқу орнына түсу үшін тапсыратын ҰБТ-да қандай мектепті бітірсе де қазақ тілінен емтихан тапсыруға міндеттеу керек. Яғни,

ҰБТ-ның жаңа ережелері бойынша «Оқу сауаттылығы» деген емтихан тек қазақ тілінен ғана болуы қажет.

Орыс мектебін бітірушілер онсыз да мектепте тіл және әдебиеттен емтихан тапсырады. Мелекеттік грантты тағайындауда мемлекеттік тілді білу басты көрсеткіш болу керек.

Екіншіден, жоғарғы оқу орына түскеннен кейін орыс топтарына қазақ тілінде пәндерді енгізу керек. Жылдан жылға қазақ тіліндегі пәндерді көбейтіп,

университет бітіріп шыққанда жас мамандар мемлекеттік тілде еркін жұмыс жасай алатындай дәрежеге жетуге жағдай жасау.

Үшіншіден, жоғарғы оқу орындарынан кейінгі магистратура мен докторантурада бөлімінде білім алуға үміткерлердің емтиханына да қазақ тілін қосу. Магистранттар мен докторанттардың шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялауға міндеттелуімен қатар,

қазақ тілінде де ғылыми мақалалар жазуды талап ету.

Қазақ халқының табиғи өсімі мен ұлттың рухының өсуіне байланысты қазақ тілі қолданушысының саны да артып, мәртебесі де көтеріліп келеді. Бұл дегеніңіз тіліміздің мемлекеттік дәрежесіне күмәндануға негіз жоқ деген сөз.

Енді алаңдаушылығымыз мемлекттік тілімізді білмей-ақ осы елдің нанын жей береміз деп ойлайтын аз санды қауымда. Ендігі мәселе, осы қауымды ертең жұмыссыз қалдырмаудың қамын жасау.

Ол үшін маңдайларынан сипай бермей, мемлекеттік тілді білуді талап етудің жоғардағыдай нақты қадамдарына көшкен жөн”, – дейді орыс тілділердің болашағына алаңдаған автор.
https://kaz.365info.kz/meni-mangyrt-demender-balalarymdy-orys-mektebine-beremin-270177

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз