Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Олар дайындалуда”. Саясаттанушы Ресейдің арам пиғылын әшкере етті

2008 жылы орыс-гүржі дағдарысы кезінен бастап осындай патриоттық ұранмен желпінтіп, сырттан және іштен жау іздеуде ресейлік қоғамды жұмылдырушы құралдар пайдаланыла бастаған. 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң Батыстың алдында геосаяси бедел жинау үшін Кремль „кеңестік жерлерді қайтарып алып жатырмыз„ деген мағынада насихатты күшейтті.

Осындай жалаң ұран, өтірік дақпырттың салдарынан ресейлік қоғамның басым бөлігімен қатар, көптеген саясаткер мен өзін сарапшы атаушы адамдар да „зомби-жәшіктің„ құрбанына айналды.

Эдуард Лимоновтың немесе Владимир Жириновскидің Қазақстан территориясына таласы туралы мәлімдемелері де осыдан келіп туды. Олар ресейлік қоғамның белгілі бір бөлігін оған сендіріп жатыр. Мұның бәрі бүкіл әлем алдында Ресейдің аяғынан тік тұрып, бұрынғы ұлы держава мәртебесін қайтарып жатқаны секілді көріністі елестету үшін керек болды, – дейді саясаттанушы.

Ресей көрші мемлекеттерге баса-көктеп кіруге болатын құжатты әзірлеп қойыпты

Досым Сәтпаев РФ Мемлекеттік думасындағы ЛДПР партиясының мүшесі Павел Шперовтың, Хакасия парламентінің төрағасы Владимир Штыгашевтің де Қазақстан территориясының бірқатар аумағын ресейге қосып алу туралы мәлімдемелерін де мысал ете отырып, оның астарында не жатқанына үңіледі.

– Мұның бәрін жәй қытыққа тию деп мән бермей қоя салуға болар еді. Бірақ біздегі биліктің алмасуына алдын ала дайындалып, өз сценарилерін құрып жатқан Ресейдегілердің не ойы бар деп бір сәтке ойланып көрейікші. Мәселен,

Украинамен арадағы шиеленістен соң Ресей қабылдаған жаңа әскери доктринада жаңа қауіп-қатердің бір түрі ретінде көрші мемлекеттердегі биліктің алмасып, жауласушы режимнің пайда болуы деп көрсетілген.

Әрине, мұндай тезистің қолданылуына украин факторы әсер еткен шығар, бірақ „жауласушы режим„ дегенді әрқалай талқылауға болады.

Сондықтан да Селигерде 2014 жылы өткен жастар форумында Владимир Путинге рсеми сұрақ қойылғандығы да кездейсоқтық емес. Ресей президентінің де жауабы төбе шашымызды тік тұрғызды.

Ол қазақтарда 1991 жылға дейін ешқандай мемлекетшілдік болған емес деп салды. Ақорда дипломатиялық тілмен, Путинге қателескенін еске салуға мәжбүр болды. Біздікілердің айтқаны: 2015 жылы қазақтар мемлекеттік деңгейде Қазақ хандығының 550-жылдығын тойлағалы жатыр, Сіз не деп тұрсыз дегенге сайды.

Қалай дегенмен де бұл мәлімдемелер тек Ресей қоғамын желпінту үшін жасалып жатыр десек қателесеміз, ол – сырттағылар үшін де ескерту. Ресей ақпаратының Қазақстандағы ықпалын ескерсек, мұндай мәлімдемелер мен насихат жұмыстары өз ішімізде Троя аттарының пайда болуына әкеліп соғары сөзсіз. Бірқатар қазақстандықтар сотталды да емес пе? Украинадағы әскери шиеленісте сепаратистер қатарынан төбе көрсетті. Мұның бәрі – көршінің осындай мәлімдемесі мен үгіт-насихатының „жемісі„.

Көпвекторлы саясатты келмеске кетіре алады дей ме?

Тағы бір мәселе бар. Қазақстанның көпвекторлық саясаты істен шығып қалу қаупі бар. „Бөтенсің бе„, әлде „бізбенсің бе„ деп көрпені тарта бастаса, береке кетпегенде қайтеді?

Кремльдегілер Қазақстандағы көпвекторлы саясатты посткеңестік саясаттағы жалғыз патриарх үшін ғана мойындап отыр, онда да осы өңірдегі ұйымдарға – ҰҚШҰ мен ЕАЭО қосылған еңбегі үшін.

Саясаттанушының пікірінше, осы одақтар Қазақстанды ақыры тығырыққа әкеп тіреуі әбден мүмкін.

– Бұл ұйымдарға мүше болғандықтан Ресей Қазақстанға терезесі тең одақтас емес, өз меншігі секілді қарайды. Осыдан келіп көптеген түсінбестік орын алуда. Осы негізде Ресейде Қазақстан туралы негатив мақалалар да жарық көріп жатады…
Негізінен, кезінде Өзбекстан президенті, марқұм Ислам Кәрімов осы жағдайды дұрыс бажайлап, ҰҚШҰ-дағы мүшелігін бірнеше жыл бұрын кілт тоқтатып, Еуразиялық экономикалық одаққа кіруден бас тартқан. Қазіргі жаңа биліктің де мұндай ойы жоқ. Қалай дегенмен де Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасында мүлде кілт өзгерістер жасай алмайды. Кейбір жерде біз өз-өзімізді ұстап беріп отырмыз. Кей жерде географиялық факторлар үлкен рөл атқарып кеткен.

Шекараны қайта қарау керек дегенді ұстанатындар үшін, бұл арада баса айта кетейін, кеңестік және посткеңестік кезең баяғыда ақырына жеткен. Қазақстанда тәуелсіздіктің жаңа буыны өсіп келеді. Бұл – өзін ана тілі мен тарихымен байланыстыратын өскелең ұрпақ. Ал осыдан қауіп көретіндер, бұл процесті тоқтатқысы келетіндер болса, онда тарихты кері айналдырсын!

Билік транзиті кезіндегі біздің мақсатымыз да – тұралау үшін емес, даму үшін тұрақтылықты сақтау. Ішкі және сыртқы жаулардың тәуелсіздігімізден айырылып қалатындай арандатуларына түспеу.

Алда қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейе түседі

Сәтбаев Қазақстанның ішкі саясатында екі нәрсеге аса көңіл бөлу керектігін айтады.

– Біріншісі – Қазақстанда тұратын көпэтностың мүмкіндігін бағалау. Тарихқа қарасаңыз, жауласу, арандату ұлтаралық, конфессияаралық қақтығыстан туындайды. Сондықтан осы бағытта Қазақстан дұрыс саясат ұстанып отыр, оны дамыта беру керек.

Екіншіден, өзге этнос өкілдеріне қарағанда қазақтардың саны артып келе жатқанын айғақтайтын демографиялық трендпен санасу керек.

Алда қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, тереңдей түседі. Бұл – объективті әрі бұлтартпас процесс. Осыны біздегі барлық этнос өкілдері дұрыс қабылдап, уақтылы түсінуі тиіс.

Біз қазақ деп аталамыз ба, әлде қазақстандық боламыз ба, ол маңызды емес. Бастысы, биліктегі және қоғамдағы патриоттар мен мемлекеттік қызметкерлер уақтыша жүргендерден көбірек болса. Сонда ғана біз Қазақстанды мықты әрі бәсекеге қабілетті ете аламыз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз