Санкт-Петербургте 39 жастағы өзбек мигрантының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға Пушкин аудандық полиция бөлімшесінде 28 қаңтарда түнде болған. Қылмысты басқа бір кісіні өлтірді деген күдікпен бөлімшеге әкелінген адам жасады делінеді.
Өзбек мигранты болса полиция бөлімшесіне көші-қон заңдарын бұзғаны үшін жеткізілген. “Өлген кісінің кім екені анықталды. Тергеуді Ресей тергеу комитетінің Санкт-Петербургтегі басқармасы жүргізеді», – деп хабарлады полиция.
Қазір тергеу өзбек мигранты мен аса ауыр қылмыс жасаған деген күдікпен ұсталған қауіпті адамды неге бір камераға отырғызғанын тексеріп жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, камерадағы екеу сөзге келіспей қалып, күдікті өзбек мигрантын ұрып өлтірген.