Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

«Ойнас қызым оттан ыстық еді». Өкінген жігіт сырын ақтарды

2045

Ия, ыстық-суығымыз басылғанша бәрі қызық болды. Әйелімнің үйдегі жүріс-тұрысына мүлдем назар аудармайтымын. Сөйтіп жүріп дүниеге екі баламыз келді. Бала тапқан келіншегіме енді қарасам, әсіресе таңертең көзі-басы ісіп, шашы айқайлап тұрады, үстіндегі киімі олпы-солпы. Әйел деген аты ғана сияқты. Ыдыс-аяқтың сыртынан кір ағып тұрады, киіп жүрген олпы-солпы футболкасы, жуан құйрығы мен толық сандарына жабысқақ лосинасы анау. Тамағы да дәмсіз, әйелге тән қылығы да азайған сияқты.

Бірдеңе деп замечание” айтсаң, “ей, не болды”, деп шап ете түседі.

Өзімнің шағын кәсібім бар. Жұмыс бабымен анда-мұнда шапқылаймын, неше-түрлі үлкенді-кішілі қыз-келіншектер көп. Кейде соларды әйеліммен салыстырып, ойланамын. Шаштары ұзын, белдері бұраңдаған қыздарды көргенде ерте үйленгеніме өкініп қалатын кездерім болатын. Өмірім басқаша болар ма еді, деп қиялға берілемін.

Сөйтіп жүріп Айданамен таныстым. Табысым жақсы, оны кафеден кафеге апарып, түрлі сыйлықтар беріп жүріп, әйтеуір жүрегін жаулап алдым. Үйдегі күнделікті сүреңсіз тірліктен қашқым келген. Ананы алай істе десең шабынып шыға келетін әйеліммен арамыз алшақтай берді.

Үйге балаларым мен анамды көруге ғана келемін. Әйеліме де енді сын айтпайтын болдым. Өзім үйде болғаныммен, көңілім түзде — ашынамда. Әйелім күдік алған жоқ.

Осылайша біраз ай өтті. Бір күні Айдана аяғының ауыр екенін айтты. Басында қарсы болып едім, кейін туса, туып алсын деген шешімге келдім. Бәйек болып, сұрағанын әперіп, жағдайын жасауға тырыстым. Осы әрекеттерім дұрыс па, некесіз баламның болғаны қалай, деген ойлар да мазамды алды. Бірақ, отбасылы бола тұра тығылып қызбен жүріп, екінші отбасы құрып жүрген жалғыз мен емес шығармын, деп өзіме басу айтамын.

Бір күні бұл құпиям ашылды. Таңертең ұйықтап жатсам, әйелім оятты. Телефонға хабарлама келіпті. “Еркін, ұлды болдың, мен босандым”. Бұл сүйіншіні әйелім оқып қойып, енді қызғаныштан жарылардай болып тұр.

Бар уақытын балаларға арнағанын, үйдің бітпейтін тірлігінен шыға алмайтынын, өзіне қарауға уақыт таба алмайтынын, кәрі ата-енесіне қарап отырғанын айтып, әбден еңіреп, зар иледі. Мен не айтарымды білмей сестиіп тұрдым да қалдым.

Қысқасы, айтарын айтып, өкпе-назын жеткізіп болған соң әйелім киімдерімді жинады да, мені есіктен итеріп шығарып жіберді. Басым салбырап, ашынамның үйіне келдім. Оның күткені де сол еді. Бәйек болып, жағдайымды жасап, жүгіріп жүр.

Бұған дейін осы Айдананың жанында біржолата қалсам ғой, шіркін, деген армандарымның бекер екенін ұғына бастадым. Себебі, тым жас, тым сұлу Айдананы туған-туыстардың арасына ертіп апара алмаймын. Отбасымен араласатын жолдас-жоралар да көздері үйренген балаларымның анасын, қарапайым әйелімді іздеді. Енді той-томалаққа, өлім-жітімге де жалғыз барамын. Балаларымды бұрынғы әйелім көрсетпей қойды. Жұмысым да кері кете бастады. Балалы болған соң Айданам да бұрынғы әйелім сияқты жағдайға түсті. Баяғы сылаңдаған, кербез қыз жоқ. Шашы таралмай, беті боялмай, ұйпа-тұйпа күйде қарсы алатын болды. Сәл жұмыстан кешіксең, айқай-шу, телефонды, қалтамды түгел ақтарып, тексеріп, жалаңдап бәле іздейді де тұрады.

Тағы кезекті бір ұрыс-керісте екінші әйелім өзімен құрдас, жас еркегінің бар екенін айтты. Бұған дейін біршама күдіктеніп жүрген едім, бірақ дәлелім болмағандықтан, ештеңе айта алмайтынмын.

Сөйтіп, өкініштен өзегім өртеніп, бірінші әйеліме, балаларыма аяқтарына жығылып бардым. Бірақ, әйелім де, балаларым да әбден суынып кеткен. Балаларым әлі кішіректеу ғой, олар үйренісер, бірақ, әйелімнің қабағындағы тоңды қалай жібітерімді білмеймін.

Аяжан Төрехан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз