Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары әскери және арнаулы атақтар мен шендерді тапсыру салтанатында отан қорғаушы ер азаматтардың отан алдындағы қасиетті парызы туралы айтты.
Бұл туралы Sputnik.kz хабарлады.
“Отан қорғаушы күні деп жетінші мамырды бекіттік. 1992 жылы дәл осы күні қазақтың қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойған болатынмын”, — деді Назарбаев Ақордада болған марапаттау салтанатында.
“Қазақстан бейбіт мемлекет, айналамыз да тыныш, жүргізіп отырған саясатымыз да бейбіт. Бірақ бұл біз әлсіз болуымыз керек дегенді білдірмейді. Бүгінгі әлем жылдам өзгеріп жатыр, ертең не болатынын ешкім болжап білмейді. Бірақ кез келген жағдайға дайын болып, қажет болса отан, жер үшін өміріңді қиюға әзір болу керек. Біз барлық ер азамат осы үшін туып, осы үшін өмір сүріп жатырмыз. Адамға өмір беріледі, ал бір күні осы өмірді алады. Қайда, қашан – мұны біз білмейміз. Әр уақытта жауынгерлер отанды қорғап, ол үшін өмірін беруді қасиетті борышы деп білген”, — деді мемлекет басшысы.
“Сіздерді ел бағалайды, құрметтейді, барлық қажеттімен қамтамасыз етеді және әрине, адал қызмет етулеріңізді күтеді”, — деген Елбасы жиналғандарды бүгінгі марапатымен құттықтады.