Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
24
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Нұрлан Орманбетов, авиация генерал-майоры: “Әскеріміздің кәсіби деңгейі – қорғаныс саласының маңызды бағыты”

189

 

– Әскери авиация саласына еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қызығатыны жасырын емес. Қорғаныс-өндірістік кешенімізде маңызды орын алатын осы саланың қазіргі даму қарқыны қандай? Айталық, әскери мақсаттағы әуе паркімізде қандай заманауи техникалар бар? 

– Сұрағыңыз орынды. Жалпы айтқанда еліміздің Әуе қорғанысы күштері Қазақстанның Қарулы күштер қатарында техникалық тұрғыдан жарақталуы озық, қару-жарағы жағынан ең ұтқыр әрі жоғары технологияларға арқа сүйеген сала болып есептеледі.

Бұл – аталған салаға Қарулы күштердің жоғарғы Бас қолбасшысының қолдау көрсетуінің арқасында мүмкін болып отыр. Мемлекет басшысының демеуінің нәтижесінде Қазақстанның әскери әуе паркі жыл сайын жаңа авиация техникаларымен толығу үстінде. 

Айталық, жаңа ұшу құрылғылармен жарақталуы жағынан 2016 – 2017 жылдар аса жемісті кезең болды.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің тарихында, алғаш рет, бүгінгі заманғы ең озық Су-30 СМ ұрыс ұшақтары сатып алынды.

Қазірде осынау әуе тұлпарлары жаһандағы көп салалы ең үздік әскери ұрыс ұшағы болып саналады. Мұны қазақстандықтар 2015 жылғы әскери шеруде тамашалағаны белгілі. Сондай-ақ, былтырғы жылы, су жаңа Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік ұшақтарын иемденгенімізді айта кетейін. 

Осының алдында «Эйрбас-Милитари» әйгілі концернінің С-295 атты әскери-көліктік ұшақтарын қабылдаған болатынбыз. Ең бастысы, әскери әуе күштеріміздің авиациялық техникасы толықтай жөнделіп, жаңғыртылып шықты.

Қазіргі таңда Қазақстанның Әскери әуе күштерінің пайдалануында әйгілі МиГ-31 жойғыш тосқауылшысы, түрлі мақсаттағы Су-27 жойғышы, майдандық ұрысқа арналған МиГ 29 жойғышы, әскери көліктік мақсаттағы Ан-72, Ан-12, С-295 ұшақтары, бұдан сырт Ми-17В-5, Ми-8, ЕС-145 еурокоптері және де Ми-26, UH1-II «Хьюи» сияқты тікұшақтары бар.

– Осынау әскери техникалардың ерекшелігі неде? 

– Ерекшелігі туралы айту үшін бас-басына жеке-жеке тоқталу керек шығар. Дегенмен, барлығына ортақ жаңашылдықтары бар. Аты аталған әскери техника түрлері өздері орналасқан жерінен үлкен қашықтықта, күндіз не түнгі уақытта, жәй немесе күрделі ауа райында жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындауға қабілетті.

Мысалға маған “Қазақстанның әуе шабуылдарына қарсы тұратын қорғаныс әскерлері қандай заманауи техникалармен жабдықталған?” деген сауалды жиі қояды. Демек, бұл мәселе жұртты қызықтырады деген сөз. 

Бүгінгі таңда әуе шабуылдарына қарсы тұратын қорғаныс әскерлері түрлі мақсаттағы аса алыс қашықтықта әрекет ететін С-200, орташа қашықтықтағы С-300 ПС, жақын қашықтықтағы С-125 МК зениттік-зымырандық кешендерімен қамтамасыз етілгенін айта кетейін.

Ал бұлардың ерекшелігі неде десеңіз, осынау әуе техникалары нақты көзделген биіктік пен жылдамдық шеңберінде кез-келген бүгінгі заманғы ұшақтар және қанатты зымырандарды жойып жібере алатын әлеуетке ие. ӘШҚҚ әскерлерінде радиолокациялық барлауды радиотехникалық бөлімшелер жүргізеді. Тиісті бөлімшелердің негізін қазіргі шақта сантиметрлік және метрлік толқындар диапазонындағы радиолокациялық станциялар құрайды.

Бастысы, бұлардың барлығы да жаңартылып, қайта жаңғыртылған. Айталық,  соңғы 4  жылдан бері «НҰР» (GM 403) үш координаттағы радиолокациялық станциясы әскери мүдде аясында нақты мақсатқа жаратыла басталды. Француз-қазақстандық мамандар жасап шыққан аталмыш құрылғының фазалық антенналық торабы бар, радиоэлектрондық әсер кезінде қиындықсыз жұмыс істей алатын қазіргі заманауи элементтік шеңберде жобаланған.

Картинки по запросу нурлан орманбетов

– Сіздің пікіріңіше тек қана техникаға арқа сүйеген дұрыс па? Осы техниканың тілін білетін мамандар әзірлеген де жөн шығар? 

– Сауалыңыз орынды. Бүгінгі таңда әскери өндірісте негізгі басымдықты жаңа ұшақтар мен зымырандар санына ғана емес, сонымен бірге сарбаздың жауынгерлік шеберлік сапасына берген жөн. Айналып келгенде, кәсібилік қашанда маңызды.

Көп адам білмеуі мүмкін, 

Әуе шабуылына қарсы тұратын еліміздегі қорғаныс бөлімдерінің жұмысына ҰҚК шекара қызметі және де әуе қозғалысы орындарымен өзара әріптестікте еліміздің әуе кеңістігін пайдалануды тәулік бойы бақылау міндеті кіреді.

Жалпы бұл саладағы біздің мамандарымыздың кәсіби деңгейі жоғары. Осыдан 3 жыл бұрын өткен «Авиадартс» атты жарыста ұшқыштарымыз бен техник мамандарымыз өздерін жақсы қырынан көрсете білді.

– Сөзіңіз аузыңызда. Мұндай жарыстар несімен пайдалы? Әскери ұшқыштарымыз әрі қарай да осынау әуе-шоуларға қатысуы мүмкін бе?

– Тәжірибе осындай жарыстар кезінде толыса түседі ғой. Мысалға, «Авиадартс» жарысы Бүкіл әскери халықаралық ойындар аясында өткізіледі. Мұндай байқаулар бізге де қажетті. Айталық, теріскейдегі көршіміз Ресейде мұндай жарыстар өткізетін аэродромдары мен полигондары өте көп. Ұшатын және инженерлік-техникалық құрам осынау додада мол тәжірибе жинап, өзге ТМД елдері арасында жалпы командалық жарыста екінші орынды иеленіп, тамаша жетістікке қол жеткіздік.

Лайықты қарсыластармен күш сынасқан сайын шеберлігің арта түседі. Иә, жеңіс те, жеңіліс те болды.  Ал жекелеген аталымдарда ұшқыштарымыз жүлделі орындарға көтерілді.

Мәселен, Ми-8 тікұшақтарын тізгіндеген экипаж командирлері капитан Алексей Кейлов пен аға лейтенант Ақжан Айтбайұлы және де тағы бір тәжірибелі жұп МиГ-29 жойғышында – ұшқыштар капитан Нұрбек Әбдішүкірұлы мен лейтенант Владимир Буровский тамаша өнер көрсетті.

Былтырғы жылы – 30-шы шілде және 13-ші тамыз аралығында Ресейде өткен әуедегі аламанда да үздік нәтижелерге қол жеткіздік. Әуе қорғанысы саласындағы МиГ-29, Су-25, Су-27 ұшақтары және Ми-8 бен Ми-17 тікұшақтарының экипаждары бағын сынады.

«Авиадартстан» тыс, ел ішілік жарыстар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әскери ойындар шеңберінде, алғаш рет, С-300 зениттік зымыран кешендері бойынша ӘШҚҚ әскерлері мамандары арасында өткен «Аспан кілті» тартысы сөзіме дәлел.

– Әскери ұшқыштың әдепкі өмірі қалай өтеді осы? Осы турасында айтып берсеңіз…

–  Бала кезіңізде сіз де ұшқыш болуды армандаған шығарсыз. Алайда бұл кәсіп екінің біріне бұйыра бермейтінін ескеру керек. Ұшқыштар таңдаулы топ. Оларды бабында ұстауға, шеберлігін шыңдауға мемлекет қыруар қаржы бөледі.

Ұшқыштың артында да қаншама адам бар. Айталық, бір ғана ұшқыштың әуеге көтерілуі үшін жерде 200-ден астам маман қызмет көрсетеді.

Осы себепті ұшқыштар қауымы өзінің кәсіби дайындығы мен елдің алдындағы азаматтық борышына асқан жауапкершілік сезімімен қарайды. Жай өмірде олар да тұрмыстық қажеттіліктері бар, алайда әскери тәртіпті, әскери құндылықтарды берік ұстанған ел азаматтары.

Ілгеріде айтып кеттім. Ұшқыш болу үшін үлкен қажыр-қайрат қажет. Себебі, авиация дегеніміздің өзі – өте күрделі әскери сала және мұндағы жоғары технологиялы техниканы басқару үшін, ұшқыштарға күнделікті  жаттығып, спортпен айналысқаны, кәсіби дағдыларын жетілдіргені абзал.

– Ал енді осы саладағы кадрлық мәселе қаншалықты өзекті? Әскери авиацияда шешімін таппай отырған проблемалар бар ма? 

– Мен айтар едім. Барлығы адамға байланысты. Айналып келгенде, ұшқыр ұшақты да, қару-жарақты да тізгіндейтін адам баласы. Осы себепті, жауынгерлік бұйрықты мұқият, мүлтіксіз атқарудың ақырғы қорытындысы оның әзірлігіне қатысты дүние.

Мен мұны былайша түсіндірейін:

әскерилеріміздің кәсіби деңгейі, Қазақстанның қорғаныс саласының аса маңызды бағыты болып қала бермек.

Осынау жұмыстағы маңызды бағыттардың бірі ретінде қазіргі таңда – нақты әскери жоғары оқу орындарындағы кадрлар даярлауға баса  көңіл бөлудеміз.
Қазіргі кезде осынау көп қырлы әскери оқу орны жемісті жұмыс істеуде. Бұл ӘӘК қажеттілігі үшін ұшқыштар мен жердегі қызмет мамандарынан тұратын жас офицер кадрларды оқытып, білікті маман қылып шығаратын Әуе қорғаны күштерінің Әскери институты мен ӘШҚҚ әскерлеріне мамандар әзірлейтін радиоэлектроника және байланыстың Әскери-инженерлік институты.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің іргесінен Әуе қорғанысы күштері кафедрасы ашылған болатын.

Сарбаздарымыздың бірқатары кәсіби дайындығын шетелде шыңдайды. Нақты айтсам, қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерін меңгеру үшін оларды өндіретін елдерге барады. Біз, офицерлік кадрларды оқыту НАТО стандарттары бойынша жүргізілетін елдерде көкжиегімізді кеңейтіп, өрісімізді ұзартуға ұмтылып жатырмыз.

Картинки по запросу казахстан военная авиация

Мұның барлығы қажет-ақ. Офицерлік корпусты және жетекші әскери мамандықтарды өз күшімізбен әзірлеуге күш салуымыздың дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді. Әскери жоғары оқу орындарымызды аяқтап шыққан түлектердің көпшілігі, өзінің азаматтық және әскери парызын тыңғылықты және адал атқарып жатыр.

– Ал еліміздегі авиация саласы мамандарын әзірлеу деңгейіне берер бағаңыз қандай? Көңіліңіз тола ма? 

 – Көңілім толады. Авиация саласының бірқатар түлектері бүгінде Қарулы күштер қатарында басшылық қызметте отыр. Атап айтар болсам, полковник Ізбасов – Халық Қаһарманы, Кеңес одағының батыры, әйгілі Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе авиация институтын аяқтаған, ұшу құрамын дайындау бойынша оқу мақсатындағы авиация орталығының командирі.

Ал ұшу құрамын баптап-баулуға тоқталсам, бұл ұзақ уақыт сарп етуді қажет ететін аса күрделі процес. Айналып келгенде барлығы ұшқыштың қарым-қабілетіне, психологиялық дайындығына, денсаулығы және жеке тәжірибесіне байланысты. Сайып келгенде, әр талаптанушының әрқайсысына ыждаһатты көзқарас таныту қажет.

Бұл ретте оқуын аяқтаған жастарды оқу-жаттығу ұшулары кезінде әбден тексереміз. Нұсқаушы мамандар оның әзірлік дәрежесі және ұшақты тізгіндеу мен навигация әдісі турасындағы тапсырмаларды атқара білуін анықтайды. Жас маман қажетті айла-амалдарды меңгерді-ау дегенде, аса жауапты – бомбы тастау мен зымыран жіберу сияқты сарбаздық шыңдалу бағдарламына жолданады.

Тілге тиек етер жайт, олардың (жастардың) әрбіріне міндетті түрде тәжірибелі ұшқыштар арасынан маман бекітіледі.

– Ендігі кезекті, әңгіме ауанын  «Еурокоптер» ЕС-145 тікұшақтарына қарай бұрсақ. Осы әуе машиналарына қандай баға бересіз? Бұлар біздің жағдайға бейімделген бе? 

– Осы сала мамандары жақсы біледі, сіз айтып отырған «Еврокоптер» EC-145, бұлар – композициялық материалды пайдалану арқылы, германдық «Eurocopter» деп аталатын концерні әзірлеп шығарған көп нысаналы тікұшағы. Міне, 7 – ші жыл болды осынау тікұшақты құрастырумен Елорда қаласында «Қазақстан Инжиниринг» компаниясы айналысып жатыр.

Ең бірінші 6-тікұшақ Қарулы күштер мен Төтенше жағдайлар қызметі қажеттілігі үшін алынғанын білетін боларсыздар. Іздестіру-құтқару шараларын орындап, сырқаттарды тасымалдау, жаралыларды басқа жерге жеткізу сияқты бағыттарда қолданылатын тікұшақты арнайы мақсаттарға да пайдалануға болады. Бұл тұста «Еврокоптер» ЕС-145 өзін сахаралық жаттығулар кезінде өте жақсы қырынан қуантты.

– Ал парашюттік дайындық орталығының негізгі қызметі неде? Қазіргі уақытта осы бір әскери орталықтың өзектілігі қаншалықты деп ойлайсыз? 

–  Әрине, өзекті. Қарулы күштер қатарында парашюттік спорттың танымалдылығы жоғары. Осыдан 24 жыл бұрын, 1994 жылы Қазақстан Қарулы күштерінің спорттық парашюттік командасы жасақталған еді. Қарулы күштердің парашюттік дайындық орталығы Алматы қаласын мекен еткен және Әуе қорғанысы күштері қатарына кіреді.

– Сонда бұл орталықтың қызметі қандай? Нақты қандай әскери мақсатта әрекет етеді? 

– Бұл орталықтың мамандары негізінен іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді. Алдағы уақытта әскери-қолданбалы мәндегі парашюттік спортты өркендету көзделуде.

Осы орталықтың спортшылары Орта Азия ғана емес, әлемдегі үздік әскери парашютшілер. Біле білсеңіз, бұл – Орта Азия аумағындағы жалғыз ұжым саналады.

Тоқтала кетсем, 1995 жылдан бастап күні бүгінге дейін әскер қатарындағы спортшыларымыз әлемдік аламандарда 400-ден аса марапат түрін олжалаған екен. Соның ішінде 140 алтын, 143 күміс және де 162 қола медаль.

2001 жылдан бері қазақстандық команда – парашюттік спорттың сан алуан түрлерінен Азия және Тынық мұхиты санаты бойынша бірнеше рет чемпиондық тұғырдан көрінді. 

Картинки по запросу военная авиация казахстана

– Айтпақшы, әуешоулар жайында сұрауды ұмытып барамыз. Мұндай бағдарламаларды ұйымдастырып тұру қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? 

– Авиашоу деген аты ғана. Бұл жәй шоу емес, ұшқыштардың біліктілігі сыналатын, мүмкіндіктері паш етілетін байқау. Сондықтан мұндай жобалардан бас тартудың жөні жоқ. Осы күнге дейін түрлі әлемдік жаттығулар мен әскери шерулерде біздің “Жетісу”, “Алатау” және де “Сұңқар” атты пилотаждық топтарымыз асқан шеберлікпен өнер көрсетті.

Бір ғана мысал. 2015 жылдың 7 мамырындағы әскери шеру есіңізде ме? Сол жолы біздің ұшқыштар  топтан ажырамай алаң үстінен аспанда «70»  санын бейнелеп өткен! Ел азаматтары және де шетелдік қонақтар, отандық әскери авиация саласы – бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілі екенін әрдайым есте ұстағандары абзал.

– Күні кеше елімізде ауқымды әскери көрме өтті. Осындай көрмелерден елімізге келіп-кетер қандай пайда бар? 

– Әрине, егер тек пайданы көздесек ұтыламыз. Көрме әлем үшін жаңалық емес. Айталық, Франция жерінде мінекей 300 жыл бойы Бастилия қамалы алынған 14-ші шілде күні жыл сайынғы марш пен техника көрмесі ұйымдастырылып келеді. Қару-жарақ пен әскери техника көрмесі де солай, дүниежүзінің көп елдерінде өтіп жатады.

Қазақстанда бұл көрме бесінші рет өткізілді.

Картинки по запросу кадекс астана

Әскери-техникалық мүліктің «КАDЕХ» көрмесі заманауи технологиялар шығаратын әскери-өнеркәсіптік  жетістіктерді паш етеді. 

Әскери технология да ғылым! Аса маңызды ғылым. Ол да жаңарып, жетіліп отыруы тиіс. Әрі қару-жарақ пен әскери техника саласындағы, бірнеше мақсаттағы өнім бойынша соңғы жетістіктер мен техникалық шешімдерді жариялайтын бұл тараптардың саны әлі де өсе түсуі ғажап емес.

Осы көрмеге келген қонақтардың өніміне қызығушылық танытып, әскери қару-жарағымызды жаңа үлгілермен толықтырсақ, бұдан ұтылмасымыз анық қой? Сосын сансыз қағазға қарап суретін тамашалағанша, шынайы өмірде көрген әлдеқайда жақсы.

Мәселен, биылғы көрмеге келген кез-келген азамат әуе қару-жарақтарын, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, ІТ технологияларды, байланыс құралын, әскерлерді тылдағы және де техникалық қамтамасыз ету мүмкіндігін, құрлықтық әскерлер және әскери әуе күштерінің қару-жарағы мен техникасын өз көзімен көрді. Мағлұмат алды. Оларды қандай мақсатта пайдаланарын білді. 

Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың әскери сауаттылық деңгейін де арттыра түсері сөзсіз. 

Сөзімнің тоқ етерін айтсам, Қазақстанның қорғаныс-өндірістік кешенінің дамуы дұрыс жолда. Ал авиация саласының дамуы сатылап жүзеге асатын жұмыс. Бұл бағытта әлі талай белесті еңсерерімізге сенімдімін. 
 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз