Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев кәмелет жасына толмаған балаларды дінге тарту мәселесіне қатысты пікірін білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
“Мемлекет балалардың тәрбиесіне араласпайды деген декларация шықса және бала белгілі бір жасқа келгенде дінге қатысты шешімді өзі қабылдаса жақсы болар еді”, – деді Нұрлан Ермекбаев есеп беру кездесуінде.
Сондай-ақ, министр бүгінде мемлекеттің кәмелет жасына толмағандарды ата-анасының немесе оларды қамқорлыққа алған адамдардың рұқсатынсыз дінге тартқандарға жауап беретінін айтып өтті. Алайда, оның айтуынша, бұл норма жақында қатаңдатылады.
“Бүгінде ата-ананың бірінің рұқсаты керек. Қазір осы норманы қатаңдату туралы көптеген өтініштер мен хабарламалар келіп жатыр. Яғни, олар ата-ананың екеуінің де рұқсаты қажет болуын қалайды. Балалардың ата-анасы ажырасып кеткен жағдайлар болып, олардың бірі қандай да бір діни ұйымға тартылып жатады. Бала жол апатына түсіп, оған қан керек болған жағдайлар болды. Мысалы, сол кезде анасы қан құйдыртуға қарсы болды. Мұндай кезде ойланатын уақыт жоқ, адам өмірін құтқарып қалу керек. Сондықтан да осы норманы күшейту туралы ұсыныс айтылып отыр”, – деді министр.
Кейінірек Нұрлан Ермекбаев кәмелетке толмағандарды дінге тарту мәселесіне қатысты пікірін айтты. Сондай-ақ, ол мемлекеттің бұл процеске қатыспайтынын айтып өтті.