Бүгiн Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулин болашақ адвокаттар төлеуi тиiс 800 мың теңгелiк жарнаны алып тастау керектiгiн айтты. Елiмiздiң заңгерлерi Адвокаттар алқасына мүшелiкке өту үшiн осындай қомақты жарна төлеуге мiндеттi, деп хабарлайды Baq.kz .
Мәжiлiстiң жалпы отырысында «Адвокаттық қызмет және заң көмегi туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы қаралды. Депутат Иван Клименко заң жобасында Адвокаттар алқасына мүшелiкке өтуге төленетiн жарнаға тыйым салу қарастырылғанын айтты.
«Жарнаға тыйым салынғаннан кейiн адвокаттық қызметпен бiлiксiздiгi төмен мамандар айналысып кетпей ме? Бұл клиенттердi қорғау сапасына әсер етпей ме? Мүмкiн жарнаны қалдырып, тек көлемiн азайту керек шығар?», – дедi Клименко.
«Жарналардың болмауы – бұл әлемдiк тәжiрибе. Үздiк әлемдiк юрисдикцияларда өтiнiштердi өңдеу үшiн төлемдер, дайындалуға арналған материалдар үшiн төлемдер бар, бiрақ алқаға мүшелiкке өту үшiн жарна жоқ. Лицензиялау қалады. Лицензиялау кезеңiндегi емтихандардан бас тартып отырған жоқпыз. Сондықтан, сапа төмендемейдi деп ойлаймыз», – деп жауап бердi Бекетаев.
Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл заң жобасының үкiметтiк нұсқасына қолдау бiлдiрдi.
«Қазiр елiмiзде 4700 адвокат бар. Орташа статистикамен алсақ, 4 мың азаматқа 1 адвокаттан келедi. Ал, Еуропа елдерiнде орташа алғанда 300-400 адамға, әрi кетсе 1 мың адамға 1 адвокаттан келедi. Яғни, оларда бәсекелестiк бар, азаматтардың таңдау мүмкiндiгi де бар. Ал, елiмiзде жас адвокаттарға бiлiктiлiк тестiлеуi емес, жарна (Адвокаттар алқасына мүшелiкке өту үшiн төленетiн жарна-авт.) кедергi келтiрiп отыр. Жарна көлемi шамамен 800 мың теңгенi құрайды. Бұны барлығының қалтасы көтере бермейдi. Яғни, адвокат болу үшiн бiлiм мен тәжiрибе жеткiлiксiз. Олар сондай-ақ қаржылық жағдайының жақсы екенiн дәлелдеуi керек. Бұл жас адвокаттарға үлкен кедергi», – дедi Нығматулин.
Мәжiлiс төрағасының айтуынша, қазiргi таңда елiмiзде заңгерлердiң жаңа толқыны өсiп келедi. Олардың көбi шетелде бiлiм алып, тәжiрибе жинақтаған. Сондықтан, қыруар қаржыға шетелдiк заңгерлердi жалдағанша шетелде оқып келген жас қазақстандық заңгерлердiң көмегiне жүгiну керек.
«Мамандыққа жетуге осындай қаржылай кедергi (жарна – авт.) болмау керек деп ойлаймын. Кәсiби бiлiктiлiк қана критерий болуы қажет. Иван Иванович, (Мәжiлiс депутаты Иван Клименко – авт.) бiлiктiлiгi төмен мамандар келедi деп қорықпау керек. Министр дұрыс айтты. Жас заңгер тәжiрибеден, күрделi емтихан – тестiлеуден өтедi. Әдiлет министрлiгiнен лицензия алады. Бұл оңай шаруа емес. Кәсiби бiлiктiлiгi төмен маман осы сатылардан өте алмайды. Ал, қаржылай кедергiге (жарна – авт.) келсек, оны алып тастау керек», – дедi Нұрлан Нығматулин.