Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы Кристин Муттоненмен жүздесіп, екіжақты әріптестік мәселелерін талқылады.
Мәжіліс төрағасы өз сөзінде ЕҚЫҰ-ның ПА делегациясының елімізге келуі тәуелсіздіктің 25 жылдығымен әрі Астанадағы ЭКСПО көрмесінің өткізілуіне сай келгенін тілге тиек етті және ұйымның көрмедегі павильонының ашылуымен құттықтады.
“ЭКСПО-ға ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның қатысуы бұл көрменің қаншалықты маңызға ие екенін көрсетеді”
– деді ол.
“Қазақстанның бірте-бірте жаңартылатын қуат көздеріне өтуді көздеп отырғаны басқа да елдерге үлгі болуы керек” деді ол.
Сонымен қатар, ПА төрағасы Қазақстанның 25 жылдың ішінде жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, біздің еліміздің халықаралық мәселелердің түйінін тарқатуға белсене араласатынын атап айтты.
Кездесу аясында Нығматулин жаһандық лаңкестікке қарсы арнайы Кодекс қабылдау қажеттігіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, осы арқылы адамзат халықаралық лаңкестікке қарсы тұрып, қауіп-қатердің алдын алады.
“Сондай-ақ парламентаралық әріптестікті де жандандыру қажет. Тұтастай алғанда біздің ел ЕҚЫҰ-мен арадағы байланысты әрі қарай да нығайта түсуге мүдделі” деді ол.