Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
17
USD
447
0.00
EUR
476
0.00
RUB
4.79
0.00

Әннің киесін бұзып жүрген әншілер кімдер? Шаханов көркемдік кеңес құратын кез жетті дейді

212

Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов, керісінше, әншілердің құқықтарын шектеудің қажеті жоқ деген пікірде.

Мұхтар Шахановтың айтуынша, телеарналардағы бүкіл уақыт қалтасы қалың сазгерсымақтар мен әншісымақтардың жекеменшігіне айналған. Соның салдарынан, қазақтың мақтанышына айналған Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов секілді сазгерлердің әндері назардан тыс қалып отыр.

– Бұрын Кеңестер Одағы кезінде радиоларда, телеарналарда Көркемдік кеңестер жұмыс істейтін. Аталмыш кеңестер қабылдануға тиісті әннің сөзін, музыкасын үлкен тексерістен, сын елегінен өткізетін. Сол Көркемдік кеңесте,р жойылғалы бері ширек ғасырға жуықтады.

Қазір кез-келген адам телеарналарға барады да, өз ақшасына түсірткен бейнебаянды ұсынады. Қасына (жасырын түрде) 5 мың немесе одан да көп долларды қояды. Бітті. Бұл заманда сатылмайтын ештеңе қалмады.

Әлгі мағынасыз, көркемдіктен жұрдай әнді бір ай бойы, тіпті, күніне екі-үш реттен телеарнадан қайталап отырады, – дейді Мұхтар Шаханов.

Мұхтар Шахановтың «көркемдік кеңес құру керек» деген ұсынысын Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов та қолдайды. Оның айтуынша, көркемдік кеңеске қоғамға белгілі зиялы қауым өкілдері мүше болу керек. Әйтсе де депутат көркемдік кеңес қандайда бір әннің кемшілігі болатын болса, оны түзетіп, одан әрі дамыта түсу қажет деп отыр.

Бұл әрине көркемдік кеңестің пәрменсіз болатынын аңғартады. Мысалы, Өзбекстан ұлттық құндылыққа немқұрайды қарайтын әншілерді телеарна мен сахнаға жолатпайды. Алайда депутат Өзбекстан сияқты, әншілерге лицензия бермейтіндей етіп, қатаң талап қоюға болмайды деген пікірде.

– Менің ойымша,  лицензия арқылы әншілердің құқықтарын шектемеу керек. Бірақ министрлік әншілерді қадағалап, ұсыныстарын айтып отыруы қажет.

Себебі, министрлік қанша жерден тыйым салғанымен әншілер тойға барып, ән сала береді емес пе?

Ал әншіге «тойға барма» деп, ешкімде тыйым сала алмайды. Сондықтан да бұл арада бар мәселе адамның өз деңгейіне байланысты болса керек. Әрбір әнші өзінің жоғары мәдени тұлға ретінде көрсете білсе, оның өнері дамып, қоғамда оны сыйлайтын адамдар көп болады, – дейді депутат.

Соңғы кездері қоғамда әншілердің мағынасыз әні мен ерсі әрекеті жиі сыналатын болып жүр. Алайда олар соған қарамастан, киелі сахнаға шығып, телеарнадан түспайтін болып алды. Егер көркемдік кеңес құрылатын болса, сөзін адам баласы түсініп болмайтын әндер сахна мен телеарнаға жол тартпас еді. Әйтсе де депутаттың сөзіне құлақ ассақ, көркемдік кеңестен көп нәрсе күтудің қажеті жоқ сияқты.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз