Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Назарбаев: «Қазақстан әскерилерінің БҰҰ миссиясына үлес қосуы еліміз үшін үлкен абырой»

Айта кетсек, осындай ұсынысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Парламентіне жолдаған еді. Мемлекет басшысының ұсынысын Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жария етті.

Елбасының атап өткеніндей, былтырғы жылғы 1-ші қаңтар айынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесіне  тұрақты емес мүше ретінде қызметін жүзеге асырып келеді.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің жаһандық бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссиялардағы өзінің әскери бақылаушылары және бітімгершілерінің санын арттыруға ниетті екенін мәлімдеген болатын.

«БҰҰ-ның миссиясына контингентті жіберу тек халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіне салмақты үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік қауіпсіздіктің жауапты мүшесі ретінде, оның ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуының қорытындысын шығаруы аясында беделін нығайтады.

Осы тұрғыда ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік бөлімшесін Ливандағы БҰҰ миссиясына жіберу мәселесі зерделеніп, пысықталды.

Аталған операцияға қатысу ҚР Қарулы Күштеріне коалициялық топтар шеңберіне әскерлерді қолдануға, өзара іс-қимыл және жоспарлау мәселелерін пысықтауға, бітімгершілік пен гуманитарлық операцияларда кең жауынгерлік дағдылануға, Таяу Шығыстың табиғи-климаттық жағдайында Қазақстан бөлімшесінің жауынгерлік қабілетін тексеруге мүмкіндік туғызады.

Баяндалғанның негізінде Қазақстан Конституциясының 53-бабына сәйкес, ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін 120 әскери қызметшіге дейін Үндістан Республикасы Қарулы күштері  құрамында Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері миссиясына қатысу үшін ұсыныс енгіземін», – делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысында.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасы сонымен қатар БҰҰ миссияларына қазақстандық 40 офицерді жіберуді ұсынған еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың дерегінше, қазіргі уақытта Батыс Сахарада БҰҰ-ның миссиясында Қазақстанның 5  әскери қызметшісі қызмет атқаруда.

«Ілгеріде айтылған маңызды міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабына сәйкес мыналардың құрамында әскери байқаушылар мен штабтық офицерлер ретінде БҰҰ-ның миссияларына қатысатын ҚР Қарулы Күштерінің офицерлерін 40 адамға дейін жіберу туралы ұсыныс енгіземін», – деген болатын бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал ҚР Парламентінің депутаттары өз кезегінде Президенттің бұл ұсыныстарына толықтай қолдау білдіріп, арнайы Қаулы қабылдады.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз