Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
15
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Назарбаев атындағы әуежайдың автотұрақ бағасы өзгермейтін болды

Бұл соманы көргенде өз көзіне өзі сенбеген әнші Қайрат Баекенов естен тана жаздады. Өйткені темір тұлпарын 1 жарым тәулік тұраққа қалдырғаны үшін 57 мың төлеуі керек.

Тойларда ең сұранысқа ие танымал актер Нұрлан Әлімжан да, паркоматтағы бағаны көргенде шошып кетті. Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігітпен бір көлікке мінген одан, паркомат қыруар қаржы талап еткен.

«Екі күнге 102 мың теңге төлеп, біз үшеуміз аң-таң болып тұрмыз»,-дейді әнші Нұрлан Әлімжанов.

Әуежай тұрағы тарифтерінің неліктен әуелеп тұрғанын Астана әкімдігінде түсіндірді. Назарбаев су жаңа терминалы ақылы тұрақ үшін ақыны тамыздың тоғызынан ала бастапты. Темір тұлпарын терминалда байлап кететіндерге тәулігі екі мыңдық жабық паркинг бар.

Әуежай ғимаратынан алшақтау жерде тегін тұрақ та қарастырылыпты. Ал әртістердің аузы күйгені – уақытша автотұрақ. Оның алғашқы жарты сағаты тегін, бір сағаты 300, екі сағаты 400, ал тәуліктетсең, яғни 7-8 сағаттан артыққа қалса басқа тарифпен – сағатына 1500-нан 2500 теңгеге дейін төлейсің. Сондықтан жауаптылар хабарландыруды оқымайтын жүргізушілердің өзін кінәлап отыр.

«Менің көңіл аударайын дегенім, шлагбаум тұр ғой. Онда барлық сағаты жазылып қойған. Шлагбаумның өзінде жазылып қойған. Оны енді оқымай кету мүмкін бе, білмеймін»,-дейді «Астана LRT» ЖШС Жолаушылар көлігі бөлімінің маманы Әбдіхамит Тамабаев.

Ал адамдар тегін тұрақ туралы естімедік деп азар да безер. Алдымен ақылы автотұрақ туралы мәлімет алдымыздан шығады дейді.

Бір қызығы, қатардағы жүргізушілерге жылы қабақ танытпайтын әкімдік бүгін әртістердің алдында құрдай жорғалады. Олардың танымалдығы әсер етті, әйтеуір қымбат айыппұлды кешіре салыпты.

«Ол азаматтармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тарифтерді көрмедік дейді. Сондықтан екі мың теңге ғана төлетіп, тұрақтан шығардық.

Сонымен бірге талаппен таныстық деген қолхат алды. Бұл адамгершілік тұрғысынан дұрыс деп ойлаймыз»,-дейді “Астана LRT” ЖШС төрағасының көлік бойынша орынбасары Рустам Халилев.

Бір анығы автотұрақ үшін әуежайдағы баға өзгермейді. Енді қалта қалың болмаса, нысанға көлікпен бару мүлдем тиімсіз.

Оның үстіне тегін деп жар салған тұрақта орын бола бермейді. Ал астаналық шенеуніктер енді әркімнің көңіліне қарап, адамгершілікке сала бермейді . Заң тілімен сөйлеспек. Сондықтан бүгін әртіске жасалған кешірім, ертең өзгеге жүрмейді.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз