Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
23
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

“Нұр Отан” партиясы ҰБТ тапсыра алмаған 50 мың түлектің мәселесін шешті

123

Қазақстан Президентінің пәрмені бойынша, еліміздің барлық аймағында ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, «соңғы қоңырау» үнін 2016 жылы естіген әрбір түлек ерекше назарға алынды.

Сараптама қорытындысы биыл Қазақстан мектептерінен 122 мыңнан астам түлек ұшқа­нын, олардың 70 мыңға жуығы ҰБТ-ны сәтті тапсырғанын, 37 мыңнан астамы тестілеуге қатыспағанын, ал 14 мыңы Ұлттық бірыңғай тестілеуден «құлап» қалғанын көрсетті. Яғни, 50 мыңнан астам жас қазақстандық қоғамнан «қалыс қалу» тәуекелінде тұрды. Олардың тағдыры қалай болды?

«Нұр Отан» партиясы бұл сұрақтың жа­уабын жан-жақты қарастырып, төмендегіні анықтады.

ҰБТ-ның шекті көрсеткішіне жете алма­ған 14 мың түлектің 2 жарым мыңы тестілеу­ден қайта өту арқылы ЖОО-ға қабылданған, 5 мыңға жуық адам кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына түскен, 346 адам «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағ­дарламасы бойынша жұмысқа орналас­ты­рылған, бұдан бөлек жүздеген мектеп түлектері «екі қолға бір күректі» өздері іздеп тапқан. Олардың арасында шетелге білім алуға аттанғандар, Отан алдындағы борышын өтеуге кеткендер және кадрларды қайта даярлау орталықтарында білім алып жатқан­дар бар. Осылайша, ҰБТ тапсыра алмаған 9 мыңға жуық түлек өмірлік жоспарын нақты­лап үлгерген.

37 мың жас адамның арасында Ұлттық бірыңғай тестілеуге мүлде қатыспаған 2820 түлек Қазақстанның ЖОО-ға, 6205 түлек шетелдің ЖОО-ға, 21663 түлек кәсіптік-техникалық ұйым­дарға қабылданған. 2 мың мектеп түлегі кадрларды даярлау орталық­тарында білім алып жатыр. Алдағы уақытта олар жұмысқа орналасады немесе әскерге барады.
Нәтижесінде 10 мың мектеп түлегінің тағдыры белгісіздеу болып қалды.

«Нұр Отан» мәселені шешуге жүйелі түрде келді. 2016 жылғы 7 қазанда партия Білім және ғылым, сондай-ақ Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерімен ын­ты­мақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Осы құжат аясында болашағын анықтай алмаған түлектерге қолдау көрсетудің тиімді тетіктері нақтыланды. Атап айтар болсақ, мынадай шаралар қарастырылды:

– халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы мектеп түлектерінің біліктілігін арттыру және жұмыспен қамту;
– халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы мамандық таңдауға көмек көрсету;
– кәсіби даярлау және қайта даярлау, біліктілікті арттыру бойынша тегін курстар ұйымдастыру;
– «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша жастарды жұмыс­пен қамту;

Меморандумға қол қою рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орын­басары Президенттің тапсырмасы бірне­ше маңызды мәселені шешетінін атап көрсетіп: «Біріншіден және ең бастысы, біз жастарға өз орнын табуға көмектесеміз, табыс табуға сонымен қатар өзінің жеке өмірін құруға мүмкіндік береміз. Екіншіден, біз «Нұрлы жол» және индустриалды бағдарлама аясында іске қосылған жаңа жобалардағы еңбек қолының тапшылығын азайтамыз.

Үшін­шіден, жаппай жұмысқа орналастыру жас адамдарды күмәнді оның ішінде деструктивті ұйымдарға кіруден сақтайды. Бұл – ауқымды әрі маңызды іс! Енді ең бастысы, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орын­далуын қатаң қадағалау қажет» деді.

Осыдан бері бір айға жуық уақыт өтті. Түлектерді жұмысқа орналастырудың нәти­жесі қандай? Аз уақыт өткеніне қарамастан, көрсеткіш көңіл көншітеді.

Бүгінде тағдыры белгісіз болып тұрған 10 мың жас адамның тең жартысына қолдау көрсетілді. Олардың болашағына алаңдамауға болады. Басқа қыз-жігіттермен жұмыс жүргізіліп жатыр. Болжам бойынша, олардың да өмірінде оң өзгеріс болады. «Нұр Отан» партиясы 16 желтоқсанға дейін мәселе түбегейлі шешілетініне уәде беріп отыр. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында жастарға жасалған сый болмақ.

Атап өту керек, осы жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру барысында жұмысшы маман­дықтарын алға жылжытуға басымдық беріліп отыр. Қазақстандағы өндіріс орындарында кәсіби мамандардың тапшылығы қатты сезіледі. Сондықтан түлектерді даярлауға және жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету кезінде «Нұр Отан» партиясы ең әуелі елімізде индустриалды-инновациалық бағдарлама аясында салынған кәсіпорындарды темірқазық тұтады. Мұның сыртында жастар инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберіндегі жобаларға жұмылдырылады.

Мен өмірден өз жолымды таптым!

Бүгінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының тұрғыны Жазира Нұруллаева ҰБТ өмірдің өткінші кезеңі ғана екенін, оны нәтижесіне қарамай, бастан өткере салу қажеттігін жақсы біледі. Ол «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Айжан» балабақшасына тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналастырылды. Жазира ұжымға бірден сіңіп кетті. Қазір балабақша оның екінші үйі секілді. Бұл жерде оны ерекше бағалайды, құрметтейді. Балалар ғана емес, ата-аналар, әріптестер Жазираны мақ­тан тұтады. Оның жауапкершілігіне, баста­машылдығына және қарапайымды­лығына айналасындағылардың барлығы сүйсінеді.

Ол өзінің болашағын бала тәрбиесімен байланыстырады. Сондықтан Есік гумани­тарлық колледжінің «мектепке дейінгі білім» мамандығына сырттай оқуға түсті.

– Балабақшада тәрбиеші болу – менің жүрек қалауым. Бұл іс менің өмірімнің мәні. Мемлекет басшысының қолдауының және «Нұр Отан» партиясы жобасының арқасында мен өмірден өз жолымды таптым, – деп қуанышымен бөлісті Жазира.
Ол балалармен араласқаннан ләззат ала­ды. Себебі, оны балалардың барлығы жақсы көреді.
Жазираның отбасы Қазақстанға Өзбек­станнан қоныс аударып келді. 7 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасында отағасы ғана жұмыс істейді. Бұдан былай әкесіне үлкен қызы Жазира қолқанат болады.

Құрылысшы деген мамандық бар

Жас құрылысшы Мұхтар Адахан Шым­кент қаласының «Достық» ықшамауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысына атсалысып жатыр. Қала үшін бұл нысанның маңызы зор. Жаңа мектептің ашылуын балалар мен ата-аналардың және ұстаздардың күтіп жүргеніне көп болды. Қазіргі мектеп 3 ауысыммен жұмыс істеп тұр.

Бүгінде Мұхтар өзінің мансаптық жо­лындағы алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Әріптестері бозбалаға үмітпен қарайды және оның міндетін мінсіз атқаруға тырысатынына ризашылықтарын білдіреді.

– Құрылысшы мамандығы қиын, алайда алғысы мол жұмыс. Биыл ҰБТ тапсыруда жо­лым болмай қалды. Басында қатты қапалан­дым, кейін өзімнің жалғыз емес екенімді түсіндім. Маған «Нұр Отан» партиясы көмек көрсетті.
Осы жерде бірнеше ай ғана жұмыс істесем де, тағдырымды құрылыспен байланыстыруға бел будым, – деді Мұхтар жүзі жадырап.

Ол мектеп құрылысын аяқтаған соң уни­вер­ситетке инженер-құрылысшы маман­дығына түсетінін және өзінің ұжымына қайтып келетінін айтты.

– Мен белгілі бір себептерге байланысты тест тапсыра алмаған және оқу орындарына түсе алмаған жастарға көмек көрсету бойын­ша партияның жұмыс берушілерге бағыт­тал­ған үндеуін толық қолдаймын, – деді Мұхтар.

Партия маған жаным қалайтын жұмыс табуға көмектесті

Мұхаммеджан Әміртаев Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Тас­кескен ауылында әкесі ғана жұмыс істей­тін көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жасөспірімнің мемлекеттік грантқа қолы жетпеді, ал ақылы бөлімде оқуға мүмкіндігі болмады. Оған «Нұр Отан» партиясының аудандық бөлімшесінде жұмысқа орналасуға көмектесті. Қазіргі таңда Мұхаммеджан «Duos битум» ЖШС-да жүргізуші болып жұмыс істейді. Осылайша, оның арманы орындалды. Барлық балалар сияқты ол да бала күнінен жүргізуші болуды армандаған. Әріптестері оны тәртіпті және жауапкершілігі мол қызметкер деп мақтайды.

– Жақсы жүргізуші болу үшін көп нәрсе білу керек. Жол жүру ережелерін, автокөліктің құрылымын жетік білу қажет. Көлікте жауап­ты әрі сақ болу керек, себебі, өзіңнің өмірің­мен қоса басқа адамдардың өміріне жауап­ты­сың. Партия маған жаным қалайтын жұмыс табуға көмектесті. ҰБТ-да жақсы нәтиже көр­сете алмаған жастарға көмек көрсетуді партияға тапсырған еліміздің Президентіне шексіз алғысымды білдіремін. Бұл бізге көрсетілген үлкен көмек болды, – деді Мұхаммеджан.

«Байқоңыр» шипажайына қош келдіңіздер!

Нұркен Оразымбет Оңтүстік Қазақстан облысы Сарығаш ауданында дүниеге келген. Панфилов атындағы орта мектепті тәмам­даған. ҰБТ қорытындысы бойынша тиісті балл жинай алмауына байланысты ЖОО-ға түсе алмады.
– Қазіргі кезде жұмыс берушілер жас мамандарға жоғары талап қояды. Мен жұмысты ұзақ іздедім. Тұрақты жұмысқа жұ­мыс өтілі және жоғары білім туралы диплом қа­жет. Жұмыспен қамту орталығына да бар­дым, бірақ нәтиже болмады. Енді міне, «нұр­отан­дықтардың» арқасында менде тұрақты жұмыс және жақсы табыс бар, – деді бозбала.

Қазіргі таңда Нұркен «Байқоңыр» шипажайында әкімші болып жұмыс істейді. Ол өз болашағын қызмет көрсету саласымен байланыстырғысы келеді.

Лидия өз арманын орындады

Қостанай облысының Аманқарағай ауылынан шыққан Лидия Нұрғазина ІІМ академиясына оқуға түсуді армандайтын, бірақ өмір оның тағдырына өз түзетулерін енгізді. Грантқа ие болу үшін тиісті балл жинай алмаған бойжеткен өзінің бұрынғы арманы – стилист-шаштаразшы болуды есіне түсіреді. Қазір ол «Лидер» оқу орталығында білім алып, шеберлігін шыңдап жатыр. Шаштараз – адамдарға әсемдік пен бақыт сыйлайтын сиқыршы. Желтоқсан айында жас стилист өзінің Аманқарағай ауылында жұмысқа кіріседі.

– ҰБТ-дан кейін өмір жалғасады, маған сеніңіздер! Қазіргі кезде стилист-шаштараз қажетті әрі жоғары жалақы төленетін мамандық. Балалық шақтағы арманымның орындалып жатқанына ризамын. Болашаққа деген жоспарларым зор, – деді Лидия.

Түлек – партияның қамқорлығында

Бүгінде Юлия Гончар С.Мұқашев атын­дағы Атырау политехникалық колледжінің студенті. Күні кеше ол болашағы қалай бола­тынын білмеген еді. – Мен шекті көрсет­кіш­тен аса алмаймын деп ойлаған жоқпын. Тың­ғылықты дайындалдым, өз күшіме сенімді бол­дым, алайда жолым болмады. ҰБТ-ның шек­ті көрсеткішінен аса алмағанда болашағым бұлыңғыр болып көрінді. Жігерім жасып, жан дүнием құлазып кетті. Ең басты­сы, мен ата-аналарым үшін уайымдадым. Се­­бебі, олар маған үлкен үміт артты. Бола­шақ­­қа де­ген сенімге «Нұр Отан» партиясы мен «Жа­лын» бастауыш партия ұйымының қолда­уы­ның арқасында қайта ие болдым. Сөйтіп, кол­­леджге «Өндіріс және химиялық техно­ло­гия» мамандығына қабылдандым, – деді ол.

Аспаз мамандығы – менің мамандығым

Ирина Кандыба есімді түлек «Нұр Отан» партиясы Зырян аудандық филиалының ықпал етуімен «Плюс» ЖШС-ға аспаздың кө­мекшісі болып жұмысқа орналасты. Бірша­ма уақыттан соң оның қызметі өсті. Жұмыс беруші Иринаның еңбегі мен жауапкершілігін ерекше бағалады. Қазір Ирина – аспаз.

– Десерт дайындау менің сүйікті ісім. Қазір мен өзімнің қолтаңбамды қалыптас­тырып жатырмын. Жинаған тәжірибем мен пар­тияның қолдауының арқасында өз салам­ды, өз мамандығымды тапқанымды түсіндім. Бұдан былай осы іспен өмір бойы айналыссам деп отырмын.

Арманның соңынан тоқтаусыз жүру керек. Президенттің тапсырмасымен партия жүзеге асырып отырған жоба бізге болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беріп отыр, – деді жас аспаз.

«Нұр Отан» партиясы менің қамқоршыма айналды

Гүлзат Жұман Қызылорда облысы Қаза­лы ауданы Қазалы ауылындағы Алтынсарин атындағы мектепті аяқтады. Ол жоғары оқу орнына грантқа түсу үшін тиісті көрсеткішке қол жеткізе алмады.

– Ақылы түрде білім алуға отбасымның мүмкіндігі жетпеді. Отбасы кеңесінде биыл жұ­мыс істеп, келесі жылы оқуға қайта тапсы­ра­тын болып шештік. 2 ай жұмыс таба алмай жү­р­дім. Амалым таусылған соң, «Нұр Отан» пар­­тиясына келіп, жұмысқа орналастыру бойын­ша өтініш білдірдім. Сол-ақ екен партия менің қамқоршыма айналып шыға келді, – деді ол.

«Нұротандықтар» жас қызды мұқият тыңдап,А.Жиенқұлова атындағы «Байқоңыр» колледжінің «Шаштараз өнері және декоративті косметика» мамандығы бойынша қайта даярлаудың екі айлық курсына қабылдануына ықпал етті.
– Өз болашағымды осы мамандықпен байланыстырамын. Бұл өте қызықты ма­мандық, – деді ол.

Ұстаздар Гүлзаттың өте талантты адам екенін айтып отыр.
– Біз оған үлкен үміт артып отырмыз, – деді партияның Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан.

Түлектердің пікірі

Диана БЕЙСЕМБЕК:
– Өмірде өзің жалғыз еңсере алмайтын қиын жағдайлар болады. Сондайда салың суға кетеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде шектік көрсет­кіштен аса алмағанда күйзеліске ұшырадым. Ата-анамның «мойнына мінгім» және ақылы бөлімде оқығым келмеді. Мен әке-шешеме көмекте­семін деп шештім. Жұмысты көп іздедім. Жұмысқа орналасуыма «Исткомтранс» ЖШС «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы Дмитрий Демченко ықпал етті. Ол маған менеджерлік қызмет ұсынды. Бір жылдан соң оқуға қайта тапсыруды жоспарлап отырмын.

Манар МОЛДАЛИ:
– Қазір мен «Ақпараттық-сарап­тама орталығы» АҚ-тың комму­никация және ақпарат департамен­тінде менеджер болып жұмыс істей­мін. Мен ұйымшыл ұжымға келдім. Мен өз жұмысымнан мансап­тық өсу мен жарқын болашақ көремін. Келесі жылы жұмыс берушінің есебінен мені кеңсе-менеджерінің курсына кәсіби біліктілігімді арттыру үшін оқуға жібереді. Қолдау көрсет­кені үшін партияға алғыс білдіремін. Өмірімде алғаш рет туыс-туғанда­рымнан басқа адамдардан қолдау көруге болатынына көз жеткіздім. Мен партияның сенімі мен үмітін ақтау үшін қолымнан келгенше бар мүмкіндігімді толық ашуға күш жұмсаймын.

Әлімжан ТӨЛЕУҒАЛИЕВ :
– ҰБТ – лотерея билеті секілді. ҰБТ-ны сәтті тапсырғандардың арасында оқу үлгерімі нашар түлектер де болды. Мен сынақтан сүрінбеймін деп ойладым. Алайда мақсатыма жете алмадым. Көрсеткен нәтижеме көңі­лім толмады, қатты ренжідім. «Нұр Отан» партиясының түлектерге қолдау көрсететіндігі туралы ақпарат мені де, менің отбасымды да қуа­нышқа бөледі. Қазір мен Х.Досмұха­медов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тыңдаушысы болып жүрмін. Қыста кешенді тестілеуді сәтті тапсырып, мақсатыма жетемін деп ойлаймын.

Равиль МУСЛИМОВ:
– Мен Құрманғазы ауданындағы мектепті тәмамдадым. ҰБТ-дан қажетті балл жинай алмағандықтан отбасыма қаржы жағынан көмектесу үшін жұмыс істеуге бел будым. Маған аудандық мәслихат депутаты Жұмажан Шакупов және «Бірлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бауыржан Ақпанов қолдау көрсетті. Қазіргі кезде мен Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы «Каспий» өндірістік кооперативінде балықшы болып жұмыс істеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Менің ұжымым өте ұйымшыл. Қолдау көрсеткені үшін партияға алғыс білдіремін.

Жұмыс берушілердің пікірі

Сергей СМИРНОВ,
«Плюс» ЖШС директоры:
– Біздің кәсіпорын партияның қала және аудан өміріндегі қоғамдық-саяси жобаларын іске асыруға белсене қатысады. Сондықтан партияның түлектерді жұмысқа қабылдау туралы ұсынысын қуанышпен қабыл алдық. Қазіргі кезде біздің ұжымда жас маман жұмыс істейді, оны өзіміз оқыттық. Өте жауапты әрі тиянақты адам бол­ған­дықтан біз оның қызметін бір сатыға жоғарылаттық. Мұндай жо­балар жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге, ал жұмыс берушілерге кадр мәселесін шешуге көмектеседі.

Надежда ХАЛИЛОВА,
Зырян қаласының №6 орта мектебінің директоры:
– Биыл алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындаған бағыты және «Нұр Отан» партиясының белсенді жұмысының арқасында ҰБТ-да тиісті балл ала алмаған мектеп түлектері назардан тыс қалған жоқ. Бұған дейін олар өз тағдырлары үшін өздері ғана жауапты болатын. Енді оларға мемлекет қол ұшын беріп жатыр. Біз алғашқылардың бірі болып партияның үндеуіне үн қосып, мектеп түлегін «иллюстратор» ретінде жұмыс­қа қабылдадық. Ол бізде 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралы­ғында өзін жауапты әрі тәртіпті адам ретінде көрсете білді. Әрі біздің меке­ме­нің дамуына қомақты үлес қосып отыр. Біз мұндай бағдарлама­ларды қол­даймыз және жастарға көмек көрсе­ту қажет екенін түсінеміз. Себебі жастар – біздің мемлекетіміздің болашағы.

Жұмажан ШАКУПОВ,
«Каспий-Балық» ӨК директоры:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев және «Нұр Отан» партиясы ҰБТ-ның шекті көрсеткішінен өте алмаған жастарды жұмыспен қамту мәселесін көтеріп отыр. Мұндай жас­тар­ға қол ұшын созу – әрқайсымыздың міндетіміз. Мен өз елімнің патриоты ретінде жастар мәселесін шешуге белсене қатысамын. Биыл біз ендігі жылы ЖОО-ға түсуге бел буып отыр­ған бірнеше мектеп түлегін жұмысқа қабылдадық. Олар өз өмірлерін балық шаруашылығымен байланыстырмақ. Мен оларға мамандық таңдауда бағыт бергенімді мақтан етемін.

Жанар ДӘНІБЕКОВА,
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы «Айжан» балабақшасының меңгерушісі:
– Ел Президенті бала тәрбиесі бұл – болашаққа салынған инвестиция екендігін бірнеше рет айтқан болатын. Біз Президенттің және «Нұр Отан» пар­тиясының бастамасын бірден қол­да­д­ық. ҰБТ-дан өтпей қалған мектеп түлегін тәрбиешінің көмекшісі ретінде жұмысқа қабылдадық.
Қазір ол тәрбиеші болуды арман­дайды. Біз үшін жас түлектің өмірінде елеулі рөл атқарғанымызды сезіну үл­кен қуаныш. Қазіргі кезде біздің бала­бақшада 18-25 жас аралы­ғындағы кәсі­­би мамандар жұмыс істейді. Осы жоба аясында біз қатарымызды жауап­ты әрі тиянақты мамандармен толықтырдық.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз