Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-5
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Мырзатай Жолдасбек: “Дін мен дәстүрдің беріктігі – рухани тұтастықтың кілті”

155

365info.kz порталына еліміздегі қазіргі діни ахуалға қатысты пікір білдірген танымал қайраткердің көзқарасы оқырманға да ой-салар деген ойдамыз. Сонымен…

«Дінге қатысты ой-пікірлерімде күлбүлтелеу жоқ, өздеріңіз де білесіз. Тура сөйлеуге тырысып жүрміз.

Дінді ұстай білудің өзі үлкен сынақ. Дін әсте ойыншық емес. Дінге орашолақ қарадың екен, күндердің күні от басасың. Дінді толық танымай жатып, оны саясиландырғысы келетін, тіпті саудағысы салғысы бар топтар көбейген қазіргі күні.

Осындай көлденең көк аттылардың кесірінен діннің әуел бастағы мақсатынан алшақтап кеткендейміз. Бұл туралы айттым да, жаздым да…

Дін біреудің қолжаулығы емес, кәсіп те емес, нәсіп те емес. Дін дегеніміз – биік парасат, іңкәр махаббат, таза мәдениет, адал ар-ождан, түпсіз-терең тағылым.

Дін дегеніміз ғылым. Бұл екеуі – егіз ұғым. Ғылым-біліммен сусындамасаң, демек дінді де толық танымағаның.

Дінге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Дінді қаруға айналдыруға болмайды.

Әттең, әзір өз әрекетімен исламға күйе жағышулар көбейді. Арандатушылар, адастырушылар көбейді.

Бұлар діннің шын мақсатын түсінбегендер. Ақылы таяз, білімі толықпағандар. Бұлар өзін діншілміз деуге лайықты емес. Дін сүйекке сіңіп, қанға араласуы керек әрбірден соң. Сонда ғана жамағатқа уағыз айтуға лайықты боласың.

Ал қазір қалай осы? Сақал өсіргеннің бәрі шетінен молла. Ауыз бекітіп, 5 уақыттық намазын қала қылмай жүргеннің бәрін: «Мынау діндар. Осының аузына қарайық, сөзіне құлақ салайық» дейтін болдық. Оның алғам біліміне, ой-деңгейіне, әрбірден соң ақыл-парасатына қарап жатқан ешкім жоқ.

Бесіктен белі шықпай жатып ата сақалын аузына түсірген, көпті көрмей жатып көпке ақыл айтатындардан аяқ алып жүре алмайсың.

Менің ұсынысы мынау: жалпақ жұртты хадистермен, уағыздармен сусындатуды кім көрінгенге емес, мешіттегі молдаларға, дін маманының еншісіне сеніп тапсыру қажет.

Білесіз бе?

Менен қазіргі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жұмысына қатысты пікірімді жиі сұрайды. Айтарым, мүфтият дәстүрден жырақ емес. Ата-бабамыздың тарихы мен дінді тонның ішкі бауындай бірге сабақтастырып келеді. Бәлкім, айтуға ғана оңай шығар.

Ұлттық салт-дәстүрмен исламның канондарын үйлестіре білу үшін үлкен көрегенділік, білгірлік, білімділік керек.

Дін мен дәстүр. Дәстүр мен дін. Дәл қазіргі мақсат осы екеуінің аражігін ажыратпай, берік байланыста ұстау.

Қателеспесем, 2016 жылы елімізде Діни басқарма тарапынан «Дін және тарих» жылы деп жарияланды. Осындай игі бастамалардың жалғасын тапқаны жөн.

Дегенмен, айтар ақылым да бар. Мүфтияр жұрт ішінде дінге, дәстүрге қатысты күнбе-күн туындайтын ондаған, жүздеген сауалға салиқалы, салмақты түрде әрі дер кезде жауап беруге ұмтылғаны жөн.

Рухани тұтастықты сақтау үшін қажет бұл. Дін мен дәстүрдің беріктігі рухани тұтастықтың кілті.

Қоғам да тірі ағза. Ілгеріде «исламды көлденең көк аттылар емес, мүфтияттың шекпенінен шыққан мамандар уағыздауы қажет» деп бекерге айтқан жоқпын. Көлденең көк аттылардан қорқамын, себебі. Көпшілігі имам деген атқа сай емес. «Имам» сөзі «иман» сөзінің синонимі біле білсеңіз. Имамның сөз саптауы мен кісілік келбетінен-ақ одан «иман» ұғымы мен мұндалап тұруы керек.

Бұл – аксиома

Қадым заманнан бері дау туғызбайтын ақиқат – діни білім аз. Діни білімді зайырлы біліммен толықтыра білу қажет. Сонда ғана жан-жақты толысқан имам атануға лайықтысыз. Сонда ғана өзіңізді «бүгінгінің имамымын» деуге құқыңыз бар.

Жалғанда әлгі бір әсіредіншілдер қауіпті. Дін мен дәстүрдің арасына жік салатын да солар. Мен мұны әрдайым жүрмін, мұндайдар дін жолында елден, қоғамнан жырақтанбауы керек еді.

Өздеріңіз білесіздер, жылда бір дау туындайды. Мектеп формасына қатысты талап әлдеқашан айқындалған. Алайда осы талапты аттап өткісі келетін ата-аналар бар. Неге солай? Үкімет пен мүфтияттық мектептік киім үлгісіне қатысты талаптарына түсініктікпен қарауға болмай ма? Болады.

Бірақ, әлгіндей әсіредіншілердің кесірінен аңғал ата-аналар арандап қалуда. Әсіредіншілердің ата-ананы, баланы ойлап отырған дәнекесі жоқ. Керісінше қоғам мен діннің арасына сына қаққысы келеді олардың.

Турасын айтқанда, әлгіндей арандатушыларға берер кеңесім, тарихпен танысыңдар. Қазақ әйелі ешқашан бөтен ұлттық, бөтен елдің киімін кимеген. Айналып келгенде, бұл тәуелсіздік тамырына балта шабу.

Мұның көрінісін көріп те жүрміз. «Қазақпын» деуге арналатын, ал «мұсылманмын» деуге асығып тұратындар бар арамызда. Айтыңызшы, мұндайларға елдің ертеңін сеніп тапсыруға бола ма? Құдай сақтасын! Қазақты сүю, ұлтын сүю, отанын құрметтеу дінге қайшы емес! Керек десеңіз, тұтас ислам дінінің көздеген мақсаты – бірлік.

Тоқ етерін айтқанда, бәрі «пісмілләдан» басталады ғой. Үйге кіргенде де, мешітке барғанда да «пісміллә» деп кіру қажет. Бұл үшін тән тазалығы ғана емес, рухани тазалық қажет адамға.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз