Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

“Мына “Оңай” бәле болды!”. Кондуктордың сөзіне алданып қалмаңыз

101

Алматыдағы қоғамдық көліктерге арналған электронды төлем жүйесі былтырғы жылдың басында іске қосылған. Оның өзінде бірнеше рет шегерілген. Дайын болмаған. “Оңай” валидарторлардың орнына келді. Автобуспен жүретін қауым жолақыны электронды түрде төлейді, әзір. Иә, бастапқыда қиын болды. Кондукторға үйреніп қалған ел “Оңай” картасын алып үлгермеді. Кәртішкесі жоқтар автобусқа міне алмады. Дау болды. Ұрыс-керіс болды. 

“Алматы қаласы көлік холдингі” тіпті әріге кетті. 

“Билетсіз жүрген жолаушыларға 4242 теңге көлемінде айыппұл саламыз. Мұндай жазадан көлік жүргізушісі де аман қалмайды. Егер ол тізгіндеген көлікте электронды билет құрылғысы бұзылып қалғанына қарамастан, жүрісін жалғастырып, жолаушылардан қолма-қол ақша алған болса, 10605 теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Электронды билет құрылғысы жұмыс істемей тұрған қоғамдық көліктің бағытын жалғастыруына тыйым салынады. Жолаушылар жолақысын жүргізушіге төлемей-ақ, көліктен шығып кетуге құқылы”, – деді холдинг басшылығы.

Әзір Алматыда 1600-ден асып жығылатын автобус бар. Күніне миллионға жуық жолаушы қоғамдық көлікпен қатынайды екен. 

Ақыры үйреністі. Автобуспен жүретін жұрт “Оңай” картасын сатып алды.

Білесіз бе? 

Жолаушыларға арналған көлік картасының бірнеше түрі бар. Бірыңғай көлік картасы ешқандай жеңілдіксіз жүретін жалпы жолаушыларға арналған. Мұның бағасы – 400 теңге, жол жүру құны – 80 теңге.  Сондай-ақ, бірыңғай көлік картасын өзге қаладан Алматыға іссапарға немесе демалысқа келген қонақтар да арнайы сауда нүктелерінен сатып алып, пайдалана алады. Ал пайдаланған картаны кейін сауда орындарына қайта өткізіп, 320 теңгесін қайтарып алуына мүмкіндік бар. Одан кейін оқушының, студенттің көлік картасы бар. Бұл карталар оқушыларға мектепте, студенттерге жоғары оқу орындарында тегін беріледі. Оқушылар мен студенттер үшін жол жүру құны – 40 теңге. Сонымен бірге, әлеуметтік көлік картасы мен соғыс ардагерінің көлік картасы қолданылады.  Соғыс ардагерлері мен әлеуметтік көлік картасы бар жолаушылар да жолақысы үшін 40 теңге төлейді.

 

6-7 миллиард кімнің қалтасында кетті? 

Картаның халыққа қаншалықты ыңғайлы болғанын білмейміз. Қала әкімі Байбектің көңілі жайланғаны анық, алайда. Көлеңкелі ақша айналымнан шықты өйткені. Қала бюджетіне түсетін салық өсті. 

 2015 жылы «Оңай» жүйесімен 3 млн. 733 мың 447 транзакция жасалып, 231 млн. 231 мың 415 теңге қаржы қала қазынасына түскен. Биыл жыл басынан бергі көрсеткішке көз жүгіртсек, қала қазынасына 10 күн ішінде «Оңай» картасынан 67 млн. 290 мың 240 теңге түскен. Ал жарты күн ішінде 139 мыңнан астам транзакция жасалып, 8 млн. 537 мың теңге қазынаға құйылған.

Бастапқыда 473 826 «Оңай» электронды картасы айналымға түсіп, онда 108 086 195 теңгенің жолақысы төленген.

Сондай-ақ, Алматы қалалық Жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділовтің хабарлауынша, «Оңай» жүйесін енгізгенге дейін бір айдағы орташа табыстың көлемі 830 миллион теңге болса, ал жаңа электронды жүйе енгізілгеннен кейін, наурыз айындағы табыс 1 010 917 670 теңгені құраған екен.

Сонда бір айда қалалық бюджетке 180 917 670 теңге пайда артық түскен.

Алматы қаласының басшысы Бауыржан Байбек Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте:

«Ең бастысы, адам факторын жойып, бюджеттен тыс кетіп жатқан ақшаны жарыққа шығарады. Мен халықтың ақшасын қайда шашып жатқанын көрсетуім керек. Қала тұрғындары өз қаржыларының өздеріне сапалы қызмет ретінде қайтып жатқанын білуі тиіс. Бұған дейін қоғамдық көліктерді пайдаланатын жолаушылар есебі бізге белгісіз болды: қандай шығын шықты, кіріс көлемі қаншалықты, жолаушылардың ақшасы қайда кетіп жатыр?

Ал бүгінде жаңа жүйенің арқасында жолаушылар нарығының көлемі 19-20 миллиард теңге екендігін бағамдап отырмыз. Яғни, 6-7 миллиард теңгені көлеңкелі экономикадан шығарамыз»

– деді.

Бұған дейін қолданыста болған қолма-қол есеп айырысудан да, жаңашыл валидатор жүйесінен де бюджетке ауыз толтырып айтарлықтай пайда түспеген. Ескі жүйе бойынша қазынаның қоржынына тек парк иелерінің төлеген салығы ғана түсіп отыратын. Былайша айтқанда, қолма-қол есеп айырысу нәтижесінде қаржының бәрі жеке автобус парктерінің иелеріне, жүргізушілер мен кондукторлардың қалтасына түсіп отырған.

 

“Водительге” төлей салған оңай…”

Сөйткен “Оңайдың” соңғы тез сұйылып кетті? Неге? Осыдан үш-төрт ай бұрын қосақталып жүрген тексерушілердің арқасында қоғамдық көлікке «Оңай» картасынсыз ешкім отырмайтын.

Ал қазір ше? Жолаушылар бәз-баяғы қалпына қайта түсіп, қолма-қол төлеуге көшсе, жалмаңдаған кондукторлар да орнына қайта жайғасқан. Ол ол ма, көлік жүргізушісі де, кондуктор да жолақысын «Оңай» картасымен төлейтін жолаушыға қабақ шытып қарайтынын да көз көрді.

Неге?

Бұл ретте мақала авторы “Оңай” картасына антижарнама жасаған кондуктордың сөзін мысалға келтіріпті.

 Есік аузында кептеліп қалған жолаушы «Оңай» картасын жанындағы біреуге «басып жіберіңізші» деп өтініш жасағаны сол еді, бас салып айқайға салған кондуктор:

«Осы бір «Оңай» картасы да бәле болды. Көбі салған ақшамыз тез бітіп қалады дейді. Картаны мониторға басқан сайын ақша жеп қоя ма, бірдеңе сияқты. Одан да «көрінгенге жем болмай», сол ақшаны тікелей бізге төлей салмайсыңдар ма?»

деп түлен түрткендей тулап кетті.

 Қазір алғашқы кезде «Оңай» картасын тұрақты қолданып жүрген жолаушылар да қолма-қол төлеп жүр екен. “Оңайдың” шаруасы таусылды ма сонда? Оны енгізудің өзі оңай болмаған еді ғой. “Оңайға” қарсы шығып отырған көлеңкелі бизнестің көкелер кім? Аты-жөні? Одан бұрын олар неден қағылды? Білсе ғой, анықтаса ғой…

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз