Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-5
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Мұқан Исахан: “Дәстүр мен дінді бөліп-жармайтын бағытты ұстануымыз қажет”

587

Біздің осы және өзге де сауалдарымызға «Нұр-мүбәрак» университетінің дінтанушы ғалымы Мұқан Исахан жауап берді.

«Дін дегеніміз не? Білесіз бе, егер тарихқа үңілер болсақ ғалымдар бұл сауалға жауапты әлдеқашан беріп кеткен. Діні мемлекетті басқаратын елдер бар немесе керісінше мемлекет дінді басқаратын елдер де аз емес.

Меніңше, бұл арада өз елімізге қатысты пікір айтқаным жөн болар. Біздің елімізде дін мемлекеттен бөлінген. Орысша айтқанда мұндай елдерді «светский» дейміз. Қазіргі күні зайырлы деп айтып жұрміз. Мұның мағынасы қандай?

Міне, осыны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Білсе де, толық түсінбеуі ғажап емес.

Зайырлы мемлекеттерде дін тұтас елдің басты мұраты емес. Зайырлы деген сөздің өзі арабшадан аударғанда захыр – нақ, анық деген мағына береді.

Түсінікті тілмен айтқанда зайырлы мемлекетте о дүниенің, тылсымның мәселесі қарастырыла бермейді. Айталық, Ислам діні толықтай мемлекеттік басқаруда қолданылатын елдерде адамның о дүниедегі бақыты туралы мәселесі ашық айтыла береді. Иә, бұған қоғам болып жұмылады.

Біз зайырлы елміз. Шыны керек осыны қабылдағысы келмейтіндер көп. Жастардың жаппай дінге бет бұруы мен дінге ұрынуы екі бөлек мәселе. Дінге бет бұрған дұрыс, ал ұрынған қауіпті. Дінге бет бұру саналы түрде жүруі қажет, ал ұрыну көп жағдайда еліктеуден басталады.

Теология ғылымында тәхлиди деген ұғым бар. Еліктеу деген мағынаны береді. Ал негізінде дінге саналы түрде келу керек.

Еліктеуден туындайтын тағы бір қауіпті жайт – жамағатқа бөліну. Бұл ұлтқа әсте пайда әкелмейтін құбылыс. Осы мәселені талай мәрте көтердім. Жаздым да, айттым да.

Қазақ өз ішінен бөлінбеуі үшін, жамағатқа жіктелмеуі үшін біздің өз діни элитамыздың қалыптасқаны қажет. Бүгінгі ҚМДБ қарамағында істейтін дін мамандары сол элита өкілдеріне айналуы қажет деп санаймын.

Түптеп келгенде, дін қазақты біріктіруі керек. Бұл үшін дін мен дәстүрді керағар қоятын топтармен, ағымдармен ашық күрес жүргізу қажет. Дін – догма, алайда өзіміздің ұлттық, тарихи принциптерімізден ауытқыр болсақ мұның арты қазақты бөлінушілікке ұрындыратын болады.

Елбасымыздың «Әзірет Сұлтан» мешітінде сөйлеген сөзі есіңізде болар.

«Жаһандағы әрбір дін түптеп келгенде адамзатты бірлікке, адалдыққа, ізгілікке, бір-бірімізге құрметпен қарауға үндейді. Құранда да өзіңнің көйлегің көк, тамағың тоқ болып, ал іргедегі көршің аш-жалаңаш отырса, ендеше сен мұсылман болып есептелмейсің делінген. Мұнда жер бетіндегі барша мұсылмандардың белгілі бір ағымға немесе жікке бөлінбейтіні де нақты айтылған. Ендеше нағыз мұсылман ол – халыққа, қоғамға, мемлекетіне қол ұшын созатын, барлық дінді бірдей көретін адам», – деген еді Мемлекет басшысы.

Бұдан туындайтын түйін – қазақ алауыздыққа түспеуі, дінге бөлінбеуі үшін діни сауаттылық қажет бізге. Мұны да үнемі айтып жүрміз. Халықтың діни сауатын ашу үшін жалпы дін, діндер тарихын, мұның ішінде еліміздегі діндердің арғы-бергі тарихын оқытсақ ұтылмаймыз. Осының аясында дәстүрмен сабақтасқан өзіміздің ұлттық дініміздің қыр-сырын өсер ұрпақтың санасына сіңдірер едік».

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз