Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға тарта педагог еңбек етеді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, олардың 300 мыңға жуығы аттестация нәтижелері бойынша біліктілік санаттарына байланысты қосымша ақы алады.
2020 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтердің айлық еңбекақысы екі есеге артты. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға көбейтілді. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде өндірістен тартылған мамандарға 30-35% көлемінде қосымша ақы қарастырылды.
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған соң, мұғалімдердің жалақысы бірқатар факторларға байланысты есептелетін болды. Олардың қатарында:
• Білім деңгейі мен біліктілік санаты (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор)
• Еңбек өтілі
• Жүктеме көлемі
• Жұмыс жағдайы
• Академиялық дәрежесінің болуы (10 АЕК)
• Тәлімгерлік қызметі
• Сабақтан тыс спорттық дәрістер өткізуі (базалық жалақыдан 100%)
Ауылдық жерлердегі мұғалімдерге ерекше көңіл бөлініп, олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары белгіленген.
2024 жылдың қорытындысы бойынша мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме (16 сағат) үшін 352 мың теңгені, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңге болды. Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, елдегі педагогтердің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс істеп, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады.
Қазақстан білім беру саласында жетістікке жеткен педагогтерді ынталандыру жүйесін дамытқан елдердің бірі. Олимпиада жеңімпаздарын дайындаған, мемлекеттік марапаттарға ие болған мұғалімдерге қаржылай сыйақылар беріледі. 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақы лауреаты атанып, 3,6 млн теңге (1000 АЕК) көлемінде марапат алды. Олардың қатарында Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары және «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары бар.
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда мұғалімдердің еңбекақысы айтарлықтай өсті. Мемлекет тек жалақыны арттырумен шектелмей, қосымша үстемеақылар мен марапаттау жүйесін енгізу арқылы педагогтердің әлеуметтік мәртебесін жақсартуға бағытталған маңызды реформаларды жүзеге асырды.