Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-5
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Молдалардың өлім-жітімде құран оқып тапқан табысы бақылауға алынуы мүмкін

Дін істері министрлігі киімнен кейін қысқа балақ пен қауға сақалға да кіріспек, деп хабарлайды КТК арнасы.

Үкімет бұған дейін адамдардың киімін түгендеп, тұмшаланып жүруге  заңмен тыйым салған емес. Елімізде бірінші рет «көше, дүкендер мен ойын-сауық орталықтарында, жалпы қоғамдық орында жүзіңізді жасырмаңыз»  деген талап қойылып отыр.

Яғни, діни наным-сеніміне қарамастан кез-келген азаматтың бет-әлпеті ашық болуы тиіс. Жұрттың үстіндегі киімін үш бірдей ведомства: Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер мен Дін істері министрлігі қатаң бақылайды. Ал заңды бұзғандарға жүздеген мың айыппұл салынады.

«Киім-кешек кезінде бет-әлпеті жабылмау керек. Ең бірінші талаптың бірі. Бірінші ескерті, содан кейін айыппұл. Жеке басты азаматтарға 30 АЕК басталып, содан кейін 50 АЕК айыппұл. Ұйымдарға 100- ден 200 АЕК салынуы мүмкін», – дейді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев.

Шенеуніктер жаңа заң қабылданған соң діни бірлестіктермен бірігіп қысқа балақ пен қауға сақалдыларға да ортақ тыйым ойлап таппақ. Сонымен қатар, бұдан былай мешіт, шіркеуден өзге жерде діни жоралғылар жасауға болмайды. Мәселен, дін жолымен неке қию үшін ерлі-зайыпты міндетті түрде мешітке келуі тиіс. Жаңа заң бойынша, мешіт, шіркеу мен діни ұйымдардың барлығы мемлекетке кіріс пен шығысы жайлы есеп беруі міндеттелмек.

«Діни бірлестіктер көмекті тек ақшалай ғана емес, материалдық тұрғыда да алып тұрады. Бір кәсіпкер көлік сыйлауы мүмкін, бір кәсіпкер көмір түсіріп беруі мүмкін. Енді жаңағы ақпаратта ақшалай емес материалдық кірістер қалай ескеріледі, ескеріле ме жалпы?» – дейді Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов.

Жалпы, ресми тіркелген діни ұйымның барлығы жылына бір рет газет, журналға табысы туралы ақпарат жариялауы тиіс дейді министр. Бұл мешіттерге де қатысты. Қазір елімізде 2 жарым мыңнан астам мешіт бар. Ал Дін істері министрлігі жаңа заңға имамдардың жеке тапсырыс арқылы, яғни өлім-жітімде құран оқып тапқан табысын есептеу әдісін енгізуді ұмытып кетіпті.

«Соны ойламаппын. Оны да қарастыру керек. Діни басқармамен ақылдасайық. Олар жеке кәсіпкер емес қой, патентпен жұмыс істейтін.  Құдайға сеніп жүрген адамдар көңілдері, жүректері таза болу керек. Шындықты айту керек қой», – дейді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев.

Намаз оқу жайлы да сөз болды. Азаматтар бос уақытта немесе басшымен келісіп жұмыс кезінде құлшылық етуге құқылы. Оған ешкім кедергі келтірмейді, деді министр.

Және осы құжатта дінсіздер мен діннің шарттарын қатаң ұстанғандардың құқығы теңестірілмек. Ал ел азаматтарының 15 пайызға жуығы атеист екен. Дін істері туралы жаңа заң жобасын бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Төменгі палата құжатты екінші оқылымда тағы талқыламақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз