Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
17
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Министрлік өкілдері мен депутаттар ақпарат тарату мәселелерін талқылады

Мәжіліс депутаттары, мемле­кет­тік органдар мен қоғамдық ұйым­дардың және бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері қатыс­қан отырысты Парламент Мәжі­лісі Халықаралық істер, қорға­ныс және қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, кіріспе сөз сөйледі.

– Бүгін біз комитеттің көшпелі отырысын Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – осыдан бір жыл бұрын қабылданған «Ақ­паратқа қолжетімділік туралы» Заңның орындалу барысын талқылау. Өздеріңіз білесіздер, осы заңның қабылдануына біздің комитет бастамашылық жасаған-ды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Бес институттық рефор­ма­сы аясында қабылданған болатын, – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан әрі ол бүгінгі қарасты­рылып отырған мәселенің қоға­мымыз үшін маңыздылығын атап өтті.

– Аталған заң қоғамымызда маңызды рөл атқарады. Бұл заң­ды дайындау барысында мемле­кеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құ­ралдары өкілдерінің ұсыныс-пікірлері қаперге алынып, барынша ыждаһаттылық танытылды. Халықаралық тәжірибелерге де назар аударылды. Осылайша қабылданған бұл заң отандық және шетелдік сарапшылар тарапынан да лайықты бағасын алды.

Тіпті, ақпараттық қоғам мәселелерін қарастыратын әлемдік деңгейдегі форумда да /The World Summit on the Information Society/ Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңы жоғары бағаланып, оның уақыт талабына сәйкестігі, жаңашылдығы және басқа да ерекшеліктері атап өтілген болатын. Біздің осы заң 2016 жылдың мамырында ақпараттық кеңістіктегі барлық жобаларға арналған конкурста бірінші орын алды. Осы форумда, сондай-ақ, Қазақстанда азаматтардың ақпаратқа қол жет­кізуіне мейлінше жақсы жағдай жасалып отырғаны, мемлекеттік органдардың ашықтығы айтылды, – деді комитет төрағасы.

Бұдан кейінгі сөз Ақпарат жә­не коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа берілді. Ми­нистр бірінші кезекте бүгінгі тал­қыланып отырған мәселенің өзектілігіне екпін бере отырып, қазіргі таңда нақты қолға алынған істерге тоқталды.

– Жалпы, азаматтарды ақпа­рат­пен қамтамасыз ету – біздің министрліктің негізгі міндеті. «Ақ­паратқа қолжетімділік туралы» Заңның қабылданғанына шама­мен 1 жылға жуықтады. Бүгін біз­ге жұмыстарымыздың аралық нәтижесін анықтау маңызды. Заң­ды жүзеге асыру үшін нормативтік база құру жұмыстары аяқталды, – деді министр.

Бұдан бөлек, Дәурен Абаев осы жылдың мамыр айын­да өткен Ұлттық комиссия жұмыс тобының отырысында үкі­меттік емес ұйымдар тарапы­нан өз өкілдерінің ақпаратқа қол­жетімділік мәселелері жөніндегі комиссияның құрамына кіруі туралы ұсыныс болғанын жеткізді.

– Біз биылғы қыркүйек айының соңында ақпаратқа қол­жетімділік мәселелері жөніндегі комиссияның жаңа құрамын бекіттік. Оның құрамына атал­ған ұйымдардың өкілдері кірді. Біз комиссия құрудағы бұл жұ­мыс­тардың созылып кеткендігін түсінеміз. Бірақ, ол Ақпарат және ком­муникациялар министрлігін құруға байланысты бірқатар ресім­дік мәселелерді шешуге байланысты болды. Қазіргі уақытта барлығы шешімін тапты. Аталған комиссияның бірінші отырысы 15 қарашаға белгіленіп отыр, – деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, спикер заң нормаларын халыққа түсіндіру мақ­сатында тиісті шаралар атқа­рылып келе жатқанын атап өтті.

– Халықаралық ұйымдардың еліміздегі өкілдіктері бірлесіп Қазақстан өңірлерінде семинарлар өткізілуде. Оған мемлекеттік қызметшілер, жергілікті өзін өзі басқару органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсене қатысуда. Бүгінге дейін Шымкент, Петропавл, Қарағанды, Көкшетау, Алматы, Ақтау және Орал қалаларында семинарлар ұйымдастырылды, – деді министр.

Сонымен қатар, спикер бұл семинарлардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, халық ақпаратты қалай алу, қалай пайдалану керектігін білуі тиіс.

Бұған қоса, Дәурен Абаев орта­лық және жергілікті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына заңға сәйкес мониторинг жүргізіліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол үстіміздегі жылғы қазан айында жүргізілген соңғы мониторинг нәтижесінде орталық мемлекеттік органдардың ара­сынан – Энергетика министр­лігі, Әділет министрлігі, Инвес­тициялар және даму министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігі сайттары, ал жергілікті органдардың іші­нен Шығыс Қазақстан, Оңтүс­тік Қазақстан, Алматы облыс­тарының сайттары анағұрлым жақсы деңгейде екенін көрсетіп бергенін айтты.

Министрдің сөзі­не қарағанда, биылғы сәуірде жүр­гі­зілген бірінші мониторинг нәти­же­лерімен салыстырғанда, мемле­кеттік органдардың интернет-ресурстарының жұмыстарында ілгерілеушілік байқалған.

Одан әрі министр интернет желілеріне талқылауға шыға­рылған заң жобалары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерге ел тұрғындарының пікір білдіруі төмен деңгейде екеніне назар аударды.

– Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ашық Үкімет» интернет-порталын техни­калық жағынан қамтамасыз ету және оның жұмысын жолға қою бағытында кең ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда «Ашық нормативтік-құқық­тық актілер» интернет-порта­лында орналастырған норма­тивтік-құқықтық актілер, оның ішінде заң жобалары мен мемле­кеттік қызметтер стандарттары саны 4 мыңнан асады. Оларға қатысты 120-дан астам ғана пікір білдірілген, – деді министр.

Осыған орай Дәурен Абаев 4 мыңнан астам жобаға небәрі 120 ғана пі­кірдің жазылуы тым аздық ете­тіндігін жеткізді.

– Қазір біз ұсынып отырған ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша заң жобасына небәрі 9 ғана пікір жазылған. Мұның себептерін қарастыратын боламыз, – деді министр. Сондай-ақ, Дәурен Абаев биылғы 9 айдың қоры­тын­дысында бюджеттік бағдарла­малардың әкімшілері «Ашық бюд­жет» порталына 3 867 бюджет­тік бағдарламалар жобасын ор­на­ластырғанын, оның ішінде бүгін­гі күні 365 жоба әжептәуір тал­қылану үстінде екенін жеткізді.

Сонымен бірге, министр биыл­ғы жылдың соңына дейін Қазақ­станда «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» порталы іске қосылатынын айтты.

– Жыл соңына дейін «Ашық Үкімет» жобасын іске асыру аясында «Мемлекеттік органдар қыз­метінің тиімділігін бағалау» порталы іске қосылатын болады, онда мемлекеттік органдардың қыз­метін бағалау қорытындылары туралы ақпарат, аумақтардың стра­те­гиялық жоспарлары орналастырылады. Сондай-ақ, біз мем­лекеттік органдардың қызметін көпшілікпен талқылауды да жос­парлап отырмыз, – деді ол.

Сондай-ақ, министр 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап мемле­кеттік органдардың алқа және ашық отырыстарының онлайн-көрсетілімін міндетті өткізу туралы заң талабы күшіне енетінін мәлімдеді.

– Үкімет отырыстары интернет желісі арқылы тікелей эфирде көрсетіліп жүргенін білесіздер. Біз басқа да мемлекеттік орган­дар­дың тікелей эфирге шығуға дайындығы туралы ақпарат жинап әрі осы бағыттағы түсіндіру жұмы­сын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстың нәтижелері ақпа­ратқа қол жеткізу мәселелері жө­ніндегі комиссия отырысында ұсынылады, – деді спикер.

Бұдан кейін «Ұлттық ақпарат­тық технологиялар» АҚ-тың басқарма төрағасы Абай Дүйсенов «Ашық үкімет интернет-портал­дарының дамуы туралы», Еу­разиялық ықпалдастық инсти­туты директорының орынбасары Ләззат Түсіпова «Ақпаратқа қол­жетімділік заңнамасы мони­то­рингінің нәтижесі туралы», Орталық Азия бойынша Коммер­циялық емес құқықтық халық­аралық орталығы құқықтық ортаны жетілдіру бағдарламасының басшысы Гүлмира Кужукеева «Ақпаратқа қолжетімділік тура­лы» Заңның қабылдануына бір жыл: мәселелер, үрдістер, ұсы­нымдар», «Қазақстан-2050» жал­пыұлттық қозғалысының мүшесі, «Ашық Үкімет» бағыты­ның басшысы Ерсайын Оспанов «Ақ­параттық жүйеге қол жет­кі­зуді одан әрі жетілдіру» тақы­рыптарында сөз сөйледі. Олардың сөздеріне қарағанда, халыққа ақпараттың қолжетімді болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, дегенмен, бұл бағытта әлі де болса көптеген шаралар қолға алынуы тиіс.

Жиын соңына қарай отырыс­та қаралған негізгі тақырып төңірегінде пікір алмасулар болды. Қатысушылар қарапайым жұртшылықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. Олардың тарапынан бірқатар сыни ескертпелер де айтылды. Бұл ескертпелер алдағы уақытта қаперге алынатын болды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз