1-шілдеде іске кірісуі тиіс әлеуметтік медициналық міндетті сақтандыруға қатысты қоғам белсендісі мен министр өзара сөзге келіп, бір-бірін „жекпе-жекке„ шақырды.
Қоғам белсендісі, қаржыгер-маман Рақым Ошақбаев 1-шілдеде жұмысқа кірісуі тиіс медициналық міндетті сақтандыруды сынға алып, ол реформаның әлі шикі екенін алға тартуда оны жүзеге асыру мерзімін уақытша тоқтата тұру керек деп салған. Ошақбаевтың пікірі әлеуметтік желіде жарияланып, талқылана бастағанына бір күн өтпей оған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап қатты. Тіпті, өзекті мәселені көтеруші – Рақым Ошақбаевты ашық талқы айқасына шақырды.
“Құрметті Рақым, сіздің медициналық сақтандыруға қатысты жазған соңғы жазбаңызды қызығушылықпен оқып шықтым. Сізді түсінемін, бірақ келісе алмаймын.
Одан да барлық көтерілген сұрақтарды БАҚ ұсынған ашық алаңқайда тікелей эфирде талқылайық. Пікірталасты ұйымдастыру үшін телеарналардан ұсыныс күтемін.
Эфир уақытын 2017 жылдың 12-шілдесіне белгілегім келеді”, – деп жазады министр Facebook-тегі жеке парақшасында.
Бұған Ошақбаев та іле-шала жауап қайтарды.
“Құрметті Елжан Амантайұлы, Сіздің ұсыныңызды қуана қабыл аламын. Өкінішке қарай, 12-шілдеде еңбек демалысына аттанамын, сол себепті 17-шілдеден бастап бос екенімді айтқым келеді. Сонымен қатар, алдымен бір ай бұрын „Хабар„ арнасының эфирінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Елена Бахмутова, сіздің вице-министріңіз Алексей Цойдың қатысуымен болған біздің эфирдің толық нұсқасын жариялауды сұраймын.
Бұл ток-шоуды Мая Бекбаева өте кәсіби түрде жүргізіп, ол 15 маусым күні эфирге шыққан болатын. Алайда ол бағдарламаны тым қатты өңдеп, сіздің қызметкерлеріңізбен жасаған қып-қызыл даудың біразын кесіп тастапты.
Осы бағдарламаның толық жазбасын алып беруге, мүмкін, министр Дәурен Абаев қол ұшын беретін шығар? Сіздің және телеарна басшылығының келісімінсіз мұны істеу мүмкін емес. Егер денсаулық сақтау министрі шынында да “ашық айқасқа” дайын болса, онда бағдарламаның толық нұсқасын ел-жұртқа неге жария етпеске” – деп жазады Ошақбаев.
https://kaz.365info.kz/auruhana-khyzmetinin-sapasy-syn-kotermejdi-endi-halykhkha-zharna-tole-degeni-khaj-saskhany-256583
Қаржыгер маман Үкіметтің бұл реформасы жүзеге асыруға әлі дайын еместігін айтқан еді алдында.
“Қорды басқарудағы қателіктер сақтандыру үдерісі басталмай тұрып, көріне бастауы ықтимал. Себебі медициналық сақтандыруға байланысты онлайн және оффлайн ақпараттық жүйе дайындалмаған. Сондай-ақ, әрбір емделуші азаматқа жұмсалатын қаржының көлемін есептеу үшін оның электронды паспортын жасау керек. Одан бөлек, ел азаматының тұрғылықты мекен жайынан бөлек, өзге емханаларда емделу мүмкіндігі жайлы соңғы шешім жарияланбады. Демек, ел азаматы тіркелмеген жерде медициналық қызметке ие бола алмауы мүмкін. Содан кейін, ерікті түрде медициналық сақтандыруды таңдау мәселесі де әзірге қаралмады”, – дей келе, әлеуметтік медициналық міндетті сақтандыруға қатысты 5 сауалды алға тартады.