Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
16
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Мен орыс тілінсіз-ақ адам боламын

Қызы араға апта салып, анасына келіп-кетіп тұрады. Ал, ұлы қарасын көрсетпейді. Алайда, анасы оның бала кезіндегі қылықтарын маған жиі айтатын. Арагідік студент кезіндегі әрекеттерін де сөз етуші еді. Көңілінен оған деген кірбің әсте байқалған жоқ. Ал, менің көкейімді «Егер, тәрбие көрген ұл болса, туған анасының хал-жағдайын неге сұрап келмейді?» деген сұрақ тесті. Мұны әжейдің өзінен білуге бірнеше рет ниеттенгенмін. Бірақ, қу перзенті туралы әңгімелегенде көңілі көктем қызғалдағындай құлпырып кететін жайдары кейпі мені кері тартып тұрды.

Емтиханға дайындалып жүргеніме екі айға таяп қалған. Бір күні кітап парақтаудан көзім әбден талса керек, кеш түсе салысымен қалың ұйқыға кеттім. Түн ортасында құлағымнан маза кетіп, көзімді еміс-еміс ашқаным сол еді, тас төбемде ірі денелі бір кісінің бейнесі көрінді. Мұны «түсім шығар» деп ойладым да, көзімді қайта жұмдым. Ізін ала құлағыма қарқ-қарқ күлген дауыс шалынды. Ұйқым шайдай ашылды. Керуерттен өре түрегелдім де, қараңғы бөлменің шамын жағуға талпындым. Жарыққа қол жеткізіп, кері бұрылсам, денесі менен екі есе үлкен орыс жігіті жан-жағына жәутең-жәутең қарап тұр. Қолында – балалар ойнайтын мәшине. Ал, еденде ойыншықтың басқа да түрлері жатыр. Секем алғандығымнан болса керек, «Сен кімсің?» деген сөз аузымнан тым қатты шықты. Бастапқыда, көрші бөлмедегі әжейді ояту ойымда болған.

Алайда, ол кісі менің қатқыл дауысымды естіп, лезде қасымнан табылды. Ә, дегеннен маған мән-жайды түсіндірген жоқ. Тосыннан қара көрсеткен әлгі жігіттің қасына барды да, оны жас балаша еркелетуге көшті. Өз көзіме өзім сенбеймін. Түріне қарасам – қырық жасқа таяп қалған жігіт. Қылығына қарасам – 4-5 жастағы ойын баласы. Анасының алақаны денесіне тиген бойда шат-шадыман күй кешіп, тіпті өзгеріп сала берді. Сәлден соң едендегі ойыншықтармен ойнай бастады. Осы сәтте әжей маған бұл жігіттің өз перзенті екендігін айтты. Миында психикалық ауытқу бар екен. Ресейге жоғары оқу орнына түскенге дейін он екі мүшесі сау болған. Ал, студент атанып, жатақханада тұрып жатқан кезінде жергілікті жігіттер соққыға жығыпты. Соның салдарынан миы зақымданған. Өмір бойы ем-дом қабылдауға мәжбүр. Кейде, бала болып, ермегі ойыншық болса, енді бірде өз-өзін жұлқылап, жындының кейпіне енеді. Сондықтан оның көп уақыты аурухана палатасында өтеді. Бұл жағдай көптен бері көкейімді тескен сұраққа жауап бергендей болды.

Әжейдің аянышты тағдыры менің оған деген балалық мейірімімді арттырмаса, кеміткен жоқ. Үйдегі жұмыстарына қолғабыс жасап жүрдім. Күн сайын дүкенге барып, қажетті азық-түлігін әкеліп беретінмін. Қас-қабағын бағып, көңіліне қаяу түсірмеуге мейлінше тырыстым. Қысқасы, қыңырлық мінез танытқан жоқпын. Үйіне қандай қонақ келсе де, мені оларға мақтап, алғысын айтып отырды.

Несін жасырайын, орыс тілін онша білмегендіктен әжеймен емен-жарқын әңгіме-дүкен құра алмай жүрдім. Кейде, тіпті өз ойымды жеткізе алмай, қатты қиналатын сәттерім аз болған жоқ. Осындай кездерде әжейдің қабағы қатуланып кететін еді. Бірде осындай жағдай тағы бір рет қайталанды. Мен көкейдегі ойымды орысша жеткізбек болып, қос қолымды әрі-бері қозғап, ит-әлек болып тұрғанымда ол кісі «тоқтат» деп өктем тіл қатты да, артынша «Қазақты адам қылған – орыс тілі. Егер, біздің тіліміз болмағанда қазақ әлі күнге мал болып жүретін еді. Сен орыс тілін білуге міндеттісің. Оны үйренбесең, мына қалада саған орын жоқ» деп жүрегімді осып жіберерліктей сөзін айтты. Сол мезет көзімнен жас шықты. Тұла-бойым ызаға булықты. Қос көзімді әжейге қадап тұрдым да «Мен орыс тілінсіз-ақ адам боламын» деп айттым да, ізін ала пәтердегі бүкіл дүниемді жинап, есікті сыртынан жауып кеттім. Аялдамаға жеткенге дейін орыс әжей қыр соңымнан қалған жоқ. Кешірім сұрап, менің кері қайтуымды өтінді. Алайда, оның аузынан шыққан әлгі ауыр сөз жүрегімді жібіткен жоқ.

Бұдан кейін екі күн бойы темір жол вокзалында болдым. Ал, үшінші күні кездейсоқ жолыққан бір қазақ кісі менің жағдайыма қаныққан соң, үйіне алып кетті. Институтқа оқуға түскенге дейін сол кісінің пәтерінде тегін тұрдым.

Шынымды айтайын, «бір аяғы жерде, ал екінші аяғы көрде тұрған» әжеден әлгіндей сөзді естимін деп әсте ойлаған жоқпын. Менің жеке өзімді табаласа мейлі ғой, бүкіл қазақты қаралауы жаныма қатты батты. Осы күнге дейін ойымнан кетпей жүруі де сондықтан.

Қазір Құдайға шүкір, ел қатарлы тіршілік етіп жатырмыз. Нәресте кезден нәр алған ана тіліміздің арқасында адамға қажет қасиеттерді бойға сіңіріп келеміз. Жасымыз қырықтың қырқасынан асты. Бала-шағамызды да қара шаңырақта тек қазақ тілінде тәрбиелеудеміз. Үрім-бұтағымыз да осы үрдісті ұстануын Құдайдан тілер едім.

 

Ерлібай Өзбекбайұлы

Фейсбуктегі парақшасынан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз