Нұр-Сұлтан
Қазір
-12
Ертең
-8
USD
524
0.00
EUR
545
0.00
RUB
5.11
0.00

Мемлекет жанармай бағасын ұстап тұруы қажет – экономист

Олег Егоров, фото Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды

Мәжілісмен Альберт Рау үкіметтен жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

“Жанар-жағармай нарығындағы баға келісімі мен картельдік келісімдерге қатысты тергеу жүргізу, сондай-ақ жанармай бағасын реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеу және енгізу қажет”, – деп мәлімдеді ол.

Депутат атап өткендей, жыл басынан бері АИ-92 құны Алматыда литріне 150 теңгеден 168 теңгеге дейін, Нұр-Сұлтанда – 170 теңгеге дейін, Ақтауда – 172 теңгеге дейін, Атырауда – 200 теңгеге дейін өсті.

“Айтуларынша, бұл жолы Атыраудағы мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық қондырғылардың апатты жағдайда тоқтауының салдары себепкер болған, бұл бензиннің биржалық бағасының өсуіне әкелген. Біз әрқашан да “объективті себептерін” табуға болатынына күмәніміз жоқ. Бірақ, біздің ойымызша, одан қарапайым автокөлік иелері зардап шекпеуі керек.

Сонымен қатар, бензин бағасының өсуі тарифтердің, тауарлар мен қызметтердің кеңейтілген желісінің соңғы бағасына мультипликативті әсер етеді,

бұдан қарапайым тұтынушылар тағы да зардап шегеді”, – деді Рау.

Сөз байласу әрқашан да болады

Экономика ғылымдарының докторы, ҚР БҒМ Экономика институтының профессоры Олег Егоров жанар-жағармай бағасы өсуінің депутат атап өткендерінен басқа тағы бір себебін – саладағы делдалдардың рөлін атады.

– Энергетика министрлігі бағаның өсуін депутаттар айтқандай нарық қатысушылары арасындағы сөз байласумен емес, Атырау МӨЗ-інде апатпен байланыстырады. Ал сіз қалай ойлайсыз?

– Депутаттың айтып отырғаны, бірінші рет емес. Бұрын да МӨЗ мен ЖМҚС арасындағы сөз байласу болғаны рас. Бұл әрдайым мемлекет қайда қарап отыр деген наразылық тудыратын. Мемлекет неге бақылауға алып реттемейді? Себебі мемлекет жанармай бағасына еркіндік берді. Бірақ бұл кез-келген маркалы бензин және дизель отынымен баға тұрғысынан алғанда ойға келген нәрсені істеуге болады дегенді білдірмейді.

Сондықтан, халықаралық нарықтардағы мұнай бағасы туралы, ол бағаның теңгеге әсері туралы айтылған сөздер, бұл сылтау. Мұнда таза экономика жатыр

Ал бұл не? Мұнай өндірдің — оның құнын есепте, өндіруші кәсіпорынның шығындары мен пайдасы қандай? Мұнайды тасымалдауға арналған көлік дәлізінде де тура осындай. Қайта өңдеуде де сол. Әрине, Шымкент, Павлодар және Атырау МӨЗ-дерінде мұнай өңдеу түрлі себептерге байланысты әр түрлі болады. Дегенмен, үрдісті бақылау қажет. Сол үшін монополияға қарсы қызмет енгізілді.

Сонда, ешқандай бақылау жоқ болып тұрғаны ғой. Мен 92-ші бензинді сатып аламын, бірақ ол 92-ші емес, тетраэтил-қорғасын қосылған 80-ші болып шыға ма

Сөз байласу әрқашан да болады. Жанармай құю станцияларының пайдасы нөл немесе олар шығынға жұмыс істейді деп жиі айтады. Бірақ бұл, шындығын айтқанда, өтірік. Әйтпесе, біз жанармай құю бекеттерінің жетіспеушілігін байқайтын едік.

Сондықтан кеше, бүгін және ертең мемлекеттің ең басты функциясы — бақылау. Шынында да, мұндай жағдайда тұтынушы жанармайдың не үшін төрттен бірге қымбаттағанын және оған кім кінәлі екенін білуге құқылы емес пе?

Стратегиялық салалар

– Мәжілісмен Рау да Энергетика министрлігінің ұстанымы әлсіз және жанармай бағасының өсуін назарда ұстаудың нақты стратегиясы жоқ екенін атап өтті. Бірақ сіз жанар-жағармайдың бағасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті тауарлардың бағасы тәуелді екенін түсінесіз ғой?

– Келісемін. Сондықтан түсініксіз әрекеттер емес, қатаң бақылау болуы қажет. Бізге болып жатқан жағдай уақытша құбылыс екенін, баға болмашы ғана өскенін, және ұзаққа созылмайтынын түсіндірудің қажеті жоқ. 92-ші бензиннің 152-ден 180 теңгеге дейін өсуі – болмашы өсу ме?

— Министрлік ЖЖМ бағасын реттеуден жалтарғаны, олардың пайдаланған дәлелдері көңіліңізге қонды ма? Мемлекеттік тұрғыдан реттеуге қайта оралу керек пе?

— Менің ойымша,

электр энергетикасы, мұнай, әскери, дәрі-дәрмек өндірісі және басқа да салалар стратегиялық сала болып табылады және мемлекет тарапынан міндетті түрде бақылап отыру қажет

Тұрақты мониторинг жүргізу керек. Бағаны реттеуден бас тартқан кезде, көптеген “саналы” адамдар Қазақстанның дұрыс істегенін, нарықтық қатынастарға икемделіп, ЖЖМ бағасын нарыққа еркіндікке жібергенін айтты.

Қайдағы нарықтық экономика? Біздің экономикамыз – жабайы экономика. Біз нарықта біреудің Қазақстанды мақтағанын қаламадық дегендей.

Делдалдар өз үлестерін алады

– Сіздің ойыңызша, қазір бағаны тұрақтандыру үшін министрлік бірінші кезекте не істеуі керек?

– Бағаның қандай себеппен көтерілгенін тексеру. Болашақта мұндай әрекеттерге қарсы шаралар қолдану және тыйым салу. Тағы бір маңызды жағдай.

Дайын ЖЖМ құйылған ұңғымадан мұнай базасына дейінгі жолда мұнай өңдеу саласына ешқандай қатысы жоқ көптеген делдалдар” жұмыс істейді”. Олардың көлігі де, шикізат ресурстары да жоқ. Бұл тек қағаз жүзінде жұмыс істейтін кеңселер. Осы қағаздарға иелік ету арқылы олар мұнайдан түсетін пайдадағы өз үлестерін алады.

Мұнай ұңғымадан жанар-жағармайдың соңғы тұтынушысына дейін жеткізілетін жолдағы әр нүктеден өткен сайын қымбаттап, бізге аса қымбат бағамен жетеді

Неліктен тікелей “ұңғыма–МӨЗ–жанармай құю бекеті” байланысын орнатпасқа? Бұл әлдеқайда оңай болар еді. Кез-келген экономика шығындарды азайтуға негізделген. Біздің қазақстандық экономикадан басқа

Бізде кез-келген салада делдалдар тобы өріп жүр. Олардың үлесі тауарлардың түпкілікті бағасының үштен бір бөлігін, кейде тіпті жартысын құрайды. Мұндай пайдасыз тәжірибе ауыл шаруашылығында, жанар-жағармай нарығында және әлеуметтік маңызы бар басқа да өндірістік салаларда қалыптасқан. Биліктің күші мен саяси ерік-жігері тереңдей енген осы делдалдар жігін жоюға жете ме, жоқ па, білмеймін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз