Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-7
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Мектепке арналған отандық сапалы оқулықтар қашан шығады?

156
Дереккөзі: bg.ru

Сенаторлар тобы премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал жолдады. Олардың айтуынша мектеп оқулықтарының да, басқа оқу бағдарламаларының да сапасы сын көтермейді. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап қоғамда оқулықтарға деген наразылық артты. Мектепте білім берудің жаңа форматына асығыс көшу жағымсыз салдарға әкелді.

Асықтық, күлкіге қалдық

Авторлардың пікірінше, оқулықтардың сапасының төмендігі —  айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚСҰК отырыстарының бірінде айтқан болатын. Оның бірқатар себебі бар.

— Оқулықтарды дайындау мен басып шығару өте күрделі процесс. 1996 жылы нысаналы бағдарлама қабылданғаннан кейін ғана отандық оқулықтар (Қазақстан тарихынан, қазақ тілі мен әдебиетінен басқа) әзірлене бастады. Ы.Алтынсарин атындағы ҚББА жоғары оқу орындарының ғалымдарын тартып, оқулық әзірлеуді қолға алды. Тәжірибенің болмауы, білім беру мақсаттары мен әдістерінің өзгеруін ескермей, кеңестік кезеңнің ескірген ғылыми-әдістемелік құралдарын қолдану көңіл көншітпейтін нәтижелерге әкелді. Кейіннен әзірлеме бәсекелестік ортаға, баспаларға берілді, — дейді қол қоюшылар.

Әзірлеушілер 2002 жылы қабылданған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары (МЖМБС) мен бағдарламаларын негізге алуы керек болды. 2010  жылы оған қайта өзгеріс енгізілді.

2012 жылы 12 жылдық оқытуға біртіндеп көшуді ескеріп, бағдарламалар мен стандарттар қайтадан өзгертілді.

2016 жылдан бастап отандық оқулықтарға қатысты өткір сын айтыла бастады. Сауалнама авторларының айтуынша, бұған

ешқандай апробациясыз Кембридж моделіне негізделген жаңа форматқа көшуі себеп болды

Бұл асығыстық теріс нәтижелерге әкелді.

Тез арада реформа жасап, құрастыра салды

— Оқулықтар асығыс жазылды, жыл сайын 3-сыныпқа енгізіліп отырды, бағдарламалар талқыланбады, авторлар мен сарапшылардың тиісті дайындығы мен тәжірибесі болмады. Сонымен қатар, пәндердің оқу бағдарламалары белгіленген модельден түбегейлі ерекшеленді. Нәтижесінде оқулықтардың құрылымы мен мазмұны өзгеріске ұшырады. Бүгін біз оның салдарын көріп отырмыз, — дейді қол қоюшылар.

Оқулықтардағы түрлі грамматикалық және мағыналық қателіктерден басқа, депутаттар жүйелі кемшіліктерді де атап өтті. Оған оқулық құрастыруда негізге алатын, стандарттар мен бағдарламалардың

бірнеше рет өзгертілуі де әсер етті

«Реформалау» кезінде алдын-ала зерттеулер жүргізілмеген. Сонымен қатар, олар оқу пәндерінің өздері мен салалары туралы түсінік қалыптастырған жоқ. Мектеп пәндерін тым тез «қайта форматтап», тіпті жаңаларын да енгізді. Алайда оларды да  апробациядан дұрыстап өткізген жоқ.

«Бағдарлама жасауда оқулық әзірлеушілердің ақыл-кеңесі ескерілмеді» дейді депутаттар.

— Көптеген мектеп пәнінің құрылымы мен мазмұны әдіснамалық жүйелілігін, тұтастығын, пәнаралық және деңгейаралық сабақтастығын жоғалтты,

оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін оқу материалдарымен толықтырылды,

— дейді депутаттар.

Сонымен қатар, оқулықтар әзірленгеннен кейін барлық дерлік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіле бастады.

Тек бастауыш білім беруде оларға үш рет өзгеріс енгізілді

Жалақысы төмен болса, қандай сапаны күтуге болады

Бағдарламадағы да, оқушыларды да әзірлеудегі жүйелік кемшіліктерге

оқу бағдарламаларын дайындайтындардың жалақысы мен дәрежесінің (ғылыми дәрежесінің) төмендігі себеп дейді

Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясындағы бас ғылыми қызметкерінің жалақысы – 119 526 теңге, жетекші ғылыми қызметкер – 106 678 теңге, аға ғылыми қызметкер – 95 192 теңге және ғылыми қызметкер – 81 955 теңге.

— Осындай жалақы төлеп,  сапасының жоғарылығын талап етуге бола ма? Бұл біздің еліміздегі орташа жалақыдан екі есе төмен, —деп жазады сенаторлар.

Оқулықтарды жазуға жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылар мен мектеп әдіскерлері жұмылдырады. Бұл әрекет  уақытты және үлкен күш-жігерді қажет етеді. Сонымен қатар, негізгі жұмысын қатар алып жүруге мәжбүр, себебі шығармашылық демалыс қарастырылмаған.

— Реформаларды, модельдерді, әдістемелерді жедел енгізу, жергілікті жерлердегі істердің нақты жағдайын елемеу, жан-жақты мониторинг пен мұқият талдаудың болмауы жаңа қарама-қайшылықтарға алып келеді. Ал білім беру саласы қандай да бір түрде елдің әрбір азаматына әсер ететіндіктен, үлкен резонанс туындайды. Бұған бүгінде қоғам арасында айтылып жүрген сын пікірлер дәлел бола алады, — деп есептейді сенаторлар.

Сауал авторлары Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын (МЖМБС), үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын бекітуді ұсынды.

— Авторлық ұжымдарды құруға, оқулықтар жазуға, оларды апробациялауға және сараптауға кем дегенде үш жыл уақыт кетеді. Тек осы жағдайда біз сапалы нәтижеге қол жеткіземіз, — деп түйіндеді олар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз