Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласына қатысты пікір білдірді.
“Мемлекет басшысы жариялаған мақаланың тарихи маңызы сонда ол – саяси реформа және экономикалық модернизация бағдарламасын рухани тұрғыдан. толықтырады. Бұл мақалада Қазақстан қоғамы мен әрбір қазақстандықтың мақсат-мүддесі қамтылған” – деді өз сөзінде Мәжіліс төрағасы.
“Жоғары білімді әрі рухани бай адамдар ғана заманның жаңа талаптарына дер кезінде жауап қатып, дұрыс шешім қабылдай алады. Бұл мақалада қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық бағыттағы маңызды жобаларға қатысты қабылданар нақты қадамдар көрсетілген. Бұлардың әрбіріне үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз”, – деді ол бұл ретте.
Нығматулин өз сөзінде аталған мақалада атап көрсетілген мақсат-міндеттер елді дамудың жаңа белесіне шығаратынын тілге тиек етті.
Айта кетсек, бүгін “Егемен Қазақстан” газетінде Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада президент Қазақстан мәдениетін жаһанға танытудың жаңа әдістерін ойлап табуды тиісті орындарға қадап тапсырды.